Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:43, 19 Маусым 2024

Жарға жыққан жат ағым. Қағаздан құнсыз өмір, ашуға толы өмір

Атырау
Фото: Ашық дереккөз

5 маусым күні Атырауда аса қатыгез қылмыс болды. Бір жігіт ондаған адамның көзінше жасы алпысты алқымдаған үлкен кісіні аяусыз ұрып-соққан. Жәбірленуші бес күннен кейін ауруханада есін жимастан көз жұмды.

Бұл оқиғаны Қазақстан жұрты әлеуметтік желіде тараған видеодан көрді. Көпшілік жуан жұдырық жігіттің қатыгез қылмысына ғана емес, қарап тұрған бірнеше адамның немқұрайлы әрекетіне де наразы болып отыр.

Көшедегі бейнебақылау камерасына түскен видеоға қараудың өзі ауыр. Онда екі адамның жанжалдасып жатқаны көрінеді, бірақ біреуі ешқандай қарсылық танытпай, шегіншектеп жүр де, екіншісі кеуделеп, әр қадам сайын жұдырық жұмсайды (Демек, мұны екі адамның жанжалы дегеннен гөрі, бір адамның зорекерлігі деген жөн шығар).

Ең соңғы соққы қатты тигені сонша, жәбірленуші жерге құлап түсіп, орнынан тұра алмай қалады. Зорекер сонда да қанағат етпей, құлап жатқан адамды қолынан сүйреп, бір шетке лақтыра салады. Осы сәтте оған әлдекім көмектесіп, жәбірленушіні бірге сүйрегені байқалады.

Кейін қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталды. Жанжалға 56 жастағы Амандық Сағынғалиевтің «Газель» көлігімен Мұхтар Ахмедов есімді күдіктінің ескі «Мерседесін» сызып кетуі себеп болған. Аса агрессивті Ахмедов мәселені диалог арқылы шешуге тырыспай, бірден жұдырыққа жүгінген. Марқұмның бірде-бір қарсы соққы жасамағаны да оның ашуын ауыздықтай алмапты.

Ол тіпті арада біраз уақыт өтіп, марқұмды жедел жәрдем көлігіне салып жатқан кезде де «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып», былапыт сөз айтып жүрген. Бұл да күдіктінің шектен шыққан ашушаң, жан дүниесі агрессияға толы адам екенін білдірсе керек.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев істі жеке бақылауына алғанын хабарлады. Біз облыстық ПД баспасөз қызметіне хабарласып, бұдан өзге ақпарат ала алмадық.

«Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Күдікті бұған дейін бұзақылық бабы бойынша сотты болған. Ал әлеуметтік желідегі тараған күдікті діни радикал топ өкілі болуы мүмкін деген ақпаратты растай алмаймыз. Бізде ондай тізім де жоқ», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атырау

Оқыс оқиға қазақ қоғамында қордаланып қалған бірнеше сұрақты су бетіне қайта шығарды. Қазақстанда адам өмірі неге қағаздан да құнсыз болып кетті? Елде діни ахуал ушығып бара ма? Оқиғаны бастан-аяқ бақылап тұрған адамдар үлкен кісіге неге ара түспеді? Көпшілік осы мәселелерді талқылап жатыр. Біз де соларға жеке-жеке тоқталып көрейік.

Кісі қолынан көз жұматындар көбейіп кетті

ҚР Конституциясының алғашқы бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деп жазылған. Бірақ шынайы жағдайға қарап, бұл баптың сақталатынына сену қиын. Тапа-тал түсте алтыннан қымбат адам өмірін қия салатындар көбейді.

Алысқа бармай, кейінгі бір ай көлеміндегі ақпаратты шолып шықтық. 23 мамырда Ақтауда жолаушы такси жүргізушісін өлтіріп тастаған; осыдан 3 күннен кейін Ақтөбеде эндокринолог қыз белгісіз адамның қолынан көз жұмған; 15 маусымда Ақтөбеде көлігін сатқалы автобазарға кеткен әйел өлі табылған; 31 мамырда Талғар өзенінен әйел адамның мәйіті табылды; 17 маусым Алматыда полицейлер көше бойынан жас әйелдің мүрдесін тапты.

Міне, адам өмірі бәрінен қымбат тұратын елде болып жатқан оқиғалар. Бұл ақпарат құралдарына шыққан, біз байқаған бірнеше іс қана, бір айдағы қанды қылмыс бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева былтыр 10 айда кісі қолынан 400-ге жуық адам мерт болғанын айтқан. Осы деректің өзі құқық қорғау органдары азаматтардың бас амандығына кепілдік бере алмай отырғанын көрсетеді.

Жат ағым жарға жықпай ма?

Әлеуметтік желіде Сағынғалиевті ұрып өлтірген Ахмедов діни теріс ағым өкілі деген ақпарат тарап жатыр. Мұны ресми органдар растаған жоқ, бірақ БАҚ-та тараған суретіне қарасақ, оның сырт бейнесі соған меңзейтін сияқты.

2022 жылы Оралда кәсіпкерді пышақтап өлтіргені үшін 15 жылға сотталған екі азамат та жат ағымның жетегінде екені айтылған. Оның бірінің аса ұзын қаба сақалы мен екі әйелі бар екені бұл күдікті күшейткен. Жұрт осы оқиғаларға қарап, елде діни ахуал қиындап кетті деп санайды. Көпшілік деструктивті діни ағымға кірген адам қоғамға қауіп төндіретінін айтады. Өйткені олар өзінен басқаның бәрін теріс жолда жүр деп санайды, агрессияға бейім болады.

Біз сөйлескен Атырау тұрғыны Ахмедов бұл әрекетімен өзіне ұқсамайтын адамдарға деген қарсылығын көрсетті деп санайды. «Дін атын жамылған, жүрегінде иманы, отбасы алдында жауапкершілігі жоқ дүмшелер көбейіп кетті. Олар өздерінен басқасының бәрін «кәпір», теріс жолда жүргендер деп есептейді. Жасы алпысқа таяған ағаны аяусыз ұрып-соғудың астарында ол кісінің қауға сақал қойған өзі сияқты «дүмше» болмағанына деген қарсыластық жатыр деп ойлаймын» дейді тұрғын.

Атырау облысы «Иманғали» орталық мешітінің наиб-имамы Мұрат Мұстафаев өңірдегі діни ахуал жайлы айтып берді.

«Атырауда жат ағымға еріп кеткен жамағат көп. Олардың топтасып жүретіні де рас. Өйткені салыстырмалы түрде айтқанда олар қарапайым адамдардан аз, сондықтан ұйымшыл келеді. Сол үшін көпшілік олармен байланысудан аяқ тартуы мүмкін. Біздің қалада мұндай топ аз емес екенін айттық, бірақ мешітте имамға қарсы келмейді. Бірақ олардан қауіп жоқ деп те айта алмаймын, жамағаттар арасында ауызбіршілік жоқ екенін ескерсек, біреулер ортаға от салып жіберсе, қауіп туындауы да мүмкін.

Атыраудағы оқиғаны көрдім. Көріп тұрған адамдардың ажыратпағаны мені де таңғалдырды. Неге олай болғанын айта алмаймын, әлсізге ара түскеннің орнына бәрі қарап тұрғаны дұрыс болмады. Әрине, көпшілік айтып жатқандай күдіктіден жасқанған болуы да мүмкін», – деді имам.

2021 жылы Ауғанстан билігін тәліптер бақылауға алды. Содан бері оңтүстіктегі көршілеріміз өз еліндегі діни ахуалдан алаңдап, тәртіпті күшейтті. Өйткені тәліптер көп елде террорлық ұйымдар тізімінде тұрған. Мысалы, Тәжікстан қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салды. Ал Өзбекстан имам-молдалардың әлеуметтік желідегі сөзін бақылауға алды. Ресей де бетті жауып тұратын киім киюге шектеу қойды.

Былтыр бір топ мәжіліс депутаты діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынған. Олар қоғамның көп саласына жат ағым дендеп кіріп алғанын айтып, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін оларға тектеу салу керек деп санайды. Сондай-ақ жақында депутат Ермұрат Бапи күзгі сессияда мәжілісмендер қоғамдық ортада діни киім киюге тыйым салатын заң жобасын қарайтынын айтты.

Сағынғалиевке неге ешкім көмектеспеді?

Ашушаң азамат үлкен кісіні қуып жүріп сабағанын көріп тұрған жігіттер неге ара түспегені түсініксіз. Жұрт оларды адам өлтірген күдіктімен қоса қатты сынға алып жатыр. Куәгерлер дер кезінде ажыратып алғанда, кісі өлімі болмауы мүмкін еді. Көпшілік қайырымсыз қоғамның қалыптасқанына қапалы. Қазір көп адам «бәледен аулақ» деген ұстанымға көшіп алған, тіпті біреу суға батып бара жатса, құтқаруға емес, телефонға түсіруге асығатын адамдар пайда болды.

Ел арасында екінші бір себеп айтылып жүр, оған сенсек, жергілікті тұрғындар «сақалды» топтан жасқанады. Яғни олар топтасып жүретін теріс ағым өкілдерінің көзіне түсіп қалсам, өзіме кесірі тиеді деп қорқады. Бұл өткен ғасырдың 90-жылдарында қоғамды үрейде ұстаған «рэкеттерді» еске салады. Ол кезде көше жағалаған жігіттермен қарапайым халық қана емес, мемлекеттік органдардың өзі санасатын.

Әрине, қазір теріс діни топ өкілдерінде ондай күш жоқ. Заң да қатал. Бірақ қоғамнан бөлектеніп, өзара топтасып жүретін жат ағым өкілдерінен мүлде қауіп жоқ деуге де келмейді. Сол үшін билік «сен тимесең – мен тимен» деп отыра бермей, қоғамға діни радикалдардан төнетін қауіпті тазартқаны жөн. Мемлекет кезінде «рэкеттермен» қалай есеп айырысқанын жақсы білеміз, ендеше, кез келген сәтте жарылуы мүмкін минадай көбейіп келе жатқан деструктивті діни ағымдарға тоқтау салатын кез келді.

Қуаныш Қаппас