Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:44, 26 Қыркүйек 2023

Жарылқасын Болатұлы: Өндіріс көлемі артуда, ал біз үлгермей жатырмыз

айсұлу
Фото: жеке архив

«Айсұлу» тігін цехінің қазіргі аяқалысы жаман емес. Өңірлерде бірнеше шағын филиалы ашылып та үлгерген

Талдықорғанда киім өндірісін жолға қойып, тіпті алыс-жақын шетелдерге экспорт жасап отырған цех бар. Осыдан бір жыл бұрын ғана ашылған «Айсұлу» тігін цехінің қазіргі аяқалысы жаман емес. Өңірлерде бірнеше шағын филиалы ашылып та үлгерген. Аталған жеңіл өнеркәсіп орнының атқарушы директоры Жарылқасын Болатұлының айтуынша, цех заманауи тігін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық қондырғылар жаңа. Мұнда медицинада қолданылатын бір реттік бұйымдар, сол сияқты сапалы материалдан арнайы салалық формалар мен өзге де киім түрлері тігіледі. Толығырақ кәсіпкердің өзімен тілдестік.

Алып сатуды тастап, өндіріс орнын ашқым келді

Ең алғаш 18 жасымда сауда жасап бастадым. 27 жасыма дейін осы кәсіпте жүрдім де, кейіннен Алматыға қоныс аудардым. Өзімнің негізгі мамандығым инженерия саласына келіп, жылу электр орталығында ұзақ уақыт жұмыс істедім. Тіпті мекеме басшысының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, 38 жасымда «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі» медалін төсіме тақтым. Одан соң құрылыс саласына келіп, бизнестің бұл түрінде де табысты еңбек еткен болатынмын. Содан соң ірі құрылыс компанияларымен серіктестік орнаттым. Алайда мансапта қанша биікке шықсам да, өндіріс орнын ашып, жеке кәсіппен айналысу деген арманым ішімнен кете қоймады. Ақыры, «ат айналып қазығын табар» дегендей, Талдықорғанға қайта көшіп бардық та, өз кәсібімізді бастадық.

Ауруханада жатып, цехтің жобасын сыздым

Осыдан 10 жыл бұрын жер телімін сатып алған болатынмын. Сол жерге бір нысан салып, кәсібімді дөңгелетсем деген ой көптен ішімде жүрді. Бірде ауруханада жатып, арманымдағы цехтің жобасын жасап шықтым. Жай ғана қағаз-қаламды алып, сыздым да сақтап қойдым. Ақыры, 2022 жылы сол қағаздағы жобам іске асты. Ауданы 2400 шаршы метрді алып жатқан кәсіпорынды салып, тұсауын салтанатты түрде кесіп, бір қуандық. Біздің цех арнайы мамандандырылған салаларға киім-кешек, форма тігуге арналған. Жалпы құрылыс жұмыстары мен цехті қажетті құралдармен жабдықтауға 1 миллиард теңгеден астам қаражат кетті. Оның жартысы өз капиталым болса, жартысын «Бизнестің жол картасы – 2030» бағдарламасы бойынша несиеге алдық. Несиені «Халық» банк берді. Алдымен жобаны апарып таныстырдық, ол 3 ай бойы қаралды да, нәтижесін берді. Нәтижесінде, 600 миллион теңгені 6 пайызбен 5 жылға бөліп алдық. Ал жергілікті әкімдік өндіріс аймағына асфальт төсеп, газ тартып берді. Оның өзі өте үлкен көмек болды.

Күніне 300-500 дайын өнім шығаруға қауқарлымыз

Негізгі ісіміз киім тігу болғандықтан, тігін машиналарының саны мен сапасы аса маңызды. Біз Қытайдан «Jack» фирмасының 200 тігін машинасын сатып алдық. Олардың бәрі жаңа әрі жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Техникадан бөлек, киім тігілетін мата мен фурнитураның сапасына келгенде де аса мұқияттылық танытуға тырысамыз. Басты қағида – сапа, оған ерекше мән беріледі. Ал сатылымға келсек, тапсырыс көп. Тіпті үлгермей де жатамыз. Есімде, алғашқы көлемді тапсырысымыз Ресейден болды. Ал ең соңғы ірі тапсырыс «Жетісу» телеарнасынан түскен болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар мен тендер негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Күніне жаздық 450-500, қыстық 250-300 арнайы костюм форма әзірлеуге қауқарлымыз. Алдағы уақытта жеке бренд ашып, қалыптастыру жоспарда бар. Оның ішінде спорттық киімдер, балалар мен жастарға арналған үлгілер тіксек деп отырмыз. Әрі оларды экспортқа шығарғымыз келеді.

Өңір-өңірде филиалдар көбейіп келеді

Бізде үлкен 4 цех бар. Негізгі сыйымдылығы 300 адамға дейін, ал қазір 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Аталған 4 цехтің әрбірінде 20-25 шебер, одан бөлек конструктор мамандар бар. Қызметкерлерге төленетін еңбекақы жақсы. Мұнда тәжірибелі тігіншілерден бөлек, жас мамандар да жұмыс істейді. Олар алдымен оқудан өтіп, тәжірибе жинайды. Сөйтіп, кәсіби маман болады. Оған қоса, ерекше қажеттілігі бар азаматтар да көп. Біз мақсатты түрде мұндай кісілерді де жұмысқа тартып жатырмыз. Көп тігіншіміз бар болса да, Талдықорғандағы тігін фабрикасының күші барлық тапсырысты орындауға жетпейді. Сондықтан Жетісу облысының әр ауданында филиалдар ашып, сол өңірді жұмыспен қамту жағына да мән беріп отырмыз. Атап айтар болсақ, қазір Текеліде – 30, Үштөбеде – 20, Сарыөзекте – 20 адамнан жұмыс істейтін филиалдар бар. Мәселен, ең бірінші филиалымыз Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында ашылған болатын. Онда айына 20 миллион теңгенің өнімі өндіріледі. Бұл кезде де мемлекет тарапынан қолдау болды, 5 миллион теңге инвестиция салынды. Аталған бір филиалдың өзі айына бір реттік медициналық бетперде, халат, комбинезондардың 50 мың данасын, сондай-ақ 1 мың арнайы киім жиынтығын тігеді. Басқа филиалдар да белсенді жұмыс істеп жатыр.

Жазып алған – Б. Мейірбек

Жетісу облысы

Тегтер: