Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 20 Наурыз 2021

Жас Алаш - халықтық басылым!

None
None

«Жас Алаштың» жарық көргеніне, міне, тура 100 жыл толып отыр. Айтуға жеңіл болғанымен, аз уақыт емес.

Оның үстіне басылымның халық  алдындағы жауапкершілігі тіптен бөлек. Ақиқатын айтсақ, «Жас Алаш»  алғашқы санынан бері тек халықтың, ұлттың мүддесі тұрғысынан сөз қозғап  келді. Әлі де солай және солай болып қала бермек. Ол қай кезеңде де өзінің ұстаным-идеясынан айнымаған, ұлт мүддесі үшін қызмет еткен басылым болуымен ерекшеленді.

        «Жас Алаш» – қоғамның айнасы. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі бірегейі, шоқтығы биік басылым. Осы 100 жыл ішінде исі Алаштың небір арда ұлдары «Жас Алашты» басқарды, осы басылымда қызмет етті. Арғы тарихқа үңілер болсақ, өткен ғасырдың басында ұлтымыздың аяулы ұлы, қазақ жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев сол кезде қазақ жастарының үнпарағы іспеттес жастар басылымы қажеттігін айтып, үндеу тастап,  газеттің   алғашқы  санын өзі  бас  болып шығарды. Тіпті  осы  жастар  басылымы  жабылып  қалмау  үшін  Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин  ұлт  үшін,  жастар  үшін  ерен  еңбек  жасады.

       Басылым қандай бір қиын кезеңдерді бастан өткізсе де, жабылып  қалмады. Ұлттың үні, жастардың ой-арманын, бастамасын жеткізетін  жаршы  болып  қала  берді. Газетте қаламы жүрдек, ел мен жердің, халық пен ұлттың, заман мен қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған білімді де білікті журналист-қаламгерлер қызмет етті. Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбай, Болат Бодаубай, Рымғали Нұрғали, Құлбек Ергөбек, Орысбай Әбділдәұлы, Эрнест Төрехан, Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев, Жақау Дәуренбек, Мағира Қожахметова, Жанат Елшібеков, Жұмагүл Солтиева, Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Сағат Әшімбаев, Серік Әбдірайымов, Кәрібай Ахметбеков, Рысхан Мусин, Ырым Кененбаев, Әнес Сарай, Ерғали  Сағат сынды қаламгерлер осы басылымда қызмет етіп, жазу өнерінің мәйегін бойларына сіңірді.

         Нақтылай түссек, қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай небір саңлақтары әу баста үлкен  шығармашылыққа бастар жолдарын осы «Жас Алашта»  қызмет  етіп, мақала  жазудан бастады. Мәселен, атынан ат үркетін, есімі исі қазаққа мәшһүр Шерхан Мұртазаның тұсында бүгінгі қазақ әдебиетіндегі аттары алтын әріппен жазылатын тұлғалар – Ақселеу Сейдімбеков пен Фариза Оңғарсынова,

қазақ прозасының Құлагері – Оралхан Бөкей, бүгінгі бас ақын, ол кездегі жас ақын – Мұхтар Шаханов та көреген редактордың назарына ілініп,  «Жас Алаштың» тілшісі болып қабылданды. Аға журналистер арасында жиі айтылатын «Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз» деген тіркестің күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпауы да осыдан болса керек.

      Республикалық басылымдар арасында «Жас Алаштың» беделі күні бүгінге дейін төмендеген емес. Шоқтығы биік. Оның басты құндылығы –  заманның тамырын дөп басып, жұрттың көкейіндегі проблемаларды дер кезінде жарыққа шығара білуінде. «Жас Алаш» сонысымен құнды,  сонысымен халыққа керек. «Жас  Алаш» әмәнда халықтың сөзін сөйлейтін,   ұлттың мүддесін қорғайтын  бірегей  басылым болып қала бермек. Бүгін «Жас Алаш» 100-ге толып отыр. Мерейтой құтты болсын, «Жас Алаш» жасай берсін, ағайын!

Тегтер: