Жас Алаштың 100 жылдығына орай әріптесіміз құрметке бөленді
«Жас Алаштың» 100 жылдық мерейтойына орай әріптесіміз Сейсен Ұлықбеков Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының "Құрметті Азаматы" атанды.
Мерейтой қарсаңында Үржар ауданы әкімдігінен ресми өкілдер келіп әріптесімізге "Құрметті Азамат" төсбелгісімен арнайы куәлігін табыстады.
Сейсен Әмірбекұлы 1966 жылы 20 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Елтай ауылында туған. Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті (1973-1983 жылдар) бітірген.
1984-1986 жылдары Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеген. 1986 жылы С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы университеттің журналистика факультетіне түсіп, оны 1991 жылы тәмамдады.
Сол жылдардан бері журналистика саласына ерен еңбегін сіңіріп келеді. Сейсен Әмірбекұлы 1991-1994 жылдар республикалық «Ұлан» газетінде тілші, 1994 -1999 жылдар республикалық «Арай» журналында тілші қызметін атқарған. 2000-2005 жылдары «Дода» газетінде Бас редактор болды. 2005 -2017 жылдарда «Айқын» газетінде саяси шолушы қызметін атқарды. 2020 жылдан бері республикалық «Жас Алаш» газетінде Бас редактордың орынбасары қызметін атқаруда.
Қаламы жүйрік, сөзі өткір, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Сейсен Әмірбекұлы қай тақырыпты қаузап жазса да, айтар ойы халықпен үндесіп келеді. Елдің жайын үнемі електен өткізіп отыратын ол бар ғұмырын журналистикамен байланыстырады. Қай жұмысты да жауапкершілікпен атқара жүріп, шығармашылық ізденістерін ешқашан тоқтатқан емес. Қарымды қаламгердің басылым беттерінде жүргізген арнайы айдарларын оқырман жылы қабылдап, оның еңбегі мемлекет тарапынан ескеріліп, арнайы марапаттарға да ие болды.
Сейсен Әмірбекұлы 2016 жылы республикалық «Тіл және Баспасөз» байқауының Бас жүлдесінің иегері, 2015 жылы ТМД Парламентінің Халықаралық төс белгісімен және 2020 жылы ҚХА-нің 25 жылдығы медальмен марапатталған.