Жасай бер, QazSport!

QazSport арнасына – 10 жыл!
Қас қағым уақыт.
Ғасырдан да ұзақ мерзім.
2012 жылдың жазында сол кездегі президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» деген мақаласы «Егемен Қазақстанда» жарық көрді.
«Қазақстан» ТРК базасында жаңа спорт арнасы құрылсын, оның атауы KazSport болсын» деген, ақпарат министрлігіне арнайы тапсырылған тармағын көргенде, қатты таңырқадым әрі қуандым. Іштей қызығушылығым да болды. Мынау бір керемет бастама болды ғой. Кім басқарар екен? Эфирге қашан шығады екен? 2003 жылы Ресейдің Новосібір қаласына барғанымызда, «Спорт» арнасын көріп қатты қызығып едім. «Бізде де сондай арна болса ғой» деп армандағанмын.
Бәрін айт та бірін айт, арада жарты жыл өткенде жаңа құрылғалы жатқан KazSport арнасына директор болып бардым.
Бірден айтайын, Қазақстанда спорт арнасын ашуға талаптанғандар бұдан бұрын да болған. Бірақ олар жеке тәуекелшілер еді. Қа йбір жылдары Көктөбе мұнарасындағы ғимаратта ағылшын және шотланд премьер-лигаларының ойындарын сигнал ұрлап, жалған интершу қойып көрсеткен арна да болған-ды. Комментаторлардың үш айлық қаламақысын бермей, уәдені үйіп-төгіп, өзі де, көзі де ғайып болған. Ал KazSport-ты мемлекет ашпақ.
Шынын айтқанда, қоғамның толысуын, пісіп-жетілуін күтіп жүре беруге де болмайды. Жаңалықты батыл енгізсе, ел де соған бейімделеді. Менің ойымша, KazSport идеясы бұрын пісіп-жетілгенмен, он жыл бұрын оның базасы әлі дайын емес еді. Біз дәл сол тұсқа тап келдік.
Әлі есімде. 2013 жылдың 5 қаңтары. Жаңа қызмет орныма келдім. Қазмедиа ғимаратының 8-қабаты. Жалаңаш кеңсе. Алматыдан, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының спорт редакциясынан келген, енді жаңа спорт арнасының ұстыны болуға тиіс Павел Цыбулин, Әзиз Тастаев, Дина Ысқақова, Ермек Төренияз, Телжан Күдеров, Индира Бектен, Рубикжан Яхин, Бағлан Орынбасар, Данияр Бекболат, Дәурен Бітібаев, Руслан Дәулетов, Сұлтан Тоқпақов бар, бел шешіп кірісіп кеттік.
Ең алдымен, спорт арнасының ұстанымы, концепциясы болу керек. Сондықтан күнде жиын, күнде ақылдасу. Eurosport, ESPN, Sky Sports, Fox Sports сияқты әлемге әйгілі арналардың даму ерекшелігін, эфирлік кестесін, қай спорт түрлеріне басымдық беретінін, аудиториясын, жарнама, ролик, отбивка, шапка сияқты ерекше құрамдас бөліктерін ұсыну сипатын – бәрін-бәрін зерттедік. Бір ай көлемінде арнаның жалпы сұлбасы тұлғалана бастады.
Қандай қиындықтарға тап болдық?
Біріншіден, елімізде спорт тақырыбындағы мұрағат мүлде жоққа тән еді. Ал телеарнаға ең алдымен қажет нәрсе – видео. «Қазақстан» ҰТА-ның мұрағатында бар нәрсенің бәрін алдырдық. Бірақ 1990 жылдардағы дағдарыс еліміздің бас арнасын да айналып өтпепті. VHS-кассетаға жазылған матчтар, жарыстар, сұхбаттар, бәрі дерлік өшірілген немесе үстіне басқа нәрсе жазылған. 1993 жылы Алматының Орталық стадионында өткен «Қайрат» – «Жігер» кездесуінің жазбасын тауып алып қуанған едік, қарап көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды. Алыстан жалғыз камера түсірген, алаңдағы ойыншыларды танығаныңыз не, тіпті көру мүмкін емес. Комментатор Рабар Жәнібековтің дауысы бір естіліп, бір естілмейді. Ал Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды көрсету үрдісі 1998 жылғы футболдан әлем чемпионатынан және Жазғы Азия ойындарынан басталды. Содан 2010 жылғы Ванкувер олимпиадасына дейінгі доданың барлығын «Хабар» арнасы көрсетті. Ал «Хабардан» ол бейнемұрағатты алып, жаңа арнаның эфиріне салу мүмкін емес. Арнайы құқық тек «Хабарға» берілген, оны ХОК те, ФИФА да екінші арнаға жайдан-жай бере салмайды.
Содан хат жазу басталды. Халықаралық олимпиадалық комитет те, ФИФА да, басқа спорт түрлерінен әлем чемпионаттарын тарату құқығына ие компаниялар да жаңа арнаның ашылып жатқанына қуанышын білдіреді де… видеоның барлығы сатылатынын ескертеді. Осылайша, барымен базар болуға тура келетінін түсіндік.
Екінші қиындық арна хабар жарату жүйесіне қатысты бой көрсетті. Сол кезде Қазмедиа орталығы жаңа ашылған-ды, ол Dalet деп аталатын жүйеге лайықталып жасалыныпты. Бұл жүйе жасалынған хабардың хронометражы қанша болса, алдымен сонша уақыт есептеп-санап алады. Яғни тікелей эфир ұйымдастыру қиын. Тіпті мүмкін емес. Мұны біз 2013 жылдың 20 қаңтарында Головкин – Росадо жекпе-жегін Ұлттық арна эфиріне жоспарлаған кезде байқадық. Нью-Йорктен сигнал келіп тұрғанмен, көрсете алмай пұшайман болдық. Содан келіп KazSport-қа лайық хабар тарату жүйесі болуға тиіс екенін аңдадық. Корпорацияның сол кездегі басшылары Нұржан Жалауқызы, Ләззат Олжабайқызы, ақпарат вице-министрі Арман Қырықбай мұны жақсы түсінді. Арнайы мамандар шақырып, 1 шілдеге дейін KazSport-тың хабар тарататын өз студиясы болуы қажет екенін пысықтады. Нәтижеде бас продюсер П.Цыбулиннің жарғақ құлағы жастыққа тиюді қойды, қаншама жиналыс-пікірталастардан соң Қазмедиа орталығында Synegy жүйесіне негізделген хабар тарату орталығы пайда болды. KazSport кейін өз ғимаратына көшкенше осы орталық керемет қызмет етті.
Үшіншіден, біз спорттық телеарна эфирінің 70-80 пайызы түгелдей тікелей трансляциялардан тұратынын зерттеп білдік. Сондықтан Павел, бас редактор Д.Ысқақова үшеуміз күнделікті халықаралық байланыс бөліміндегі Айнұрмен бірге ірі жарыстардан хабар таратушылармен қатынас ұстауға тырыстық. Жаңа арна ашылғалы жатқанын естіп, Еуропадан арнайы келіп өнім ұсынғандар да болды. Үшеумізбен сөйлесіп болған соң қонақ үйіне кеткен сыңай танытып, артынша жарты сағаттан кейін бізден бір қабат төмен отыратын «Хабардың» жігіттерімен келіссөзге кірісіп кеткендерді де көрдік. Езу тарттық та қойдық. Еліміздің футбол, волейбол, теннис, велоспорт, бокс, ауыр атлетика, т.б. федерацияларымен күн сайын келіссөздер жүргіздік. Олардың ішінде бізден бірден ірі көлемде ақша алғысы келгендер де болды. «Сіздер біздің өнімді сатып алуларыңыз керек» дейді, біз оларға «сіздер де біз сияқты мемлекет ақшасынан қаражат алып отырсыздар, оны бір орыннан екінші орынға құйғанның не пайдасы бар?» деп уәж айтамыз. Қалайда алғашқы мезеттерде спорт арнасының жалпы халық игілігі екенін ұқтыруымыз міндет еді. Сондықтан KazSport арнасы жаңа ашылған кезде бокстан Азия чемпионаты, «Тур де Франс» велобәйгесінің күнделігі, футболдан Қазақстан чемпионаты сияқты жарыстардың тікелей көрсетіле бастауы кездейсоқтық болған жоқ.
Төртіншіден, комментаторлар мектебін қалыптастыру үлкен шаруа еді. Бұрын «Қазақстан» арнасының бас кеңсесі Алматыда тұрғанда, трансляция да аз болатын. Ал 2012 жылы Ұлттық арна эфирінен Еуропа біріншілігі трансляцияларының ұйымдастырылуы үлкен серпін берді. Бұрыннан жарыс жүргізуге маманданған Ә.Тастаев, Т.Күдеров, Е.Төренияз сияқты жігіттердің қасына тың күш керек екенін ұқтық. Алматыдан Тимур Сүлейменов пен Ермұхамед Мәуленді арнайы шақырдық. И.Бектен орыс және қазақ тілдерінде қатар жүргізуге мамандана бастады. Кейін өзім арнадан кеткен соң Тимур мен Ермұхамедтің, қазақтың ұлттық ойындарын жүргізуге машықтанған Нұрсұлтан Құдайбергеннің репортаждарын тыңдап отырып, сол кезде дұрыс таңдау жасағанымызға іштей қатты қуанатынмын. Бұл күндері осы жігіттердің барлығы – сақа комментатор. Өздері де ұстаз. QazSport екі жыл сайын комментаторлар кастингін өткізіп, ірі жарыстар жаршыларының мектебіне айналды. Бұл аз шаруа емес.
Бесіншіден, жаңа арнаға жаңа техникалық мамандар көп керек еді. Қазмедиа ғимаратынан орын тепкен бұрынғы арналардың барлығы өз мамандарын бере қоя ма? Трансляция режиссерлерінен бөлек, эфир режиссері, дыбыс режиссері, әкімші, т.б. толып жатқан, еңбегі көзге көріне бермейтін қаншама маман іздедік. Лунара Дәулетова бастаған эфирге жауапты мамандар аз уақыт ішінде бәрін сақадай-сай жасады. Қазір арнаның сол кезден бері қалыптасқан дәстүр арқылы жас мамандар көмегімен эфирге шығып жатқанын көріп, бір кезде осының бәрі үлкен еңбекпен қалыптасқанын ұмытып та кетесің.
Қандай қызықтар болды?
Спорт арнасы өте ұшқыр, мобильді болуға тиіс. Осы талапқа сай кез келген маманның кеңесін тыңдауға асығатын едік. Бір күні Мәскеуден арнайы келген мамандар шеберлік сағатын өткізді. Бүкіл қызметкерлер жұмысын тоқтатып қойып, әлгілердің аузынан шыққанын қағып алуға әзір отыр. Сөйтсек, олар флешкаға жазып әкелген төрт-бес ролигін қайта-қайта көрсетеді, еш жаңалығы жоқ. Сонда біз өзіміздің сырттағы мамандарды тым кәсіпқой деп санайтынымызды түсінгендей болдық. Өзіміз кәсіпқой болуға тиіспіз, басты шарт – осы. Жас режиссер Р.Дәулетов жасаған роликтер сол мәскеулік мамандардың туындыларынан еш кем болмайтынына көзіміз жете түсті.
Алматы маңында қолданылмай тұрған ПСТ (жылжымалы телестанса) бар екенін естіп, шаңғы-биатлон кешенінің басшылығына ресми хат жазғанымыз да есімізде. Сонда кешен басшылығы біздің ұсыныс туралы бір ауыз сөз айтпай, кешеннің атауын қате көрсеткенімізді ғана нұсқап, жауап қайтарғаны бар. Сөйтсек, ол телестанса сол кездегі құдіретті кісілерге тән екен. QazSport неше жыл корпорацияға ортақ телестансаны қатар тұтынып келеді.
Жаңа спорттық телеарнаның ашылуына орай құттықтау видеосын жіберуін өтініп қаншама даңқты спортшыларға хат жолдадық. Роджер Федерер, Серена Уильямс, т.б. спортшылар жылы лебіз білдіріп, бірақ уақыты жоғын айтып, өздерінің суреті бейнеленген күнтізбеге қол қойып жіберуге болатынын жеткізіп бір күлдіріп еді. Кейін QazSport солардың талай жарысын көрсетті.
QazSport-тың ашылуына екі апта қалғанда мен кеттім. Сол кезде ауыр жағдай сияқты көрінгенмен, бәрібір арнаны дайындауға жұмсаған алты ай өмірімізді сүйсіне еске аламын. Жатпай-тұрмай, бәрі жақсы болатынына, қазақ ақпарат кеңістігіндегі спорт журналистикасының кетігі толатынына сеніп, ерекше көңілмен, ниетпен жұмыс істеген күндер еді ол. Қазір ойлап отырсам, сол кезде жаңа арнаның жүгін өрімдей жастар көтерген екен ғой! О дүниелік болған Р.Яхиннің режиссерлік мектебі кейінгі жастарға үлкен сабақ болғанына күмәнім жоқ. Сол кезде жұмысқа жаңа кіріскен Нұрсұлтан Темірхан, Жарқын Барақбай, Аманкелді Боран сияқты жас режиссерлер кейін сақа маманға айналды. Қаншама жаңа комментатор қосылды!
Біз жоспарлаған хабарлардың барлығы эфирден көріне алмаса да, «Сіз қайда жүрсіз?», «Арнайы репортаж», т.б. жобалардың өміршең және өте тың дүние болғаны сөзсіз. Тіпті «Сіз қайда жүрсіз?» жобасымен журналист Әсем Нұрланова АҚШ-қа барып, Нелли Ким, Василий Жиров сияқты спорт қайраткерлерінен сұхбат алды, хабарлар дайындады.
Сәл кейінірек «Қазақстан» телерадиокорпорациясында ребрендинг жүргізіліп, спорттық арнаның атауы QazSport болып өзгеріске түсті. QazSport футболдан соңғы үш әлем чемпионатынан тікелей репортаж таратты. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары мен 2012 жылғы футболдан Еуропа чемпионатын «Қазақстан» арнасы көрсеткен соң, одан кейінгі ірі жарыстардың барлығынан хабар таратуды QazSport мойнына алды. Азия ойындары, Қысқы және Жазғы олимпиадалар, әлем чемпионаттары, құрлық біріншіліктері, елішілік жарыстар, «Қазақстан Барысы» сияқты ірі әлеуметтік жобалар – бәрі-бәрі осы күні біздің спорттық арнамыздың өз меншігі іспеттес. QazSport Қазақстанда өткен бокстан, дзюдодан, күрес түрлерінен, т.б. әлем чемпионаттарының, Қысқы универсиаданың бродкастері болды. Бұл үлкен мақтаныш!
Арнадан кетсек те, қазір комментатор ретінде үнемі сапта жүреміз. Бұл үшін де үлкен алғыс. QazSport-тың қазіргі директоры Нағи Бақытбек, оған дейін еңбек сіңірген Диас Ахметшәріп, П.Цыбулин спорт арнасының қазақстандық үлгісін жақсы қалыптастырды, енді еркін дамытып жатыр дей аламын. «Qazaqstan» телерадиорпорациясының басшысы Ләззат Мұратқызы спорт арнасының өрісі кең болуына барлық мүмкіндік беріп отыр.
Жасай бер, Qazsport! Жеңістердің жаршысы бола бер!