ЖАСАНДЫ ТІЛДЕР ТАРИХЫ

Тіл — адамзат қоғамының белгілі бір кезеңінде туып, заңды түрде дамып отыратын жүйе.
Оның ең басты қызметі ақпарат хабарлардың жасалу, сақталуына және оларды таратуға байланысты. Тіл адамды қоршаған шындық өмір туралы білімді сақтаумен бірге, жаңа білімді қабылдайтын, сөйтіп, адамның ойлау процесін жетілдіріп қамтамасыз ететін қоғамдық сипаты бар құбылыс. Тіл адамзат қоғамының негізгі қарым-қатынас (коммуникативтік) құралы. Адамды жақындатын да тіл, алыстататын да тіл.
Адам қанша тіл білсе, сонша елдің мәдениетін таниды. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі дүниежүзі бойынша таралымы көш бастап тұрған шет ел тілдерін үйренуге құштар. «Адамның өзі өскісі келсе, ұрпағын өсіргісі келсе, шет тілін меңгеруге бет бұруы ─ дұрыс жол», дегендей, тіл меңгеру ғасыр, я ұлт таңдамайтын қадам. ХХІ ғасыр адам революциясының шарықтау шегі сияқты болып көрінуі мүмкін, алайда, ойлы адам келешекке сеніммен қарап, бүгінін құр өткізбей, білім алуға жұмсауы заңды құбылыс. Жаһандану дәуірі ─ ағылшын, француз, қытай сынды шет тілдерін білетін адамның дәуірі деп нақты сеніммен айта аламыз.
Бүгінгі күні әлемде өнер, ғылым, білім мен мәдениет салаларының қай-қайсысында да ағылшын тілінің үстемдік құрып тұрған кезеңі. Ал бұл тілдерден бөлек әлемде «жасанды» тілдердің бар екенін білесіз бе? Әдетте, бір танымал тіл өзінің танымалдылығын жоғалта бастаған кезде, оның орнын жасанды тілдер басуы әбден мүмкін. Жасанды тілдердің пайда болу тарихы XVII-XVIII ғасырларға тиесілі, дәл осы уақытта латын тілі біртіндеп, өзінің танымалдылығын жоғалта бастайды да, жасанды тілдерді ойлап табу трендке енеді. Соның нәтижесінде осы күнге дейін адамдар 200-ден астам жасанды тілдің түрін ойлап тапқан. Жасанды тілді табиғи тілді қолдану тиімділігі аз немесе мүмкін емес аймақтарда қолдану үшін арнайы жасалған таңбалар жүйесі деп қарастырсақ болады. Жасанды тілді ғалымдар қолдану мақсатына байланысты бірнеше түрге бөліп қарастырады. Кей жасанды тілдер жаңа технологиялық құралдар мен компьютерлік бағдарламалардың пайда болуына байланысты болса, бірі ғылымдағы жаңа саланың ақпаратын дәл беру үшін пайда болған. Ал кей жасанды тілдердің шығу тарихын саяси және діни тұрғыдан қарастырған жөн. Жасанды тілдің табиғи тілдерден (ру, тайпа, халық, ұлт тілдері) басты айырмашылығы – жасанды тілдер өздігінен дамымайды және белгілі бір үлгі бойынша жекелеген адам саналы түрде жасап шығады.
Қазіргі таңда жасанды тілдердің ішіндегі таралымы бойынша көш бастап тұрғаны – эсперанто тілі. Эсперанто тілінің пайда болуы ХІХ ғасырдың соңы. Эсперантоны 1887 жылы чех окулисі Лазар (Людвиг) Маркович Заменгоф ойлап тапқан. Атауы автордың лақап атымен аталған. Эсперанто қарапайым грамматикаға ие. Алфавитте 28 әріп бар (23 дауыссыз дыбыс, 5 дауысты дыбыс) және ол латын тіліне негізделіп жасалған. Тіпті кейбір энтузиастар эсперантоны «жаңа мыңжылдықтың латын тілі» деп атаған екен. Фантаст-жазушы Гарри Гаррисон эсперантода сөйлеп, романдарында осы тілді жазып, жасанды тілді белсенді түрде насихаттап келеді. Егеуқұйрықтар жөнінде жазылған циклінде Галактика тұрғындары негізінен эсперантода сөйлейді. Эсперанто тілінде күні бүгінге дейін 250-ге жуық газет-журнал басылып, төрт радиостанция таратылған. Эсперанто тілін үйрену өте оңай, сондықтан «бұл тіл әлемдегі әрбір адам үшін ана тілінен кейінгі екінші халықаралық қатынас тілі болуы керек еді» деп тұжырымдайды.
Эсперанто тілінің грамматикалық ерекшеліктері немесе ауыз толтырып айтарлық нормалары жоқ. Аталған тілдің құрамындағы сөздік қоры ағылшын, неміс және француз, испан немесе итальян сынды бірнеше роман тілдерінен жинақталған. Жасанды тілдің ХХ ғасырдың басында танымалдығы артып, тіпті 1900 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеде таныстырылады. Осы көрмеден кейін көп ұзамай француз зиялылары эсперанто тіліне қызыға бастайды және оны парасаттылық пен ғылым арқылы әлемді жақсартуға модернистік ұмтылыстың көрінісі деп санайды. Сондықтан халық тілдің болашағына үлкен үміт артты. Бірінші тіл оқулығында Заменгоф «егер бәрі бір тілде сөйлейтін болса, білім, мұрат, сенім мен мақсат ортақ болады, барлық халықтар біртұтас бауырластыққа бірігеді» деп тұжырымдайды. Тілдің ресми туы мен елтаңбасын ойлап тауып, ол жасыл және ақ түстермен бейнеленді. Бұл түстер үміт пен бейбітшілікті, ал елтаңбасында бейнеленген бес бұрышты жұлдыз – бес құрлыққа сипаттайтын еді.
Әлемді біріктіретін ортақ тіл идеясы Еуропада резонанс тудырды. Эсперантоның кейбір жақтастары бірнеше елде маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарса, Заменхофтың өзі Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 14 рет ұсынылған екен. Тіпті Франция Америка сынды елдің эсперанто тілінде сөйлейтін тұрғындары бөлек мемлекет немесе автономия құру әрекетін де жасайды. Франция, Нидерланды, Германия шекараларын есептей отыра, «Амекихо» мемлекетін құруға талпынған эсперанто тілін қолданушылардың бұл әрекеті сәтсіз аяқталған. «Қолданбалы тілдер тарихы» кітабының авторы, лингвист Арика Окренттің айтуынша, сол кездегі Амикехо жеріндегі 4000 тұрғынының үш пайызы эсперанто тілінде сөйлеген. Көп ұзамай, Заменхоф эсперанто тілінде сөйлейтіндердің қамқоршысына айналып кетті. Әр жылы желтоқсанның 15 жұлдызы эсперанто қауымдастығы өз қамқоршыларының туған күнін атап өтетін еді. Доктор Заменхофтың құрметіне әлемнің әр бұрышында мүсіндер мен тақталар орнатылып, жаңа көшелер мен астероидқа, өсімдік түрлеріне ғалымның есімі берілді. Жапонияда тіпті «Оомото» діни сектасы қалыптасып, құрамындағы мүшелері эсперанто тілінде сөйлесуді насихаттап, Заменхофты өздерінің құдайларының бірі ретінде құрметтейді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс «Амикехо» мемлекетін құру идеясын біржола жойып, дүниежүзілік бейбітшілік туралы армандар тым елес болып кеткен кезде де, эсперанто тілі өркендей берді. Тіпті адамзаттың ойшылы Толстой да эсперанто тілін күніне 3-4 сағат оқып, үйренгені туралы ақпарат бар. Аталмыш тілдің сәтсіздікке ұшырауының басты себептерінің бірі –эсперанто Ұлттар Лигасының ресми тілі ретінде қабылдар кезде Франция жасанды тілге қарсы дауыс береді. Бұл оқиғадан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы эсперантоның дамуын кешеуілдетіп, идеологиясының орындалуына толықтай нүкте қойды деп нақты айта аламыз. Соғыс кезінде Сталин мен Гитлер, алпауыт екі диктатор эсперантистерді қудалай бастады. Бірі – эсперанто тілін сионизмнің құралы ретінде көрсе, екіншісі қауымдастықтың ұлтшылдыққа қарсы идеалдарын ұнатпады.
Эсперанто тілі өз құрастырушысының идеалистік үмітін ақтамаса да, бүгінгі күнге дейін тарихтағы ең танымал жасанды тіл болып қала беретіні анық. ХХІ ғасырда эсперанто тілінде шамамен екі миллионға жуық адам қолданыста ұстайды және әлемдегі ең үлкен халықаралық көмекші тіл болып табылады. Эсперанто тілінде 25 000-нан астам кітап жазылып, аудармалар жасалынды, тіпті фильмдер де түсіріліп тұрады.
Жасанды тілдердің ішіндегі эсперантодан кейінгі танымал тілдердің бірі – волапюк тілі. Бұл тілді дүниеге әкелген шіркеу қызметкері Иоганн Мартин Шлейерге 1879 жылы түсіне Құдай кіріп, өз тілін ойлап табуды бұйырған екен. Содан Шлейер түні бойы ұйықтамай, осы іске білек сыбана кіріседі. Түні бойы ол тілдің грамматикасын, сөздердің мағынасын, сөйлемдерін құрап, тіпті кейін волапюк тіліндегі өлеңдер де жазады. Волапюкты ойлап тапқан Иоганн Мартин Шлейер ұлттық тілдерге сүйенбей, жасанды тілді жаңадан ойлап табады. Алайда, тілдің қаңқасы неміс тіліне сүйене отырып құрылғандығы анық байқалады. Шлейер ағылшын, француз тілдеріндегі сөздерді батылдықпен өзгертіп, оларды жаңа түрге енгізді. Автор өз тілінде [р] дыбысынан бас тартуға шешім қабылдайды. Ол бұл дыбыс волапюкты үйренгісі келген қытайлықтар үшін қиындық тудырады деп есептейді. Волапюк алфавитінде 38 әріп бар. Тілдің грамматикалық құрылымы өзге жасанды тілдерге қарағанда, әлдеқайда күрделі әрі қиын.
Жасанды тілдің жақтаушылары 1887, 1889 жылдары үш рет жиын өткізіп, үшінші жиынды жасанды тілде өткізуді жөн санайды. Шлейгер волапюк тілінде ешқандай еңбек жазбаса да, тілдің жақтаушылары аталмыш тілді қолдана отырып, 25 журнал шығарады және 316 оқулық жазады. Бүгінгі күнге дейін волапюк тілінің қамқоршысы ретінде 283 клуб жұмыс істеген. Генри Конн атты профессордың қызы үшін волапюк тілі ана тілі боп есептелді. ХХ ғасырдың басынан бері волапюкистік қозғалыстың саны мен деңгейі әлдеқайда төмендеді. Қазіргі кезде әлемде тек 20-30 ғана волапюк тілін қолданушы кездеседі. Волапюк қозғалысының басында көшбасшы немесе жоғарғы басшы деп аталатын тұлға тұрады. Ол, әдетте, ресми атақтар беру туралы жарлықтар шығарады (Волапюк оқытушысы, Волапюк академиясының мүшесі). 1931 жылы құрылған Волапюк Академиясының құрамы қазір 8 мүшеден тұрады және олар жаңа ұғымдар мен жаңа сөздерді лексиконға енгізу туралы шешімді ұжымдық түрде қабылдайды. Бір қызығы, неміс халқының ұғымында «волапюк» сөзі ирониялық мағынада қолданылады. Әдетте, бұл ұғым жергілікті халық үшін түсініксіз, нашар, өрескел және сауатсыз сөйлеуді білдіреді.
Ал жасанды тілдердің ішіндегі ең назар аударарлық, қызықтысы – сольресоль тілі. Атауының өзі нота атауларына ұқсайтыны бекер емес, бұл тілдің авторы француз Жан Франсуа Сюдр әлемдегі барлық нәрсені ноталар арқылы түсіндіруге болады деп есептеген. Сондықтан 1817 жылы сольресоль тілін ойлап тапты. Ең қызығы, жасанды тіл ноталардан тұрады. Тілдің жалпы қорында 2660 сөз бар. Қарама-қарсы ұғымдарды білдіру үшін тілде «сөздің шағылысу» құбылысы қолданылады: «фаля» – жақсы ұғымын білдірсе, «ляфа» – жаман сөзінің аудармасы болып табылады.
Сольресоль тілінің де өз жанкүйерлері бар. Атақты жазушы Виктор Гюго, саяхатшы Александр Гумбольдт, Ламартиндер дәл осы жасанды тілдің жанкүйері болған.
Бұдан бөлек, кей жасанды тілдердің пайда болуына мәдениет пен ғылым да әсер еткен. Мысалы, ифкуиль деген жасанды тіл философиялық тақырыптар бойынша сөйлесу үшін арнайы ойлап табылған. Тілдің пайда болуына Джон Кихада есімді философ өз ғұмырының 30 жылын арнаған. Тіпті автор әлі сөздік қор толық жинақталып бітпеді деп санайды. Айтпақшы, ифкуильде 81 септік бар, ал сөздердің мағынасы морфемалардың көмегімен беріледі.
Ал клингон тілі — «Жұлдызды жол» сериалының кейіпкерлері үшін ойластырылған тіл. Авторы — лингвист Марк Окранд. Шынайы өмірде жасанды тілдерді əдетте тілдік қарым-қатынасты жеңілдету мақсатында ойлап тапса, клингон тілі фонетикалық-грамматикалық ерекшелігімен күрделі болып табылады. Бұл тіл фильмде жауынгерлердің тілі болғандықтан, көбіне лексикасы эмоцианалды, ұрысу мəнінде жұмсалады. Клингон тілінің грамматикасы, бай сөздік қоры бар (шамамен 2500-нан астам), кейбір сөздері үндістер мен санскрит тілінен алынған. Америкада классикалық əдебиет пен Библияны клингонға аударумен айналысатын клингон тіл институты бар. Соңғы мəліметтерге сүйенсек, əлемде жүзге жуық адам осы тілде еркін түсінісе алады.
Тіл табиғатын түсіну өте қиын, оның шығуы мен пайда болуына қатысты пікірлер саналуан. Тілдің бізге дейінгі замандарда алғашқы болмысымызда біздің еркімізден тыс пайда болғандығын білеміз. Олай дейтініміз, алғашқы тіл бейсаналықтан пайда болды. Уақыт өте келе адамдардың шексіз шығармашылық қабілетінің нəтижесінде қарым-қатынас жасаудың басты құралына айналды. Тіл коммуникацияның басты құралы болғандықтан, мəселені жан-жақты шешу табиғи тілдерді қолданумен ғана шектелмейді, жасанды тілдер арқылы да әртүрлі мақсатта тілдік қарым-қатынас орнатуға болады.