Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 16 Қараша 2021

Жасасын түркі бірлігі!

None
None

        Ұлы  Тұран  одағы, түркі  мемлекеттерінің   бірлестігі жөнінде бұрыннан айтылып келді.

Бұл  түркі  жұртынан  шыққан   біртуар  азаматтардың  асыл  арманы  еді. Сол  енді ақырындап  жүзеге  аса  бастаған  сынды.  Кеше  ғана  Ыстамбұлда  өткен  түркі елдерінің саммитінде  кеңес  түркі  мемлекеттерінің  ұйымы  болып  өзгерді. Бұл  ұйымға  алдағы екі  жылда  Түркия, яғни ол елдің президенті Режеп  Тайып  Ердоған басшылық етпек. Әрине, Ердоғанның  түркі әлемін біріктіруге деген еңбегі ерен. Алла тағала оған  денсаулық,  күш-қуат  берсін! Ердоған – ол  кешегі көк  түріктердің көсемдері Бумын,  Естеміс,  Білге, Тоныкөк, Күлтегін  сынды сайыпқыран қағандар мен баһадүр  қолбасшылардың  бүгінгі  көлеңкесі. Ердоған – түркі  жұртына қырын  қарап  отырған  төрткіл  дүниемен  тайталасып  отырған ұлы  тұлға. Әлемдегі  түркіге  жататын  48  ұлт пен  ұлыс Ердоғанның  айтқанындай  жұдырық  болып жұмылуы керек. Сонда  ғана  біз  алып  империялардың  қысымына  жауап  бере аламыз һәм  ғаламдық  геосаясатта өз орнымыз,  өз үніміз болады.

       Әлемнің  бізбен  санасатын уақыты  жетті. Әрине,  кешегі  көк түріктің  алып  ұлдары – Естеміс, Білге,  Күлтегіндер сияқты шығысы Тынық  мұхитынан  бастау алатын,  батысы Дунай  өзеніне  тірелетін, терістігі  Солтүстік  мұзды  мұхитпен шектесетін, оңтүстігі Тәңір тауларына тірелетін алып  империя  құру  бүгінгі күні  қиындау  шығар. Дегенмен жер бетінде  бар 200 миллионнан  асатын  түркі  жұртының  басын біріктіре алсақ, соның  өзі  үлкен  олжа. Лайым, Ыстамбұлда бастау алған түркі мемлекеттерінің  ұйымы алдағы  уақытта Ұлы  Тұран  одағына  айналып, әскери-саяси, экономикалық-рухани мызғымас  бірлестікке айналып жатса  құба-құп  болар еді.  Қазақтың талантты ақыны Темірғали Көпбай:

«Түркіміз, жұртпыз байланып өскен кіндігі,

Барсаң да қайда тарихтың осы – шындығы!

Көкбөрі – Рух тірілді бүгін қайтадан,

Жасасын мәңгі! Жасасын түркі бірлігі!» –  

деп жырлаған  екен. Менің де айтарым: Жасасын түркі бірлігі!

Тегтер: