Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:47, 01 Наурыз 2024

“Жастар саясаты” заңы жастарға қандай мүмкіндіктер ашты

жастар саясаты
Фото:

Жастар саясаты заңының күшіне енгеніне бүгін тура бір жыл толды. 2022 жылы 26 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет­тік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойы­нша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.

Аталған заң 2023 жылы 1 наурызда толық күшіне енді.

Бұл заңның басты мақсаты бұрын 14-29 жас аралығындағы азаматтар жас саналса мұның шегі жаңа заңнан бастап 35-ке дейін ұлғайтылды. Содан бастап жастар еліміздегі бірқатар жастарды қолдайтын бағдарламалар мен жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Одан бөлек жас шегін ұлғайту 35 жасқа дейінгі жастарға мемлекеттік қолдау шаралары жас отбасыларға жәрдемақы, жеңілдікті несие алу, жастар саясатын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді. Жергілікті атқарушы органдарға жас қазақстандықтарды жеңілдетілген баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеу құзыреті берілді. Әкімдіктер «Отбасы банкімен» бірлесіп, жастарға арналған аймақтық тұрғын үй бағдарламаларын әзірледі. Мысалы, жас шегін 35-ке ұлғайтқаннан кейін бірқатар жастар “Елорда жастары”, “Алматы жастары” сияқты баспанамен қамтамасыз ететін бағдарламаларға 29 жастан асқан азаматтардың қатысуға мүмкіндігі болды. Бұдан бөлек “Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін»,­ «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламалар енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де ­қолжетімді болды.

Жаңа заңмен бірге бірнеше тұжырымдама бектілді. Олар:

1. Жастардың даму индексі.

2. Уақытша жұмыссыз жүрген жастар (NEET санатындағы жастар).

3. Жастармен жұмыс жөніндегі маман.

4. Жастар еңбек жасақтары осы заңмен нақты белгіленген.

Жастардың даму индексі

Жастардың даму индексі – іске асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясатын және жастардың даму деңгейін негізгі бағыттар бойынша талдауға арналған жиынтық көрсеткіш. Оған: білім беру, денсаулық сақтау және әл-ауқат, жұмыспен қамту, азаматтық белсенділік, бос уақытты тиімді өткізу және қауіпсіздік кіреді.

Жұмыссыздарға көмек

Қазақстан Республикасының заңнамасында «уақытша жұмыссыз жастар» (NEET) ұғымы бекітілген. NEET санатына жұмыс істемейтін немесе оқымайтын жастардың бір бөлігі кіреді. NEET тұжырымдамасын енгізудің негізгі мақсаты – мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру болды. Қазіргі күнде NEET санатындағы жастар әртүрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерлік дағдыларын арттырып, жұмысқа тұру бойынша білікті мамандардан тәжірибе алып жатыр.

Жастармен жұмыс жөніндегі маман

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, бүгінде республика бойынша 229 жастар ресурстық орталығында үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан заңнамалық деңгейде «жастармен жұмыс жөніндегі маман» ұғымы пайда болды.

Мемлекеттік жастар саясатының өзі мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтардың басымдығы, азаматтық, жауапкершілік, еңбекқорлық, жастардың мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыруға және іске асыруға қатысуы сынды бірқатар прициптерден тұрады. Осы бір жыл ішінде “жастар саясаты” заңы милииондаған жастарға мүмкіндік ашып келеді.