Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 01 Қараша 2023

Жастарды қолдау - болашаққа инвестиция

ыч
Фото: из открытых источников

Болашақ буынды қолдау мен олардың дамуына арналған шаралар жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты. 

Ұлытау облысында өткен «Мен жас қазақстандықпын!» атты форум сөзімізге дәлел. Жастарды қолдауға бағытталған жоба аясында 19 номинация бойынша үздіктердің есімдері анықталды. Солардың бірі – Назерке Аймағамбетова. Ол «Жыл студенті» номинациясын жеңіп алған. «Жас Алаш» газеті атынан жеңімпазды құттықтап, үздікпен форум және қоғамдық жұмыстары жайлы емен-жарқын әңгімелестік.

  • Назира, осы байқауға қатысуға не түрткі болды?
  • Ұлытау облыс әкімінің «МЕН ЖАС ҚАЗАҚСТАНДЫҚПЫН!» жастар сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Шарада облыстағы ең үздіктерді анықтайды. Сондықтан бұл байқаудың орны мен дәрежесі мен үшін ерекше болды. Жүлдегер болған кезде қуанышты сезімде болдым. Конкурсқа өтінім қабылдау күні аяқталғаннан кейін бірден ұялы телефонды аңдып, мүмкін бейтаныс нөмір хабарласып, «сіз ұттыңыз, құттықтаймыз» деп айтар деп… Бір қызық оқиға болды. Мен ұйымдастыру алқаның нөмірін теріп, жауабы шықты ма екен, білейін деп хабарласқанымда ұйымдастырушы тізім бойынша сізге келіп, нөміріңізді тергенімде «сіз өзіңіз хабарластыңыз, құттықтаймыз» деп, мен көптен күткен жауапты айтты.
  • Қоғамдық өмірге жиі араластыңыз, сіздің «Жыл студенті» атануыңызға бірден-бір себеп осы емес пе?
  • Әрине. Мен қазіргі таңда Қазақстан Студенттер Альянсының Ұлытау облыстық филиалының төрайымымын. Студенттерге белсенді, қауіпсіз студенттік шақ ұйымдастырып, Қазақстан студенттерінің бәсекелестікке қабілеттілігін шыңдауына өзіндік үлесімізді қосамыз. Ұлытау облысы студенттер омбудсменімін. Студенттер мен қоғам арасындағы көпірмін десем де болады. Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің, облысымның белсенді студентімін. Осы лауазымдарым мен университеттегі белсенділігім тікелей қоғамдық өмірге жиі араласуыма алып келеді.
  • Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
  • Бос уақытымда кітап оқып, серуендегенді, жақындарыма түрлі тағамдар пісіргенді жақсы көремін. Психология, әдет қалыптастыру, көшбасшылық және қазақ жазушыларының шығармаларын оқығанды жақсы көремін. Мысалға айтсам, «Махаббат қызық мол жылдар», «Ұшқан ұя» сынды қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы туындыларын, қазіргі әмбебап жазушылардан коуч Азамат Сқақовтың «Сен» кітабын оқу үстіндемін. Қазір мотивациялық және психологиялық кітаптарды жастар көп оқиды. Осы салаларда Қазақстанның дамып жатқаны қуантады. Осыдан 3 жыл бұрын әлемдік бестселлерді көп оқысақ, қазір қазақстандық оқулықтар саны көбейіп, өзімізге қарай ойысып жатырмыз.
  • Туған жеріңіз бен қазіргі оқу орныңыз жайлы айта кетсеңіз?
  • Туған жерім Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы. Кеншілер қаласы. Оқу орным облыс орталығы Жезқазған қаласында орналасқан – қара шаңырақ Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті. 2020 жылы мемлекеттік грант негізінде ТӘҚжҚОҚ ББ бойынша оқуға түстім.
  • Қазіргі қызметіңіз өзіңізге ұнай ма, студенттер альянсы төрайымы және ол жерде қандай жұмыстар атқарып жатсыздар?
  • Қазіргі қызметім өзіме өте қатты ұнайды. Себебі менің оқу орным Ұлытау облысындағы жалғыз жоғары оқу орны. Ал Қазақстанның өзге облыстарында бірнеше университеттер бар. Олар облыс ішінде де сайысып, бәсекеде болады. Ал бәсеке үнемі дамуды талап етеді. Біздің университет тікелей Студенттер альянсы және түрлі республикалық ұйымдар ұйымдастырып, сайыстар, челлендждерге белсенді араласамыз.
  • Сіз қазір білім алып жатқан болашақ жас мамансыз, осы тұрғыда болашақта мамандық бойынша немесе қоғамдық ұйымдарда жұмыс істеу ойда бар ма?
  • Менің мамандығым – өндірістік қауіпсіздік инженері және эколог. Ұлытау облысында түрлі табиғи ресурстарды қолданысқа шығарады. Өндіріс ошақтары өте көп. Болашақта мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Өндіріс барысындағы жұмысшының қауіпсіздігі, оған қажетті жағдай жасалуы мен үшін маңызды.
  • Өзіңізбен қатар оқып жатқан, артыңызда келе жатқан жас буынға қандай кеңестер айтар едіңіз?
  • Өзіммен қатар оқып жатқан, артымнан өсіп келе жатқан жас буынға айтарым, әр арман – сіздің санаңыздағы жаңа өмірдің бастамасы. Армандаудан қорықпаңыз, шаршамаңыз және оны бірден жүзеге асыруға тырысыңыз!

 

     Шыңғыс Атай