Жастықтың жалаугері

Мен бүгінгі кейіпкерім, белгілі қаламгер, абыройлы академик Уәлекеңді – Уәлихан Қалижанды ең алғаш сол кездегі С.
Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің М.Әуезов атындағы әдеби бірлестігі шығаратын «Шағала» атты қабырға газетінен көрдім.
Студенттік өмірді енді бастаған кезіміз. Бір күні ұзындығы он метрге жуық қабырға газеті ілініп, студенттер оның алдында у-ду болып жатыр екен. Әдемі шыққан, қырмызыдай қызыл бояу мен жасыл шалғындай құлпырған түспен өрнектелген қабырға газетінен үстіне сол кезде көбіміз үшін қат болып табылатын олимпейка аталған костюм киген жас жігіт маған сынай қарап тұрғандай еді. Факультеттің үшінші курс студенті Уәлихан Қалижанов деген жазуды оқып, әрі қарай назар салсам: «Спортпен шұғылданыңдар, күреспен айналысыңдар, өмірге жас жігермен, құштарлықпен қараңдар» деген сөздің түсіндірмелік тұжырымы екен. Еркін күреспен айналысатын жігіт болып шықты. Мен де сол кезде күрес секциясына барып жүргем, бірден жылышырай кетті. Кейін студенттер сайысында жақыннан да көрдім. Шағын денелі, бірақ шымыр, қарапайымдау, бірақ қағылез, барынша бауырмал азамат екен. Өлең жазып жүрген кезіміз, «бұл палуан не жазады екен?» деп әуестікпен қарап, қадамын байқап жүрдік.
Уақыт зулап өтіп жатты. Бұл курс студенттік өмірді аяқтап, өмір мектебінің партасына отыруға кетті. Көпке дейін Уәлекеңді көре алмадым. Оның үстіне өзім де Маңғыстау өлкесіне жұмысқа кетіп, екі жылдық әскери өмірді аяқтап, елге оралған солдат секілді Алматыға аңсап оралсам, Уәлекең Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызметте жүр екен. Мен «Лениншіл жас» газетіне келіп орналастым да, сан алуан басылымдардың басын қосқан Горький көшесіндегі редакциялар үйінің 7-ші қабатынан орын таптым. Ол алтыншы қабаттағы редакцияда жүріп жатты. Анда-санда мақала, очерктерін оқып қоямын, көбіне әлеуметтік-қоғамдық ойды қозғап, көкейкесті мәселені қоздатып жатады. Қоғамдық-саяси өмірдің тыныс-болмысын қапысыз тануға деген ұмтылысы мен ұсынысы көкейден шығып, аты ауызға іліне бастапты. Ол осылайша рухани-мәдени, қоғамдық-әлеуметтік, ең бастысы, азаматтық сапардың алдыңғы шебіне қарай қадам басып келе жатты. Көз көрген тетелес аға, бір оқу ордасын бітірген түлек ретінде оған деген інілік ізетіміз бен кішіпейіл құрметіміз көріне бастаған тұста Уәлекең тағы да көз жаздырып, көрінбей кетті. Сөйтсек, Қазақстан комсомолының орталық комитетінен бір-ақ шығыпты. Сол жердегі баспасөз секторының меңгерушісі болып бекіген екен. Оны білетін көпшілік, әсіресе тілшілер қауымы: «өзінің орнына барған екен» деп қуанып жатты. Ол кез комсомолдың ат үстіндегі тынымсыз кезі. Қызмет қауырт, ағымдағы комсомолдық басылымдардың назары енді Уәлекеңнің жіті көзіне түсті. Палуандық пен алуандықтың таразысын тең ұстаған ол республикалық жастар басылымының әрі жанашыры, әрі қырағы көзі, әрі қолдап-қорғаушысы болып, көз алдымызда келбетін тіктеп, салмағын жүктеп, жас қайраткерліктен хас қайраткерлікке қадам басты. Үлгілі мектептен өтіп, ұйымдастырушылық пен іс тетігін табудың жаңа сүрлеуіне түсіп, көп ұзамай «Қазақстан пионері» газетіне редактор болып бекіп шыға келді. Қайта оралғанына қуанып, ыңғайы келгенде барып сәлемдесіп, ақылын тыңдадық.
Уәлекеңнің біз білетін туабітті мінезі кішіпейіл, бауырмал, көпшіл, қарапайым, жасы үлкенге жарасымды іні, жасы кішіге жарқын пейіл қамқор, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, алған мақсатына адал, өмірлік мұратына құштар, ұйымдастырушылық қабілеті әбжіл, ашуының ұзақтығы шәй орамал кепкенше, қаламгерлік қарымы шапшаң да шалт, салт-дәстүрді ұстауы қазақы қалыптан құйылған, қысқасы, сезімі мен сенімі өмірмен бітеқайнасып, өнермен ұштасып жатыр.
1994 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне ол Жамбыл облысынан, мен Атырау облысынан депутат болып сайландық. Бұл ел тарихындағы еншісі бөлек, екпіні желдей парламент болатын. Тұңғыш кәсіби парламент. Айдарымыздан жел есіп, халқымызбен кеңесіп, ұлттық мақсатпен теңесіп, жүрек пен білекті қатар қосқан бұл шақырылымның ғұмыры қысқа болғанын жұртшылық жақсы біледі. «Заңсыз» деп заңсыз таратылған, Квятковская деген көкдолының дауынан кейін жалпықазақстандық жалған шешімге байланып, тарих қойнауына айдалып кеткен бұл парламенттің қазіргі кезде көпке арман болған парламенттік басқаруға жол алғалы тұрғанын ол кезде ешкім де пайымдай қойған жоқ-ты. Сол кезде Уәлекеңмен сессия залында қатар отырып, қанаттаса сөз саптап, қабаттаса пікір ұстандық. Уәлекеңнің осы қысқа кезеңде азаматтық, жауапкершілік, депутаттық болмысы жан-жақты көрініп, қайраткер болып танылды. Өте шетін, принципті мәселелерде, қазақ тілін қызғыштай қорыған кезде, орыс тілін мемлекеттік мәртебеге өткіземіз деп «Лад» славян қоғамының шайқасында, қоғам әлі танып, біле қоймайтын, мамандық дайындығы әлсіз жандарды аса жоғары лауазымдық қызметтерге қоюға қарсылық танытуда, жоғары қызметін пайдаланып, белден басып, төске өрлеген кейбір кісілерді тежеуде, ел мүддесін көздеген сан алуан сұрақтарда Уәлихан Қалижан табандылық пен өз көзқарасын қорғаудың үлгісін көрсете білді. Бұл кезде оған қаламгерлік ішкі қуаты көмекке келіп отырды. Журналистік мектептің жанкешті ұстанымы жанында еді. Кейін осы үшін «таяқ жеп», «Егемен Қазақстан» газетін басқарып тұрған уақытында оққа болмаса да, отқа байланып кете жаздаған кезі болды.
Оның мұндай қасиеттері қай кезден бастап көрінді десек, Уәлекеңнің «Лениншіл жас» газетін басқарып тұрған кезіндегі, әйгілі Желтоқсан көтерілісі уағындағы ұлттық ұстанымы еске түседі. Және мен бұлардың бәріне өзім де қатыса отырып, куә болдым. 1987 жылдың қаңтар айында Сейдахмет Бердіқұловтың орнына басшы болып «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан» газеті) газетінің редакторы Уәлихан Қалижан келді. Сейдағаңның рухани інісі, әрі шәкірті ретінде қалыптасқан Уәлихан Қалижан желтоқсан көтерілісінен кейінгі дүрбелеңде қолдан келген амал-әрекеттің бәрін салып, ұлт жанына тиетін мақалалардың топан легін аса дарытпады. Қазақтың әйгілі театр режиссері Асқар Тоқпановты ұлтшыл деп жазу жөніндегі құпия да қатаң тапсырманы жақсының жанын ауыртпай, қалай қиыннан қиялап шыққанымызды талай рет жазды («Жас Алашқа» берген сұхбатында оны тағы байыптап айтып өтіпті). Және бұл туралы Уәлекең кезінде қырғыз-қазақ жастарының еларалық басқосуында «Егемен Қазақстан» газетінде «Тат» деген тақырыппен арнайы тоқтала жазып, түсінісе отырып, тізе қосып атқарған қызметіміз үшін маған рақмет айтқаны бар еді. Желтоқсан жаңғырығынан соң мұндай құқайдың талайын бастан кештік, соның бәрінде Уәлихан Қалижан азаматтық тұғырдан түспей, әрқашан әділдік жағына қарай қол көтерумен болды. Ағалы-інідей болып кеткен шақтарымызда оның жұбайы, марқұм белгілі радиожурналист Үмітжан Болтаева жарқын көңілмен жанашырлық танытып, әркез қуана айта жүрді. Оның қолынан дәм татқан ең соңғы қонағы да мен болғаным көп жайдан хабар берсе керек. Арнайы шақырып, ауруы жанға батса да қабағын шытпай қабылдап, алыс елге аттанып кетіп еді, өкінішке қарай дертіне дауа табылмады.
Уәлекеңмен арадағы қызметтік қарым-қатынас солақай саяси шабуылдар кезеңінде өзара түсіністік, іштей ұғысқандық жағдайында қалыптасты. Бірде тікелей телефонмен өзіне шақырды. Кірсем оның алдында орта бойлы, ақ шашты, жүзі ресмилеу, адамға тінте қарайтын бір ақсақал отыр екен. Сәлемдесіп, қарсы алдына отырдым. Уәлекең алдында жатқан қағазды маған қарай ысырып, «мына жігіт бөлім меңгерушісі, мақалаңызды осыған беремін, қарап пікірін айтады, сосын арғы жағын ойластырамыз, сіз бара беріңіз, хабарласамыз», – деді. Әлгі кісі бізге шаншыла, шытына қарап, құлықсыздау шығып кетті. «Таныдың ба?» деді Уәлихан сәл шамырыққан үнмен. Танымадым. «Өзің білетіндей, баяғыда қазаққа домбыра неге керек?» дегендей пікір айтып, ұлттық өнерге тұсау салған, содан бері басынан осы сөз арылмай келе жатқан Нұрымбек Жандилдин деген ағаң осы», – деді. Әрине, білемін, кезіндегі Орталық партия комитетінің хатшысы. Мақаласын сол жерде оқып шықтым, өзін ақтауға талпынған тәсілі екен. Уәлекең орнынан тұрып, сейфін ашып: «Сен біліп жүрсін дедім, бұл мақала осы темір сандықтың түбінде жатқаны жатқан, басылмайды, бір жауабын берерміз», – деді сенімді үнмен. Сол темір сандық тілін тістеумен қалды. Бұл да Уәлекеңнің тар жерде тайсақтамас мінезінен хабар береді. Бірге жүрген парламенттік қызметте де сынға түсер сәттер болды, қызбалық танытқан жерімде сабырға шақырып, алдыңғы шепке ұмтылған сәттерімде тыл мінезінің тынысын айтып отыратын.
Жастар газетінің ұзақ жылдардан бері үзілмей, үлгілі үрдіс ретінде атқарып келе жатқан аса абыройлы бір міндеті бар. Ол жыл сайын 22 наурыз күні «Көктем нөмірін» шығару. Біз бұған алдын ала дайындаламыз, атқару тобы құрылады. Бұл ұзақ жылдардан бергі қалыптасқан дәстүр болғандықтан, қалың оқырман қауым осы күнді, осы нөмірді күтіп отырады. «Лениншіл жас» деген газеттің атауының астына жасыл түспен «Көктем нөмірі» деп жазылады. Тыйым салынған Наурыз мейрамы жастар газетінде осылай жарнамаланып, жұртымыздың жадына ұлы дәстүрді үнемі салып отырды. Уәлихан Қалижан Сейдағаң салған бұл дәстүрді бұзған жоқ, қайта оны дамыта түсті. 1988 жылы ол мәдениет бөлімінің меңгерушісі, бүгінгі белгілі ақын Әділғазы Қайырбеков екеумізге тапсырма беріліп, наурызды бүкілхалықтық мейрамға айналдыру үшін ақын Мұхтар Шахановпен «Сұхбат-телефон» жасап, оның жалпы жазбасын Г.Колбинге жеткізу жөнінде жоспар құрылды. Осының нәтижесінде «Тамырыңды тереңге жібер» деген бір беттік сұхбат дайындалып, жарияланды да, оны Мұхтар Шаханов Колбиннің тікелей өзіне жеткізді. Колбин халық уәжімен келісуге мәжбүр болды. Сұхбатқа халқымыз орасан зор ынтамен қатысты. Осылайша, 1988 жылғы көктемде, озбыр саясаттың одағай бұйрығынан кейін, 62 жыл тұтқында болған наурыз мейрамы халқымызбен қайта қауышты. Мұхтар Шаханов өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романында «Бұл жастар газетінің керемет идеясы болды, осыны іске асыруға қатысып, сұхбат жасағандар» деп, Әділғазы Қайырбеков екеуміздің аты-жөндерімізді арнайы атап өткен. Қазір біткен іске сыншы көп, немесе жалған авторлар атойлап та кетеді. Осы істе басшы – Уәлекең, қосшы біз болдық.
Осы мақаланың темірқазығы секілді бір жайт, Уәлихан Қалижан қазақ халқын дүр сілкіндіріп, ұлттық намысты оятқан 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін бас бағып, бұғып қалмай, «Лениншіл жас» газетінің атын бір түнде «Жас Алаш» деген жарқыраған атауға өзгертуге қол қойып, жүректілік пен саяси серпін танытты. «Жас Алаштың» басшылығында болып, өзінің азаматтық ұстанымы мен ұлттық болмысын тең ұстап, жастар басылымының жаңа тарихын жасады. Дәл сол дүрбелең кезінде, әлі де әліптің артында залым мен мәлімнің егескен тұсында, мұндай қадамға бару тәуекел ғана емес, күрескерлік рухты да қажет етіп тұрған сәт болатын. Жүз жылдық тарихында жастар газетінің атауы сан рет өзгерген, «Жас Қайраттан» басталған жолда ұлтымыздың талай боздақтары басын бәйгеге тігіп, ұлт ұстаханасының тарихына өз қолтаңбаларын салған. Бұл орайдағы Уәлихан Қалижан қолтаңбасы – айшықты, абыройлы, атап жүретіндей ақиқат. Сол кезеңде қатар жүрген күндердің жарқын жаңғырығы біздің жүректен әлі өшкен жоқ. Ұрпақтар сабақтастығындағы үлгілі қасиеттердің бірі де осы десек асыра айтқандық болмас.
Айтатын нәрсе әлі де көп, тіпті қай оқиға мен ерекше жайттарды айту керек екенін де бағамдап үлгермейсің. Көкіректе бәрі сайрап тұр, менің достарым да осындай сезімді бастан кешіп жүрген болар. «Өй, несін айтасың, Шұға десе, Шұға еді ғой» деп Бейімбет атам мөлдіреткендей, несін айтасың, сол «Лениншіл жас» қазақтың маңдайы мен таңдайында жүрген газет еді, намыс туы найзағай болатын. Сол мектептен өткеніміз – бір университет.
Кейін тағы бір сәті келіп, Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде тағы қатар қызмет атқардық. Ол бөлім бастығының орынбасары болды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында Уәлекең екеуміз тізе қосып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне бірге жүгірдік. Оған бөлінген 20 миллион теңгені аз деп санап, Уәлекең жарғақ құлағы жастыққа тимей, кейін Қаржы министрі болған Н.Коржованы (ол кезде сол жерде департамент директоры еді) сан рет шақырып, қысып, қуып, қуырып отырып, тағы сондай қаржы қостырды. Уәлекең тапжылмай табандылық танытты, ал мен ұлы ақынға арналған мемлекеттік баяндаманың соңғы нұсқасы қолымнан шыққанын мақтан етемін. Кезінде ол туралы айтуға болмайтын да еді, бірақ тарихи шындық осылай болатын. Баяндаманы қарап шыққан Әбіш аға Кекілбаев мені шақырып, риза болып, қолымды алғаны да енді тарих еншісінде. Алдыңғы толқын ағалар да азайды. Тетелес ағамыз Уәлекеңнің еншісіндегі жақсы жылдардың куәсі болып келе жатқаным үшін қуанамын. Мұндай мысалдар аз емес.
Өмір осылай жылжып өте береді екен. Құлагер – уақыт құлағын қайшылап, айшылық жердің апшысын қуырып, келер күндерге самғап барады. Күні кешегі, қабырға газетінің бетінде жастарды жігер мен күреске шақырып тұрған балаң жігіт – Уәлихан Қалижан бүгінде қазақ жұртына белгілі қайраткер тұлға, тәуелсіздік тудырған тұлғалардың керуен көшінде өз орны бар, өзіндік сөзі бар азамат. Жазушы, публицист, деректанушы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, жастар тәлімгері, 15 жыл парламент депутаты болған халық қалаулысы, қандастар көшін жетелеуші, ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы, қысқасы, бір қазақ армандайтын құрмет пен абыройға бөленген азамат. Жүгі аумай келе жатқан жолаушы, жас кезеңнің жалаугері, ағалық кезеңнің ақылшысы. Жасым келді деп жасымай, бәрін алдым деп тасымай келе жатқан Уәлихан Қалижанның азаматтық тұлғасы осылайша Тәуелсіздік жылдарында одан әрі тұғырлы бола түсті.
Жасыңыз – жұртыңыздың жүрекжарды ықыласы мен пейілінде. Жасай беріңіз, жаза беріңіз, қаламға ілескен жылдардың оқырманы азаймасын.