Жасыл экономика: Келісімдер жасалып, қол қойылды

Экологиялық проблеманы жою немесе қоршаған ортаны қорғау бүкіл әлемге ортақ міндет.
Дәл осы мәселеде мемлекеттердің бас пайдасы, әлеуметтік немесе саяси ұстанымдары маңызды болмауы керек. Өйткені, жұмыр жер, жер бетіндегі күллі тіршілік адам баласына ортақ. Сондықтан экологиялық мәселеде қандай мемлекет болсын, бір үстелдің басына отырып, проблеманы бірігіп шешеді. Тіпті, мұндайда өзара бақталас елдердің өзі түйінді бірге шешуге мәжбүр. Экологиялық проблема құрлық немесе мемлекет таңдамайды. Сол үшін де бұл түйткілді шешудің жалғыз жолы – ортақ келісімдер.
Дәл осы ұстаным негізінде өткен аптада үлкен шара өтті. Онлайн режимде Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Қазақстан мен Қытай комиссиясының 9-кеңесі болды.
Біздің тарапымыздан комиссияның тең төрағасы болып экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты. Ал көрші қытай жағынан тең төраға – Чжао Инмин баяндама жасаған. Ол да Қытайдың экология және қоршаған орта министрінің орынбасары екенін естеріңізге сала кетейік.
Қос тарап күн тәртібінде белгіленген жоспар бойынша жұмыс бастап, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәселен З.Сүлейменова өз сөзінде дәл қазіргі экологиялық проблемалар бойынша маңызды бағыт – су экожүйелері екенін атап айтты. Су жүйелерінің ішінде климат өзгеруінің тұрақтылығын ұзақ уақыт бойы сақтап отыру және қолдау қажеттілігіне тоқталды. Ол сөз сөзінде: «Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен қазақстан-қытай комиссиясының жұмысын оң дәрежеде атап өткім келеді. Себебі, комиссия жұмыс нәтижесі Балқаш көлінің жай-күйіне және оның экожүйесін қолдауға тікелей қатысты», — деді.
Комиссия отырыстары бұған дейін де бірнеше рет өткен болатын. Экологиялық проблемалар, оның ішінде осы трансшекаралық өзендер мәселесін шешу тікелей комиссия жұмысына қатысты болғанын көріп отырмыз. Қос тарап бұл түйткілді шешуде өте табысты жұмыс жасап отыр. Комиссия жұмыстары нәтижесінде жасалған құжаттар үкіметаралық құжпаттарда көрініс табуда. Бұл жұмыстардың артында Балқаш көлінің экологиялық проблмасы, Іле өзені су қорының қалпына келуі сияқты нақты түйіндер бар.
Қызақстан-қытай комиссиясының бірлескен отырысы негізінде арнайы хаттамаға қол қойылды. Одан бөлек, комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұдан ары комиссияның келесі жылы өтетін кезекті 10-отырысын Қазақстан аумағында өткізуге келісім жасалды.
Экологиялық проблмаларды шешу бойынша келісімдер мен кездесулер бұл ғана емес. Жуырда ғана тағы бір маңызды отырыс болып өтті. Кездесу, келісім жасау Чехияның астанасы Прага қаласында болды. Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Чехияның қоршаған орта министрлігі арасында қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық мәселелері, өзара түсіністік туралы арнайы Меморандумға қол қойылды.
Қазақстан жағынан аталмыш құжатқа сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Чехия жақтан қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Томаш Тесарж қол қойып, келісім жасады.
Кездесу кезінде Қазақстан тарапынан сөз алған Роман Василенко қоршаған ортаны қорғау, экологиялық проблемаларды ортақ шешу жұмыстары қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерінің бірі екенін жеткізді. Сонымен бірге Василенко: «Қазақстан мен Чехия арасында осы бағыттағы өзара іс-қимылды дамыту және тереңдету үшін үлкен әлеует бар», — деді.
Айта кетейік, Чехия мемлекеті климаттың өзгеруіне қарсы күресте, экологиялық тепе теңдікті сақтауда, су ресурстарын ұтымды пайдалануда, сонымен бірге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жағында көпжылдық тәжірибелері бар мемлекет. Чехтар экологияға өте көп көңіл бөледі.
Роман Василенко өз сөзінде, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тепе теңдікті сақтау, су ресурстарын толық пайдалану бойынша екі мемлекет арасында жасалып жатқан ынтымақтастық мәселелері өте маңызды екенін атап айтты. Осы келісім аясында екіжақты Меморандумға қол қою – экологияны сақтау ісінде оң нәтиже беріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауда осы саладағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге көп мүмкіндік береді.
Кездесуден кейін, біздің тарап Меморандумды жүзеге асыру және оны орындау бойынша нақты жұмыстаға кірісті, арнайы Жол картасын әзірлеу ұсынылады.