Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 23 Сәуір 2024

Жат қолындағы қазақ мұнайын Ресейдің жат қолындағы ақшасымен құтқару туралы қиял

Мұнай

Былтыр «Жас Алашқа» берген сұхбатында бұрынғы мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев «Назарбаев мұнайға сеніп, суды ұмытып кетті» деген еді. Осы сөз қоғамда қызу талқыға түсіп, естіген жұрт «рас айтады» десті. Бұл әңгіме кейін президент жолдауында да сөз болды.

Шындап келгенде, қазақ билігі мұнайға сеніп, суды ғана емес, барлық саланы естен шығарып алды. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, технология, ғылым-білім – бәрі ұмыт қалды. Биліктің бар ойы барынша көп мұнай өндіріп, оны шетелге сату ғана болды. Оның үстіне «қара алтынды» қазып алу да өз қолымыздан келмейді, барлық жұмысты шетелдік компаниялар жүргізіп отыр.

Экономикамыздың мұнайға тәуелді болғаны сонша, еліміздің сыртқы саудадағы экспорт көлемінің 50 пайыздан астамы мұнайға тиесілі. Мысалы, 2022 жылы шетелге 84,4 млрд доллардың өнімін сатсақ, соның 46,9 млрд доллары мұнай (55,5 пайыз) болатын. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 54,2 пайыз болды.

Қазақстан 2023 жылы жалпы 89,9 миллион тонна мұнай өндірді. Оның 60 пайызға жуығын елдің батысындағы Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кеніші берген. Бұл кен орындарын шетел компаниялары жалға алған, өнім толықтай экспортқа шығады, ішкі нарыққа бір тамшы мұнай бермейді. Кейінгі кезде осы кеніштерге қатысты дау өршіп тұр.

«Әділетсіз» келісімді қайта қарастыру жоспары

Елдегі өзге мұнай компаниялары өнімінің белгілі бөлігін жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына беруге міндетті. Біз атаған үш кеніш қана бұл міндеттен босатылған. Оларда бұдан өзге де көптеген жеңілдік бар. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ шетелдік инвесторларға 1990 жылдары берілгендіктен, сол кездегі жағдайға байланысты Қазақстанға тиімсіз, «теңсіз» келісімшарт жасалған. Салдарынан мемлекет қазынасы біршама қаржыдан қағылып отыр.

Бұл кен орындарын АҚШ, Италия, Ұлыбритания сынды батыс елдерінің мұнай компанияларынан құралған халықаралық консорциум игеріп келеді. Біздің елде кен қазып жүрген Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, Inpex және Chevron фирмалары әлемдегі үздік мұнай өндірушілер рейтингінде TOP-25-ке кіреді. Демек, мұндай алпауыттарға «бұрынғы келісімшарт тиімсіз екен, жаңасын жасаймыз» деп ашық айта алмаймыз. Егер тізеге салсақ, елдің инвестициялық климаты бұзылып, шетелдік кәсіпкерлер сырт айналуы мүмкін.

Соған қарамастан, Астана мұнай келісімшарттарын қайта қарастырғысы келетін сияқты. Upstream сайты «Қазақстан шетелдік инвесторларға қысымды күшейтті» деп жазды. Билік Қашағандағы мұнай өндіру қарқынына көңілі толмайтынын айтып, халықаралық арбитражға шағым түсірген. Қазақстан үкіметі инвесторлар уәде еткен өнімді өндіре алмады, сол үшін қазынаға түсуі тиіс 138 миллиард долларды төлеп берсін деп талап қойып отыр.

Әу бастағы жоспар бойынша Қашаған кен орны 2005 жылы жұмыс бастауы қажет еді. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты кен орны 2016 жылы ғана іске қосылды. Одан бері де түрлі техникалық қиындыққа тап болды. Қашаған Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 20 пайызын береді, ал одан мемлекетке түсетін пайда 2 пайыз ғана. Оның үстіне өндірушілер тәулігіне 1 млн 200 мың баррель мұнай өндірілуді уәде еткен, бірақ қазір одан үш есе аз – 400 мың баррель ғана өндіріп отыр.

Демек, ел билігінің «өкпелейтін» жөні бар. Инвестор ең алдымен жұмыс бастайтын мерзімді 11 жыл кейінге шегерді, екіншіден, уәде еткендей өнім шығармай отыр. Үкімет осыны негізге алып, халықаралық сотқа шағым түсіріп жүр. Былтыр сәуірде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шетел акционерлерінің үстінен 13 миллиард долларға шағым түсіргенін айтқан. Оған дейін Қашаған мен Қарашығанақ операторларына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 5 миллиард доллар айыппұл салуды талап еткен.

3 кенішті Батыс елдерінен алып, Ресейге беру керек пе?

«Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Қазақстан билігі шетел компанияларына кеткен есесін қайтарудың амалын қарастырып жатыр. Бірақ 40 жылға жасалған келісімшартты бұзу мүмкін емес. Келісімді әу баста тиімсіз етіп жасаған үкіметтің өзі кінәлі. Билік осындай өнбес даудың соңында жүргенде бір топ «кемеңгер» кәсіпкер 3 ірі кенішті Батыс компанияларынан қайтарып алудың ерекше жолын тауыпты.

Нақтырақ айтқанда, «Парасат» кәсіпкерлер альянсы мұнай алаптарын Ресейге берейік деп бастама көтеріп отыр. Олардың ойынша, 3 кенішті халықаралық консорциумдардан басқа жолмен қайтарып ала алмаймыз, өйткені мемлекетте акцияларды сатып алуға ақша жоқ. Ал Ресейде бар. Бірақ Мәскеу біздің мол мұнайды қалтасындағы ақшаға емес, Батыс елдері бұғаттаған 300 миллиард долларға алады екен. Ең қызығы, парасаттықтар Ресейдің бұл ақшасын бұғаттан босату мүмкін емес екенін білмейтін сияқты. Мамандар бұл қаржы соғыс аяқталған соң Украинадағы қираған нысандарды қалпына келтіруге жұмсалуы мүмкін екенін айтады. Мәскеу қазақ мұнайына қанша қызықса да, бұғаттағы миллиардтарын пайдалана алмайды. Демек, бұл ұсыныс – абсурд, ал айтып жүргендердің әрекеті – нағыз популизм.

Соған қарамастан, альянсқа мүше кәсіпкерлер мен сарапшылар бұл үш тарапқа да тиімді тәсіл деп санайды. Ал біздің ойымызша, бұл тек Ресейге ғана пайдалы болмақ. Біріншіден, олар бейбіт күнде бауырлас елге соғыс ашқаны үшін бұғатталған мол қаржысын пайдаға жаратады (!), екіншіден, қазақ мұнайына су тегін қол жеткізеді. Мұның Қазақстанға қандай пайдасы бар? Ұсыныс авторлары мұнай өндіру келісімшартын өзімізге тиімді етіп жазамыз дейді. Бірақ Ресей бұғаттағы қаржысын шығарып бергеніміз үшін алғыс айтады деп сену қиын, өйткені Кремльді кімдер билеп отырғанын, олардың Қазақстанға деген көзқарасы қандай екенін екінің бірі біледі. Тек парасаттық кәсіпкерлер ғана Мәскеуге махаббатпен қарайтын сияқты.

Бұл идеяның басында Олжас Байділдинов деген «мұнай-газ маманы» тұр. Ол мақала жазып, сұхбат құрып, осы ұсынысты жоғары деңгейде жарнамалап жүр. Бұл «сарапшы» бізге бұрыннан таныс, ол даулы мәлімдеме жасаудың хас шебері. Қаңтар оқиғасының алдында халыққа «газ қымбат болса, автобуспен жүріңдер, оның несі проблема» деп ұрысқаны есімізде. Сондай-ақ ол елде бензин бағасы мен жол ақысын көтеруге өте ынталы. Автобус билеті Алматыда 425, Астанада 350 теңге болуы керек деп санайды. Байділдинов қазір ҚР ънергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі екен. Соған қарағанда, Сәтқалиев оның оңды-солды сөйлейтін кеңесіне құлақ асатын сияқты.

Мұнай-газ саласындағы MBA дәрежесі бар сарапшы Абзал Нарымбетов мұндай ұсыныстың айтылғанына таңғалып отыр. Оның айтуынша, Ресей бұл кеніштерге қол жеткізген күннің өзінде игере алмайды.

Абзал Нарымбетов
Фото: linkedin.com

«Бұл ұсыныспен келіспеймін. Себебі бұл кен орындары шетелдіктерге белгілі бір мерзімге жалға берілген. Ал Ресейдің бұғатта жатқан ақшасы Мәскеу мен Батыс елдерінің арасындағы мәселе. Ресей бұл ақшаға өз еліндегі шетелге жалға берілген кеніштерді сатып алса түсінуге болады (шетелдік компаниялар онсыз да 2022 жылы Ресейден кетіп қалған), өйткені ол Ресейдің меншігі. Ал бұл жерде Қазақстанның қандай қатысы бар, олардың бұғаттағы активін біздің кен орнына алмастыруға кім рұқсат беріпті?

Үш кеніш те аса күрделі, тым тереңде орналасқан және ондағы қысым мен құрамындағы күкірт деңгейі өте жоғары. Оларды игеру өте қиын. 1985 жылы Теңіз кенішінде өрт болғанда Кеңес одағы бір жыл күресіп, сөндіре алмай, шетелден көмек сұраған. КСРО сол кездің өзінде теңізді игере алмаған. Сондықтан бұл 3 кен орнын игеруге Ресей технологиясының әлі жетпейді деп ойлаймын. Ресей мұндай күрделі кен орнын ешқашан пайдаланып көрген жоқ. Сондықтан олардың бұл мұнай алаптарын игеріп кете алатынына сенбеймін.

1990 жылдары жасалған келісім Қазақстанға тиімсіз екені анық. Бірақ ол кезде Қазақстан ауыр экономикалық дағдарысқа тап болған. Сол үшін амалсыздан осындай келісімге келістік дейді. Егер мен болсам, сол кезде келіссөзге геолог немесе инженерлерді жібермес едім, керісінше, мықты заңгер, білікті экономистерді жіберіп, келісімді барынша Қазақстанға тиімді етіп жасауға тартатын едім. Өтер іс өтті, енді оны қанша талқыласақ та пайдасы жоқ. 40 жылға жасалған келісімшарттың басым бөлігі өтіп, аз бөлігі қалды. Қазір келісімшартты бұзудың немесе оны тиімсіз екенін сөз етудің еш қажеті жоқ. «Стати ісі» Қазақстанды 10 жылдан аса әбігерге салғанын білеміз, адвокаттарға миллиард долларға жуық ақша жұмсалды. Одан 100 есе құнды 3 кен орны бойынша инвесторлармен соттассақ жағдайымыз не болатынын шамалай беруге болады. Сол үшін сәл сабыр етіп, келісімшарт мерзімі біткен соң кен орындарын өз қолымызға алып, содан кейін ғана өзімге тиімді шарттармен өнім шығарғанымыз жөн деп ойлаймын».

Ақпарат үшін айта кетейік, Теңізді жалға алу мерзімі – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады.

«Парасат» кәсіпкерлер альянсы деген не?

Бұл – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан бөлініп шыққан ұйым. Оны 2023 жылы тамызда «Қазақстан химия өнеркәсібі одағы» АҚ басқарма төрағасы Олег Пак деген адам құрған. Egov.kz мәліметі бойынша альянсты биыл 26 ақпаннан бері Ню Валерий басқарады. «Парасат» алғаш құрылғанда бастамашыл топ «Атамекен» ҰКП-ны сынап, оған бәсекелес болатынын айтқан. Ұйым кәсіпкерлерге қандай жақсылық жасап жатқаны белгісіз, бірақ қазақ мұнайын Ресейге берсек деп белсеніп жүр.

«Парасат» Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспарын сынап, өздері балама жоспар ұсынған. Жобамен танысқан мамандар оның мазмұны Кеңес кезіндегі колхоз құру жөніндегі нұсқаулыққа ұқсайтынын айтады. Мысалы, жоспардағы «ұжымдастыру», «норма» сияқты сөздер Кеңес заманын еске салады дейді.

Байділдиновтің бастамаларын қос қолдап қолдайтын Петр Своик деген тағы бір «сарапшы» бар. Ол да осы альянстың үйлестіру кеңесінің мүшесі. Ел арасында Своиктің «орыс әлемінің Қазақстандағы амбассадоры» деген лақап аты бар. Кезінде ол «Қазақстан мен қазақтар – орыс әлемінің бір бөлігі, тарихи және географиялық тұрғыдан алып қарағанда солай» деп, айды аспанға шығарған. Ол альянс бастамаларын өте тиімді деп санайды, сондай-ақ әр сөзінде ресейлік тәжірибеге сілтеме жасағанды ұнатады.

Ең қызығы, биыл 30 наурызда ресейлік Lorett ғарыш мониторинг компаниясы Қашаған кен орнынан Каспийге мұнай төгілгенін айтып, шу шығарған. Бірақ бұл ақпарат расталған жоқ, министр Сәтқалиев те оны жоққа шығарды. Мамандар бұл әрекетті Ресей Қазақстандағы Батыс мұнай компанияларына соққы жасамақ болды деп бағамдады. Ресейдің осы «шабуылы» мен мәскеулік тәжірибеге қарап бой түзейтін парасаттық сарапшылардың әрекетінде бір үндестік бардай көрінеді. Байділдиновтерге Кремль ой салып отыр ма деген күмән туады.

Ашық дереккөзден альянстың үйлестіру кеңесіне Байділдинов, Своик сияқты «сарапшылардан» бөлек, Ермұрат Бапи, Еділ Жаңбыршин, Ерболат Саурықов, Асхат Рақымжанов, Сергей Карплюк, Закиржан Кузиев, Қайрат Тастекеев, Бауыржан Смағұлов қатарлы мәжіліс және сенат депутаттары мүше екенін білдік. Елдің заң шығарушы органында отырған бұл азаматтар қазақ мұнайын Ресейге беру ұсынысына қалай қарайтыны белгісіз. Ешбірі ашық мәлімдеме жасаған жоқ.

Байділдиновтердің 3 ірі мұнай кенішін Ресейге берейік деп жінігіп жүргеніне айдан асты. «Парасатқа» мүше депутаттар ғана емес, Олжас Бектенов бастаған үкімет те, Сәтқалиев басқаратын энергетика министрлігі де үнсіз отыр. «ҚазМұнайГаздың» қожайыны «Самұрық-қазына» АҚ да ешбір ақпарат бермеді. Бұл мәселеге тікелей қатысты осы 3 мекеме даудың нүктесін қоюы керек еді, олар да үнсіз.

40 жылға жасалған келісімшартты негізсіз бұзу да, Ресейдің бұғаттағы ақшасына кен орнын сату да әлемдік аренада абырой әперетін әрекет емес. Әсіресе оң-солын ойламай оспадар ой айтатын, Ресей БАҚ-тары өзімсіне «ресейлік бизнесмен» деп атайтын Байділдинов сынды адамдарды министрлік жанындағы қоғамдық кеңеске мүше етіп отырған Сәтқалиевтің өзі мұнайды Ресейге беруді қолдап отыр ма деген ой келеді.

Қуаныш Қаппас