Жаз кезі. Төтенше жағдайларға дайынбыз ба?
Қазір өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үшін қауырт шақ туды. Осыған байланысты өткен аптада төтенше жағдайлар министрлігі арнайы есеп берді.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ТЖМ-нің маңызды бағыттарының бірі. Халықты қорғау бойынша қабылданған шаралар өзінің нәтижесін көрсетіп, 2020 жылдан бері судағы адам өлімінің саны 437-ден 227-ге дейін азайды.
Құтқарушылар жыл басынан бері 76 адамды, суға шомылу маусымы басталғалы – 24 адамды құтқарған. Жылдың басынан бастап 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға кеткен.
Қазіргі таңда, су айдындарында ТЖМ 42 құтқару бекеті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінің бойында және Қосшы қаласында 3 модульдік станцияның құрылыстары аяқталады. Бірақ ірі су қоймаларында 15 станция жеткіліксіз.
ТЖМ жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар қояды. Олар су айдындарына кезекшілік пен патрульдеу жұмыстарын жүзеге асырады.
Құтқарушы қызметінде жүрген Асқар Ибраевтың айтуынша, мұндай шаралар өз жемісін береді. Қазір төтенше жағдайлар министрлігі заманауи катерлер мен жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алып отыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Суға батып кеткендердің 95 пайызы тыйым салынған орындарда тіркелетінін ескере келе, әкімдіктермен бірлесіп суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл шаралар халықтың қамсыз демалуына әсер етері даусыз. Биыл республикада 33 жағажай қосымша ашылатын болады», – дейді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ кейбір жағажайлар белгіленген талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, соның салдарынан жазатайым оқиғалар орын алады. Мысалы, өткен жылы рұқсат етілген демалыс орындарында 5 адам суға кеткен. Тағы бір тоқталатын жайт, демалушылар белсенді түрде гидроциклдерді пайдаланады, ал оларды дұрыс пайдаланбау қаза болу қаупіне әкелуі мүмкін.
ТЖМ балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Бала өлімінің басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы. Осыған байланысты балалар лагерьлерінің тәрбиешілерімен және ата-аналарымен нұсқаулықтар өткізу нәтиже береді деп күтілуде.
Қазіргі уақытта елімізде су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагері жұмыс істейді. Олардың тек 19-ында ғана балаларға арналып жабдықталған суға шомылу орындары бар.
ТЖМ полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарды патрульдеу мен рейдтер де өткізеді. Жыл басынан бері 26 мыңнан аса шара жүргізіліп, құқық бұзған 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 49 адам жауапкершілікке тартылған.
Ә. ҚАЙЫРБЕК