Жаза мен жағымсыз кейстерді алға тарта берсек, оң нәтижеге жете алмаймыз

Қазір баспасөз беттерінде де, халық арасында да жиі айтылып, талқыланып жүрген мәселелердің бірі еліміздегі отбасы институтының дағдарысы.
Осы тұста көбіне мәселенің бір шеті Қазақстанның ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұрғанына барып тіреледі. Жалпы елдегі ажырасу деңгейінің көрсеткіші 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6 пайызды құрап, әлем бойынша Мальдив елінен кейін екінші орында тұрғандығы жайлы дерек әлемдегі халық саны мен демографиясы туралы деректерді ұсынатын World Population Review тәуелсіз ұйымының сайтында жарияланған болатын. Бұл ақпарат Ұлттық статистика бюросымен расталмаса да ел ішінде біршама резонанс тудырды деуге болады. Осы мәселе төңірегінде сарапшы мамандармен сұхбаттасып, әңгіме өрбіткен болатынбыз. Дөңгелек үстелге Қазақстандық қоғамдық даму институты КеАҚ, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Ақнұр Иманқұл, отбасылық эксперт, психолог Аман Жұмаділләұлы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, философ Берік Аташ қатысты.
—Қазақстанның ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұрғандығы жайлы ақпарат қоғамда кеңінен талқыланып жүр. Сіздердің зерттеу нәтиже мұнымен сәйкес келе ме? Жалпы, еліміздегі жұптардың ажырасуына көбіне қандай факторлар әсер етеді?
А.Иманқұл: Алдымен, бұл мәліметтерді растайтын деректердің жоқ екенін айта кету қажет. Аталған мақала мәліметтері тек сарапшылық кеңістікте ғана емес, халық арасында да кең талқыланды.
Зерттеуге қатысушылар ең көп атаған себептер – ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауы немесе екінші отбасының пайда болуы, туыстарының отбасы өміріне араласуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік. Сонымен қоса сұхбатқа қатысушылардың пікіріне сәйкес некеге дейін ата-анасының немесе жақын туыстарының ажырасуы, қалыңдықтың жүктілігіне байланысты мәжбүрлі неке, некеге дейінгі танысудың қысқа мерзімі, ата-аналардың отбасын құруға келіспеуі сияқты жағдайлардың болуы ақыры аяғында ажырасуға әкеліп соқтырады екен.
А.Ж: Кез келген институт көңіл бөлінбеген кезде әлсірейді. Қазір отбасында адамдар күнкөріс қамымен жүріп қолы босамағандықтан балаларға отбасылық тәрбие бермейді. Осының салдарынан отбасылардың дағдарысқа ұшырап, кұлдырап жатқандығы жалған емес. Мен өзім жеке зерттеу жүргізбегендіктен бұл статистикаларды растап, не жоққа шығара алмаймын. Дегенмен әлеуметтік желіде маған тіркелген 13 мың адамның ішінен күн сайын 1-2 адам ажырасатынын айтып, жазып тұратын кездер болады. Одан бөлек, отбасындағы зорлық-зомбылықтың қаншама түрі айтылып жатады. Мұның бәрі бір нәрсенің құлдырап, қурап жатқандығының көрсеткіші.
Қазіргі таңда біз айтып жүрген отбасындағы мәселелер мен негізгі факторлар аурудың белгілері ғана. Оған әлі нақты диагноз кою керек. Қазір еліміздегі ажырасудың негізгі себептерінің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық екені анықталған. Бұдан бөлек, отбасындағы нашақорлық, маскүнемдік, құмар ойындарға тәуелділік сияқты жағдайлар да отбасының шырқын бұзып отырған факторлар. Мен ажырасуды жағымды құбылыс деп айта алмаймын. Алайда жоғарыдағыдай оның құқығы тапталатын, өміріне қауіп төнетін жағдайларда өз құқықтарын қорғай білетін адамның сауатты шешімі – ажырасу. Бұл тек бізде ғана емес, кез келген қоғамда бар құбылыс. Бірақ біздің кемшілігіміз – салдармен ғана күресетіндігімізде. Отбасындағы зорлық-зомбылықтардың, түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуы немесе ажырасудың көбеюі тек салдар ғана. Мұндай жағдайдың болмауы үшін жастарды алдын ала отбасылық өмірге дайындауымыз керек. Отбасылық өмірге дайын болмаған адам, ең алдымен, өзі отау құрғалы отырған адамның әлсіз тұстары мен кемшіліктерін тани білмейді. Содан соң тұрмыс құрып, балалы болып, эмоционалды байланыстар орнап қойғаннан кейін мәселе көзге ұрып, көріне бастайды. Казір көбісі жастардың өздерін кінәлайды. Мұндайда Абайша айтқанда «ебін тауып, жөнге салу» керек. Мен жастармен осы бағыттар бойынша жұмыс жасаймын. Соған сәйкес, екі түрлі ұсыныс айтқан болар едім. Оның біріншісі, ажырасу, зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жастарды отбасылық өмірге дайындау. Екіншісі, отбасы құрғаннан кейін бастапқы бес жылдықта мамандармен жұмыс жасау керек. Өйткені отбасылық өмірге дайын болып барғанның өзінде жас отбасыларға белгілі бір мәселе туындаған жағдайда кеңес беретін адам керек. Мұндайда көбісі құрбыларына, достарына немесе жақын адамдарына жүгініп жатады. Бұл жағдайды тіптен ушықтырып жіберуі мүмкін. Демек, ажырасумен күресудің қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – бірін-бірі бағалап, түсініп, жақсы көріп, керек кезінде қолдай білетін отбасылардың қатарын көбейту.
Б.А: Қазақ дүниетанымында және басқа да халықтарда жанұялық жұп құру – өзіндік бір тылсым, өздігінше сакральді, қастерлі құбылыс болып табылатындығын бүгінгі тарихи жадының ұмытылуынан да ажырасулар көбейіп отыр. Себебі «адам өндірісіне», яғни ұрпақ әкелуге құрылған отбасы, тек репродуктивті қызмет атқаратын әлеуметтік институт емес, ұрпақтардың толыққанды тұлға болып қалыптасуы үшін де жауапты. Бұл ахуал жанұялық өмір мағынасынан, әзірге нақты шешімін таппаған жалпы өмірдің мәні мәселесіне де бәсекелес бола алады. Нақтырақ айтқанда, жанұялық өмір тұтас өмірге мағына енгізеді.
Ал қазір қоғамдағы ажырасудың көбеюі жауапкершілікті сезінбеу мен өмірді байсалды деп түсінбеушіліктен. Өмір жеңіл-желпі, жетпіс-сексен жылда әйтеуір сүріп тастайтын шоу емес. Өмірді театрландыру мен өз қамын күйттеушілік жаһандану жағдайында біздің сана-сезіміміз бен ділімізге айтарлықтай ықпал етуде. Сондықтан бұл тұста ең басты түйін: жанұялық өмірдің өмір мәнділік жауапкершілік екендігін жастардың санасына сіңірумен келіп түйінделеді. Мұндай насихаттың өзі ата-ананың мойнындағы жауапкершілік.
– Отбасы институтындағы дағдарыстың қоғамда қандай салдары болуы мүмкін?
И.А: Отбасы институтындағы дағдарыс неке қатынастарының құлдырауына, атап көрсететін болсақ, тіркелмеген некелер санының көбеюі, дәстүрлі емес неке түрлерінің пайда болуы (азаматтық неке, демалыс күнгі неке, т.б.), сонымен қатар ұрпақаралық сабақтастықтың жоғалуына, отбасы құндылықтарының әлсіреуіне әкеледі. Бұл үрдістердің нәтижесінде қоғамда толық емес отбасылар және сондай отбасында тәрбиеленетін балалар саны артады. Сәйкесінше, олардың толыққанды даму мүмкіндігі төмендейді. Сонымен қатар туу көрсеткіші төмендеп, балалар үйі мен қарттар үйінің көбеюі сияқты өзекті мәселелерге себеп болады.
Б.А: Ажырасудың тағы бір себебі, баланың тұлғалығын менсінбеушіліктен де туындап жатады. Әкесіздік немесе анасыздық балаға қаншалықты зор зардаптар алып келетіндігін түсінбей, ата-ананың тек өздерінің ғана қамын күйттеп ажырасу – эгоизмнің бір түрі.
Оған деген жалаң сүйіспеншілік пен қайырымдылық кей жағдайларда баланың жеке тұлғалығын ескермеумен келіп тоғысады. «Бүгінгі бала – ертеңгі біз, бүгінгі біз – бұрынғы бала» деген қарапайым қағиданы басшылыққа ала отырып, оның ішкі мағынасына үңілген сайын баланы елемеуді жоюға қарай бет түзейтін сана қалыптасады. Баланы бастапқыда тек қана ата-ананың, яғни өздерінің эмоционалдық қуаттарын қанағаттандыратын биологиялық құрал ретінде түйсіну мен есейгенде, қартайған шағында асырайтын, қолдау көрсететін өзінің болашағының адами «капиталы», «ресурсы», «құралы» деген таптаурын түсініктерді саналы түрде жоюға бет түзеуіміз қажет.
Ажырасудан туындаған тірі жетімдердің немесе жартылай жетімдердің бойындағы психологиялық күйзелістер мен жетіспеушіліктер оларды адамгершілік қасиеттерден алшақтата түседі, ол бейсаналы-саналы түрде объектісі беймәлім болашақтағы әлдекімдерден өш алушы жанға айналады. Мәселен, әкесі тастап кеткен балалар кейіннен зәбір көрушілер ретінде өмір сүреді. Әкеге деген өшпенділік, кейіннен қыз балалардың нақ өздері ғана емес, ұрпақтарына да беріледі. Сол есейген қыз балалар отбасын құрған жағдайда бұл жетіспеушіліктер күйеулерінен өш алуға айналуы да ықтимал.
Инфантильді жігіттер де, қыздар да болады. Мәселен, инфантильді жігіттер өзінен бірнеше жас үлкен әйелдерге үйленеді, оған шындығында, алдымен, әйел емес, бұрынғы ана қамқорлығы керек, соны аңсайды, отбасындағы ер мен әйел жұбы «ана мен бала» қатынасына өтеді. Бірақ бұндай жұптар ұзаққа бармауы да мүмкін, өйткені шындық ашылады, ол шындықпен әйелдер келіспейді.
А.Ж:Адамдардың табиғаты өзгеше болғандықтан және әртүрлі ортада өскендіктен отбасында конфликтінің болуы қалыпты жағдай. Біз, керісінше, конфликтінің болмауы қарым-қатынастың дұрыс кұрылмағандығын білдіреді деп айтамыз. Себебі конфликт қарым-қатынастың дамуына мүмкіндік береді. Бастысы, ол агрессияға айналмауы керек. Мен осы тұста екі түрлі кейсті атап айта аламын. Біріншісі, арадағы келіспеушіліктің агрессияға ұласып, ақыры ажырасуға апаруы. Оның қоғамға тигізетін зияны жесір әйелдер мен өзіне сенімсіз, жағымсыз әдеттерге әуес еркектер. Екіншісі, келіспеушіліктен агрессия туып, соңғы сәтте жұрттан ұят болады деп ажыраспай қалатындар. Мұндай отбасыларда буллинг, зорлық-зомбылық жиі орын алады. Ондай ортада өскен бала да әлсіздерді езуге бейім болады. Отбасында қажетті жылулықты ала алмаған қыз бала да махаббатты өзгелерден күтеді. Біз отбасы құрғанда өзіміз көрген тәжірибені іске асырамыз. Ал ата-анасынан бес алғаны үшін ғана мақтау естіп, шартты махаббатты көріп өскен бала өзі де отбасында сондай қарым-қатынас құра бастауы заңдылық. Бұл әрі қарай тізбектеліп кете беретін өзара байланысты дүниелер. Яғни отбасындағы мәселелердің негізгі ошағы да отбасынан басталады.
– Еліміздегі ажырасудың негізгі себептерінің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық екені анықталған. Бұдан бөлек, отбасындағы нашақорлық, маскүнемдік, құмар ойынға тәуелділіктің әсер ететіндігі анықталған. Осы тұрғыдан қоғамдағы ажырасу деңгейінің өсуі азаматтардың құқықтық сауатының артуын білдірмей ме?
А.И: Әлемдік гендерлік теңдік индексі көрсеткендей, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша Орталық Азияда көшбасшы позициясын алады (әлемдік рейтингте 162-ден 44-ші орын), сондай-ақ Қазақстан Орталық Азия елдері ішінен әлемдік «Адамның даму көрсеткіші өте жоғары» елдер рейтингіне енген жалғыз мемлекет. Қазақстанның аталған тізімде жоғары орын алуына ықпал еткен критерийлер – ана өлімі көрсеткішінің төмен деңгейі, кем дегенде орта білімі бар халық үлесінің және экономикалық белсенділіктің болуы. Дегенмен зерттеуге қатысқан әйелдердің ішінде құқықтық сауатсыздықтарының негізінде көптеген проблемаларға тап болғаны анықталды, мысалы, ортақ отбасы мүлкінің күйеуінің туысының атына жазылуы, алимент өндіру процедурасы бойынша көптеген құқықтық аспектілер жөнінде хабардар болмау.
Б.А: Иә, біздің қоғам көптеген шығыс елдері сияқты патриархаттық қоғам, ол жағымсыз мағынасында – таптаурындар, жағымды мағынасында – дәстүріміздегі өмір салты. Бұл үрдіс бір жағынан батыстық құндылықтарға еліктеу мен әйелдердің құқығын қорғауға ұмтылу болса, екінші бір қырынан алғанда байырғы исламға дейінгі түркілік мәдениеттегі әйелдерді құрметтеу архетиптерінің, рухының қайта жаңғыруы тәрізді. Әйел мен ер адамның барынша тең деңгейде қаралуы негізінен тәңірлік дүниетанымда мығым орныққан сияқты, әйелдердің кейбірі сол дүниетанымның өзін емес, көп жағдайда оның гендерлік теңдік ұстанымын бейсаналы түрде қайта жаңғыртуды қалайды.
Біз мынадай парадокстар туралы ойлана бермейміз: маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойынға деген әуестік, т.б. кейінгі ұрпақтардың, жастардың бойынан салыстырмалы түрде, егде жастағы ерлерге қарағанда сиректеу табылады, яғни біршама азайған, бірақ ажырасу деңгейінің жоғарылығы сақталып қалған.
Әрине, құқықтық сауаттылық артып келеді, бірақ оған қоғам дайын болуы тиіс, оны шектен тыс асыра пайдалануға да болмайды, біз бұндай жағдайда шешімін тапқан сияқты болып көрінетін, бірақ шынтуайтында, шешім болып табылмайтын, «Алтын аралық» қағидасына жүгінеміз.
– Заманауи отбасы құндылықтары қаншалықты өзгеріп келеді? Қоғамдық нормалар мен құндылықтардың өзгеруі отбасының динамикасы мен жұмысына қалай әсер етеді?
А.И: Жаһандану және модернизация процестері отбасы институтына өз әсерін тигізетінін білеміз. Заманауи қазақстандық отбасында да жаңа трендтер мен тенденциялар орын алуда. Мысалы, үй шаруасына қатысты міндеттерді бөлуде теңдікті сақтау, бюджетті бірлесіп басқару сияқты жағдайларда байқалады. Дегенмен қазақстандық отбасында негізгі құндылықтар әлі өз күшін жоғалтқан жоқ. Ал отбасын құру деңгейінің төмендеуі мен кешігуін жалпы әлемдік тенденция деп алуға болады. Рационалды әрекет пен индивидуализмді алға тартқан нарықтық капитализм мен экономикалық либерализм өмірдің барлық саласында күрделі өзгерістер туындатып отыр. Отбасы институты да жаңа талаптарға байланысты трансформацияға ұшырады. Отбасы қатынастарын құрмас бұрын жастар ондағы тәуекелдер мен артықшылықтарды саралап, рационалды шешім қабылдауға бейімделіп келеді. Британдық әлеуметтанушы, «Жекешеленген қоғам» концепциясының авторы Зигмунт Бауманның пайымдауынша, жаңа жағдайда адамдар «ұзақ мерзімді» менталдылықтан бас тартып, «қысқа мерзімді» міндеттерге басымдық береді. Сәйкесінше, ұзақ мерзімге созылатын, үздіксіз еңбек пен үнемі жетілдіруді қажет ететін неке-отбасы қатынастарына түсу – заманауи қоғам адамдары үшін күрделі таңдаудың біріне айналған. Оны соңғы уақытта Қазақстанда динамикасы өсіп келе жатқан – тіркелмеген некеде тұру үрдісі дәлелдейді. Бірақ өкінішке қарай, елімізде осы типтегі некеде тұратын адамдардың нақты саны туралы деректер жоқ. Бұл жағдайда демографтар тіркелген некеден тыс туылған балалардың үлесі сияқты жанама деректерді пайдаланады.
БА: Біз соңғы уақыттарда «өткеннің барлығын тұтастай ескінің артта қалған сарқыншақтары, бүгінгі заман басқа, ол баяғыда солай болған» деген сияқты бағалаулармен ғана шектелеміз. Тарихи рухани құндылықтарымыздың ішкі терең мағыналарына үңіліп, оларды өмірде қолданысқа енгізуді ойламаймыз. Сондай көне дәстүрлердің бірі – атастыру. Ол өз кезегінде жастардың ажыраспауының кепілі болған, махаббаттың әлеуметтік мифтік қырын назардан тыс қалдыруға келіп табан тіреген. Осыған байланысты, лиро-эпостық жырлардағы нәтижесіз махаббат бір қарағанда трагедия, екінші бір қырынан алғанда, «махаббатшылдықпен адасу» екендігін ниеттейді. Сондықтан бүгінгі күнгі қосылғандар жастар арасында, уақыт өте келе: «мен махаббатымды таппадым-ау» деген сезім сақталып қалады.
Ал атастырудағы халқымыздың астыртын жатқан ой түйіні мынаған келіп саяды: жастар үйленетін жасқа жеткенде, өздерінің болашақ жұбын өз бетінше дұрыс таңдауға ақыл-ой мен таным-талғамы жағынан әлі қабілетсіз болады, ал қабілетті жасқа жеткенде үйленуге кеш болады. Сондықтан жастар үшін үйлену, болашақ жұбының қандай адам екендігі – тәуекел мен жазылып қойылған тағдыр болып тағайындалған және ата-анасының кесімді бұйрығы ретінде ата-салты болып бекітілген. Олай болса, бастапқыдағы «сүйіп қосылу-сүйіп қосылмау» деген өлшем бұл жерде маңызды болмай шығады және жастардың санасына енгізілмейді немесе мүлде ығыстырылады. Себебі «сүйіп қосылу мифі» көп жағдайда өзінің оңды нәтижесін беруге кепіл бола алмайды.
АЖ: Отбасы институтын нығайтамыз десек, кешенді жұмыс жасауымыз керек. Мәселен, әлемде 1800 жылдың басына дейін Швеция мен Ресейдің отары болған Финляндия деген ел бар. Қазір ең дамыған мемлекеттердің қатарында. Қызығы, Финляндияда 9 ай қыс болады екен. Қазба байлық мүлде жоқ десе де болады. Бірақ жылдық ЖІӨ адам басына шаққанда 35 мың евроны құрайды. Білім сапасы бойынша әлемде бірінші орында. Міне, осы өзгерістің бәріне Снелман дейтін бір-ақ қарапайым мұғалім мұрындық болған. Өз елін дамыту үшін ол қоғамға әсер ететін негізгі бөлшектермен жұмыс жасады. Біз үшін де ескеру керек маңызды тетіктер бар. Біздің қоғам үшін отбасы институтын нығайтуда мұғалімдер мен имамдардың рөлі маңызды. Қазір бізде отбасы күні бар. Бірақ біз оны дұрыс пайдаланып жатқан жоқпыз. Отбасы күні фестиваль ретінде өтуі керек. Және бір ай бойы отбасы құндылықтарын насихаттайтын, отбасылық өмірге дайындайтын іс-шаралар жүргізілуі керек.
Сонымен қоса қазіргі әлеуметтік желідегі отбасылық мәселелер жайлы айтылып жатқан контенттерді позитивті формаға өзгерту керек. Иә, қоғамда шаңырағы шайқалып жатқан отбасылар жоқ емес, бірақ іргесі берік, үлгілі отбасылар да бар ғой. Тіпті олар салыстырмалы түрде көбірек. Неге соларды дәріптемеске? Неге біз міндетті түрде жағымсыз жағдайларды шұқып көрсетуіміз керек. Бұл жоғарыда айтылған отбасы институтының әлсіреуіне, адамдардың кеш үйленуіне, қоғамдағы отбасын құруға деген теріс көзқарастың пайда болуына себеп болады. Мұндай жағдайда зорлық-зомбылық туралы заңды да мен түбегейлі шешім деп айта алмаймын. Себебі егер шешімді ұсынбастан жаза мен жағымсыз кейстерді алға тарта берсек, оң нәтижеге жете алмаймыз. Мұндай ақпараттар адамда психологиялық тұрғыда қорқу сезімін оятады. Ал қорқу адамда ұзақ уақыт болған кезде үмітсіздік пайда болады. Егер мәселені түп тамырымен шешпесек, адамдар зорлық-зомбылықтан бас тартудың орнына оны қалай жасырудың жолдарын іздей бастайтын болады.
ДайындағанҚосқанат Бауыржан