Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:16, 14 Наурыз 2023

Жазушы Мағира Қожахметова: Бүгінгі заманға сай жанр қажет

None
None

 Есімі «Жас Алашпен» қатар аталатын қаламгердің бірі – «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова.

Жастар басылымында табан аудармастан, он бір жыл қызмет еткен, жазушы-журналист қазірге дейін тынымсыз еңбектеніп, балаларға арналған «Балбұлақ» журналы мен «Дертке дауа» газетін шығарып келеді. «Жантәсілім», «Жападан-жалғыз», «Күннің алтын сынығы», «Жылышырай» атты прозалық кітаптары мен қатар жазушының «Менің шашылған энциклопедиям», «Адам-құпия» туындылары да әр жастағы оқырман қызыға оқитын нағыз интеллектуалдық-танымдық еңбек. Оның әр шығармасында ұлттық рух, қазақы дүниетаным, адам санасының аса күрделі иірім-қатпарлары туралы зерделі ілім мен терең таным менмұндалайды. Қандай тақырыпқа қалам тербемесін, оқырманын өзіне бірден баурап алатын қаламгер Қожахметованың бүгінгі сұхбаттағы оқыс ойларға толы риясыз әңгімесі де ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Сіздің журналистік қызметіңізде бір дәуірдің ізі бар. Сол кездегі очерк деген керемет еді. Байқасақ, сол заманның журналистері, халықтың нақ ортасында жүріпсіздер...

– «Лениншіл жаста», «Қазақстан әйелдерінде» жүрдім ғой, хаттар өте көп келеді. Неше түрлі тағдырға араластық, түрмеге бардық, шахтаға түстік, нақақтан сотталғандарды тұтқыннан босаттық. Күйеулерінен қорлық көрген әйелдерге көмектестік, ауруға ұшырағандарын емдеттік. Әлеумет министрі Зәуре Омароваға, денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер, гинекологы болған, ғылым докторы Кәмила Өтегеноваға, педиатрия институтының білікті маманы Жанна Көкешовнаға жетектеп кіргіземіз республикамыздың түкпір-түкпірінен шағымданып, әділдік іздеп, ауырып келгендерін. Қай жақтан кім арыз, өтінішпен редакцияға келсе, соны дереу тиісті мекемеге апарып, қалайда мәселесін шешуге асығатынбыз. Бәрі кәдімгі психологиялық көмек. Ол кезде адамдар редакцияға қасиетті орынға, храмға келгендей келетін. Біз халыққа «жедел жәрдем» болдық. Сонда адамның қабағына қарайсың да ең алдымен, жанын ұғуға тырысасың. «Журналист жолға шықты» деген рубрика бойынша топ-топ мақала жаздым. Талай кісінің зейнетақы алуына, мүгедектігін рәсімдеуіне атсалыстық. О кезде сенің «Лениншіл жастың», «Қазақстан әйелдерінің» тілшісі болғаның керемет күш! Менің өрлігім сондай, журналистік статусымды обком, аудандардың бірінші хатшысынан жоғары қоятынмын. Енді келіп тағдырдың соққысын қарасайшы, соңғы отыз жылғы билік бізді, қаламгерлерді мүшкіл жағдайға жеткізді ғой.

Бүгінгі көңіл күйіңіз қалай, ойыңызға не келіп, не кетеді?

– Қайсыбірін айтайын, қайталанбас ортада шыңдалып, асыл азаматтардың құрметіне бөленгеніме енді ғана мән беріп отырмын. Оралхан музей, театрларға баруымды қадағалап, кейде «Аққу» кафесіне барып отырып келші» деп жұмсайтын. Сосын, не істедің деп сұрамайды. Кей тапсырмасын орындай алмадым. Соның бірі марқұм Майра – Асанәлінің әйелі туралы жаз деп еді. Майраны опера әншісі ретінде жоғары бағалайтын. Сол кезде арияларын тыңдауға уақыт таппадым ба, әйтеуір, реті келмеді. Оралхан бауырмалдықпен, жанашырлықпен қарады, әйелі Айманмен жақсы араластық. Жақында архивімнен Ақселеудің Мағирашқа деп сыйлаған үш суретін тауып алдым. Графикалық суреттер. Аңызға айналған осындай жандардың еркесі, қадірлісі болыппын. Сол кезде оларды тұлға, мықты деп қабылдамаппын, орталарында ертегідей өмір сүргенімді енді біліп жүрмін.Кеше Болат Аюханов та кетті, мені сыйлайтын, іздейтін ешкім қалмады. Мәдениет министрлігіне бір қолжазба тапсырғанмын, комитеттен жарамайды деген рецензиясын кеше барып алдым, кітабым өтпей қалыпты. Кітап палатасына тіркеген пьесаларымның жинағымен екі қолжазбадан да хабарсызбын, өзімді әлдеқандай ғып әспеттейтін сендер, қыздар ғана. Әйтпесе, атақ, сый-сияпат, орден, сыйлық таратуға құзыреті барлардың менімен шаруасы жоқ, бумеранг – жас кезімде мен билікті менсінбедім, енді қартайған менің бүгінгі билікке қажетім жоқ.

Тақырыбыңыз эстетикалық дүниелерге, мысалы, әуен, күй өнеріне қатысты болып келеді. «Жападан-жалғыз» деген кітабыңызда «Күй-кісен» деген повесть бар, бұған үлкен толғаныспен, ізденіспен келгеніңіз көрінеді, тілі де керемет, мылқау қыздың жан дүниесіне бойлау, психологиялық иірімдер мол. «Күй-кісен» дегенде қыздың күйге қалай арбалғаны, өнерге іңкәрлігі – бұл бір жағы, екінші жағы – күй және кісен дегеннің өзінде де бірнәрсе бар сияқты?...

– «Күй-кісен» шынымен де ұзақ ойланған дүние. Жас кезімде көлдің жағасында елес қуып ұзақ отыратын едім. Күн күркіреп, найзағай шатырлап, жасын ойнап жатқанда үйде отырудың орнына жүгіріп көлге барып, қатты дауыл тұрғанда, нөсер жауғанда көлдің ішіне тығылатынмын. Ол бір ғажап сәт еді. Судың температурасы да өзгеріп кетеді. Жалпы, адам өмірге келгенде, тұтқынға келеді, күй деген «состояние». Оның үстіне, қыздардың тағдырының, әсіресе, талантты қыздардың тағдырының қиын болатынын жастай сезіндім. Күй-кісен дегенге келсек, ондағы мылқау қыз, шын мәнінде, мылқау болмауы мүмкін немесе шартты түрде алсақ, еститін адам да мылқау болуы мүмкін. Мысалы, мен де бір кезде мылқаулық жағдайды бастан кештім, іштегі буырқанысты, қазақ қызының ішкі дүниесін ешкім түсінбейді, оның үстіне, қазақ қоғамында бұл қиындау. Бұл тек Аяның тағдыры емес. Егер бұны жан-жағынан келіп зерттесе, жалпы, құдай талант берген әйелдердің тағдыры қиын. Жазатын жазушы қыз-келіншектерді қарап отырсам, бұларды адам демейді, жарыққа шығып, атақ-даңққа бөленгендердің көбі таза еңбегімен емес, міндетті түрде шал-шауқанның құшағына құлап, не құнсыз еркектердің, бастықсымақтардың алдында кішірейіп, көніп, атақ, қызметтерінен ат үркетіндей депутат, министр, бірінші хатшы ма, жерлес, руластарының тікелей қолдауымен қатарға қосылғандарын, көтерілгендерін көрдім. Мәселен, жас кезімде әңгімелерімді редакцияларға апарғанда, жігіттер біртүрлі қолын жүгірткісі келіп, төмен қылықтар көрсететін. Сол кезде арқам көтеріліп, жынын қағып тастайтынмын, екінші рет жоламайтынмын. Талай қыз-келіншек небір аға-жағаларының қолпаштауымен түрлі марапат иемденді. Менің ерекшелігім – бұл әрі кемшілігім, әрі жетістігім шығар – ешкімге бағынған жоқпын. Төбелестім, жұлыстым, бірақ ешкімге ар-намысымды таптатпадым. Бірақ бұл маған жақсылық, бақыт әкелген жоқ, өмірімді қиындата берді. «Күй-кісен» жас кезімнен миымда жүрді. Орман, нөсер, дауыл… Мылқау қызға жаратқан керемет саңылау берген, табиғаттың құбылыстарын түсініп, соны жарыққа шығара алмау қандай қиын, оны дүлей деп, мылқау деп ойлайды. «Күй-кісен» – өнер адамының тағдыры, таланттың шығуы, дамуы, тұншығуы, өзімнің де мылқаулығым, дүлейлігім. Мылқау болса, қалайша оның саңлауы болады?.. Сынға, небір пікірге сұранып-ақ тұр. «Күй-кісенді» ешкім талдамады, зерттемеді. Роман туралы айтсам, сол жылғы баяндамаға да іліккен жоқ.

«Жантәсілімнің» соңғы жағында «опат болған туыс-бауырларыңды жазыңдар» деп әдейі орын қалдырған екенсіз. Кітаптың шыққан уақыты қиындау кездер еді, ел жаңа ел болып, әркім қара басымен болып жүрген уақыт. Маргарет Митчелл «Унесенные ветромды» он жыл жазған, соғыс қалай өтті, адамдардың өмірін қалай өзгертті, соны айтады. Сіз сол зұлматтың өзін көрмесеңіз де, әулеттің бастан кешкенін, кімге қалай батты, сол сынақтан кім қалай өтті, қиын кезде кімнің кісілігі, адамгершілігі қалай болды… соны жаздыңыз...

– «Жазушы» баспасында Есенбай Дүйсенбаев деген ақын қызмет етті, сол кісі керемет ақылды, талантты еді. «Мағира, мына «жүз роман» деген жоба шықты, соған мына романыңды қосайық. «Жантәсілімге» лайықты мән берілмей қалды» деген еді. Мұнда жаңалық көп, шынында да менің арманым: жиырмасыншы ғасырдың ашаршылық, коллективтендіру, отыз жетінші жылында, ұлы отан соғысында кеткен әрбір қазақ – өлді ме, белгісіз кетті ме, тұтқынға түсті ме, әр қазақ мені күйзелтетін, жанымды тебірентетін, көзімде жас парлайтын, оралмаған әр қазақ тарихта қалуы керек деп армандаймын. Анау кітапты оқып біреулер хабарласса деп ойлағанмын, «Боздақтар» шықты ғой, сол бірінші шықты ма, мен бірінші жаздым ба, білмеймін, соның шынында да мәні бар. Бұл деген адамдарды оятатын нәрсе ғой. Соғыста опат болған әрбір қазақты тарихта алтын әріппен жазу керек. Жиырма екі жыл бойы «Батыр бабаңмен таныс» деп «Балбұлақта» беремін. Мәриям апамның архивінен жауынгерлердің хаттарын алып шығарамын. Президентіміздің әкесін танитын едік, сол кісінің Қасым деген туған ағасы Ржев майданында қаза тапқан. Ржев майданының қасіретті сыры осы уақытқа дейін ашылған жоқ, қазақ ең көп қырылған шеп, әрбір миллиметр жерден тірілей қалқан жасап, алаңды тек бір ме, екі сағатқа ұстап тұру үшін солай қаншама қазақты оққа байлап, ата берген. Журналист Айгүл Нөкербаевадан естігенмін, Ржев қырғынынан тірі қалған, аяғы кесілген бір майдангер «Ура» деген сөзді естісе еңіреп жылай береді екен бейбіт күндері. Өйткені «Ура» деп солдаттар алға жүгірген кезде пытырлатып жүздеп, мыңдап қыра бергеніне куә болған ғой. Сондықтан майдангер «Ура!» деген сөзді апат деп қабылдайды екен. Осыны балаларға насихаттағым келеді. Сол қанды қасаптан қайтпаған Қасым Тоқаевтың фотосын, дерегін іздеп, журналымның «Батыр бабаңмен таныс» рубрикасында жарияладым қайбір жылы. Соғыстан оралмаған әр қазақ батыр – мен үшін.

Күйді жақсы көресіз. Опералық ариялардан гөрі Иманжүсіптің әнін, Шегенің ариясын жоғары қоясыз. Жас кезіңізден сондайсыз ба?

– Күй тыңдағанды жақсы көремін. Музыканы бәрінен бұрын туған деп ойлаймын. Музыканы шығару – құдірет! Қазақтың күйлері қандай! Жастайымнан музыканы жақсы көрдім, пластинка жинадым. КазГУ-де оқығанда жатақханада тұрдық, ғашық болған, көңілі жақын жігіттер келгенде күй тыңдатамын, Бетховен, Шопен, Құрманғазы, т.б. күйтабақтарын қоямын, әлгі байғұс отырады, сағаттап тыңдауы керек қой, ұйқысы келіп, қарны ашады екен. Бертінде айтады ғой: «Мағира, біз саған барғанда сен пластинка қойып, өзің рахаттанып тыңдап отырушы едің, көбінесе аш қайтатынбыз» дейді. Ол тыңдағысы келе ме, келмей ме, шаруам жоқ. Содан жігіттер мына қыз ертең тамақ та пісіріп, кір жуып та, әйел болып та жарытпайтын шығар дейді екен. Кез келген ұлттың музыкасы өзінің географиялық ендігіне байланысты. Мәселен, мынау тау-тастың арасында тұрған ұлттардың үні ауа жетпегендей тұншығып шығатын сияқты, ал кең даланың музыкасы мүлдем басқаша шығады. Кей бауырлас ұлттың музыкасын тыңдағанда көз алдыма есек, есек арба келетін. Олай айтуға да болмайтын шығар, бірақ солай. Біздің музыкадан жылқының тұяғының дүбірі шығады. Мен музыканы көп зерттедім. Бетховеннің 32 сонатасын, 9 симфониясын сағаттап тыңдайтынмын. Күнделіктерімде де бар екен әсерім. Мен үшін музыка – бәрі, музыка тыңдау – ем қабылдау, жан дүниеңді жаңғыртып, аспанға ұшырады, қатерлі дертке бағыттала түйіліп қалған клеткаларыңды жазып, ыдыратып жібереді.

Сіз өзіңіз жалт-жұлт жарқыраған жерге кіргім келмейді дейсіз, өзіңіз солай ойлағасын өміріңіз де солай сияқты, мұның арасында байланыс бары анық...

– Нені қаладым, нені армандадым, сол болды да, қойды ең соңында. Кеңестік заманның қазанында қайнадық, бәріміз бірдей, еркек, әйел тең деп аштық көзімізді. Анамыздың тірлігін, көзқарасын түсінбейтінмін, «қалайша сен үкіметке жұмыс істемей бала тауып отыра бересің, мен ешқашан сенің тағдырыңды қайталамаймын» дейтінмін.

Неге? Психологиялық жарақат алдыңыз ба? Тауқыметін тарттыңыз ба?

– Тауқыметін көргенім жоқ. Кім білсін, совет үкіметінің тәрбиесі өтіп кетті ме? Жас кезімде ішімде бір рухтылық, жігер болды, ұйқысыздыққа ұшырадым, кітап оқи беремін, 13 жасымнан күнделік жазып, журналист болам дедім. Қыздар әдетте күйеуге шығуды, қалыңдық көйлегін киюді армандайды ғой, масқара болғанда мен соны қаламадым. Басқа бір әлем қызықтыратын. Қыздардың, құрбыларымның ойлағанындай ой, хал, ахуал кешпедім жас кезімде. Менде керісінше, аспанмен, даламен, табиғатпен бірігу, армандау бірінші планда тұрды. Күнделіктерімде байқалады мұның іздері. Кейде сол жазғандарыма таңғаламын. Әзірге, 700 бетін бастырып қойдым. Шешем мені «Қиялбек» дейтін. Бірінші класқа барғанымда, әріптерді танымай суретке қарап судырата береді екенмін, таң атқанша, түнгі жұлдыздарға қараудан жалықпайтынмын. 7-13 жас аралығында Айтжан деген құрбым екеуміз шатырға көтеріліп, көзімізді тарс жұмып, кезек-кезек ойдан ертегі құрастыратынбыз. Көрген-білгеніміз бен қиялымыздың арасы жер мен көктей еді. Соның әсері ме санамды бұлыңғыр басқа нәрселер арбайтын. Адам не ойласа сол болады екен. Қуанатыным – ешкімге қиянат жасамағаным, ешкімге қарыз болмағаным, ар-намысымды биік қойғаным. Жалпы, барлық нәрсеге шартты қарау керек екен. Тым әсірешілдік, ешқашан орнамайтын қиялымдағы әсемдіктің, тәртіптің, өнегенің құрбаны болған сияқтымын қазір зерделесем.

«Мен кезінде бағаланбадым, оқылмады, себептерін ойлаған кезде оған философиялық жағынан келемін. Өзімен-өзі күшеніп, өзіне-өзі сыймай жүрген адамдарды көргенде, күлкім келеді, өйткені оларды ешкім оқып жатқан жоқ, біз ешкімге керек емеспіз» дейсіз. Бұлай деу үшін адам жүрегі тоңатындай бір жағдайларды бастан өткеру керек сияқты...

– Мен бәрінен өттім, сатқындықты да, жауыздықты да, бейшаралықты да көрдім. Әулие, классик деп жүргендердің сорлылығын көрдім. Қазіргі көпшілік пір тұтып жүрген адамдардың біразымен араластым, көбін білемін, бірақ оны тәптіштеп айту ұят. Кейбіреуін аттарын атап, түстерін түстеп күнделігіме жазып қойыппын. Апаларымның да екіжүзділігін көрдім, аға-апаларыма, мықтыларға табыну мен түңілудің арасында өтті бүкіл өмірім. Бертінде әрең дегенде, солардың бәрінен қашып құтылдым, ұлы деген адамдардан алшақ, өзіммен-өзім қалғаныма ризамын. Өнерге де беріліп кетпеу керек, тепе-теңдікті сақтап үйрену керек. Қиялдан идеал жасамау керек екен, жас кезімде бір жазушының шығармаларын есім кете оқып, кейін иттігін, қатыгездігін көріп, қатты түңілгенмін. Шешемнің ескерткеніндей табынып, таусыла жазумен қатар тым жақсы көрудің, сыйлаудың да опындырғанын өткергенмін.

Арманыңызды білуге бола ма?

– Шығармашылығыма деген бейқамдыққа алаңдаймын, бірде-бір драмам қойылмайды. Ақша тапсаңыз, дереу гүрілдетіп әкетеміз дейді. Шіркін, ақшам болса, Көшімхан, Сүзге, Б. Момышұлы, М. Мәметова, Иманжүсіп образдарын асқақтата сахнаға қойып, бутафориясын жасап, тағы миллиондаған ақшам болса, кітаптарымды аудартып, әлемге әйгілер едім. Драмаларымда ситуация бар, әбден пісіп жетілгенде жаздым, ол кристальный, сыңғырлаған мөлдір дүние екен, онда ақыл айтпайсың, тек қана ситуация, әрекет, іс бар. Ал бізде көбінесе ақыл айту ғой, мораль оқу басым. Сондықтан мен драма жанрына дайындықпен келдім: ендігі шақта тек қана драма жазуым керек дегенге тоқтадым, қазір екі томыңды кім оқиды? Мен «өмір бойы өлең жазумен айналыстым» деп, бір күн қызмет етпеген, қоғамға пайдасын тигізбеген, жазған-сызғанын ғана міндет қылғандардай емес, өмір бойы қара жұмыспен келе жатырмын. «Сүйдім, күйдім» деген өлеңдерді оқығым да келмейді. Бірақ маған танымдық, тарихи, психологиялық, парапсихологиялық, бұрын әріптестерім мән бермеген тақырыптар ұнайды.

Лууле Виилма деген ұлты эстон әйел психологтың бірнеше кітабы бар, жалпы, айтатыны ізгілік. «Мен бірнәрсенің шешімін таба алмай жүргенде сүрініп қалуым, сол кезде қарсы алдымнан төмпешік көруім мүмкін, кез келген мені мазалаған сұрақтың жауабын содан табамын, жауап бірнәрсе арқылы келеді» дейді. Сонда адам соған жететін болып тұр ғой?...

– Бұл таныс жәйт қой, әлденеге елеңдеп, мазаң қашқанда, жауабын таппай жанұшырғаныңда, аспандағы бұлттардың сұлбасынан, ағаштардың жапырақтарынан, дүкен, мекеме маңдайшасындағы жазулардан, жүйткіген автобус, машина сандарынан, екеуміз әңгімелесіп отырған мына кітапхана залынан, кездейсоқ көзімізге шалынған газет-журналдың атынан да табуымыз мүмкін. Кенеттен мазалаған түйткілдің шешімін. Сәт сайын өліп, сәт сайын тірілетін ағыл-тегіл ойларымыздың құлақкесті құлымыз ғой, ештеңенің аяғына дейін, түбіне дейін шұқылағым келмейді. Миым қабылдауға дайын екенін түйсінгеніммен нендей күрделі жәйттің де түп-тұқиянын қазбалауға құлықсызбын. Әрі-берден соң бұл қаламгерлік қолтаңбама да тән, әдеби жанрлардың ешқайсында тұрақтылық таппадым, әңгімені де, повесті де, романды да топырлатуға ниет етпедім. Қаламгерлер әдетте мақсатты түрде бір жанрда жыл сайын кітаптарын шығарып, соны кәсіп етеді ғой. Мен творчестволық жолымда бір ізбен жүрмеппін, бір тақырып, бір объект, бір саланың айналасында тоқтай алмаппын. Мен жерік болған тақырып аясы да көбеюде. Бір кезде Дзен қызықтырса, одан кейін музыка әлемі баурап, европалық композиторлардың кей симфонияларындағы қазақ ән-күйлерінің сарыны таңғалдырып, әдет-ғұрпымыздағы парапсихологиялық көріністер, психика және паранормальды қабілеттер, ғылымның ұлттық салт-дәстүрімізде жасырынған сипаты – түс, аян қызықтыра бастады. Міне, осылай жалғасуда апаңның ізденісі.

Шамасы, сіз басқа елге барып, қызықтап жүретін жиһанкез сияқтысыз, бұрын таныс емес жаңа дүниемен танысуға құштарсыз...

– Иә, солай. «Жантәсілім» сияқты роман, «Күй-кісен», «Жападан-жалғыз» сияқты повесть, әңгіме жаза берер едім, бірақ проза енді тіпті де қызықтырмайды мені. Оқырманымның да өліп-өше үздіккенін аңғармадым. Бүгінгі заманға сай жанр қажет. Бәлкім, сана-сезімімізді билеп-төстеген осы қазіргі технологияның сауатсыз оқырмандарына сай әдеби жанр керек шығар. Бұл да ізденуді талап етеді. Ендеше, әрекеттеніп, іске көшейік, бағымызды сынайық. Мен іздеп, таппай қойған жанрдың түрін, мүмкін, сендер ойлап табарсыңдар...

Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: