Жеке куәлікте аты-жөнімізді қазақша жазатын уақыт келді
Соңғы уақытта «аты жөнімізді жөндейік, қазақиландырайық» деген ұсыныстар анда-санда баспасөз бетінде айтылып жүр.
Бірақ айтылады, естір құлақ жоқ, сол жерде қалады. Ал бізде әлі «ов-ова» деп, орыс нұсқасымен жүргендер жеткілікті. Біздің де өзге ұлттар секілді, ата-тегіміз арқылы қазақ екендігімізді білдіргіміз келеді. Ал енді қазақша жаздырайын десек кедергілер өте көп. Бұрын орысша толтырылған туу туралы куәлікте көп қателіктер кеткен.
Мысалға, мына болған оқиғаны айтайын. Менің қыздарым зейнетақы қорынан шекті мөлшерден асқан ақшаларын біріктіріп алайын десе «сендер туыс емессіңдер» деп бермей қойды. Бір қызым Тазабекова Шынар Жақсылыковна, екінші қызым Тазабек Жазира Жақсылыққызы деп куәліктерінде жазылған екен. «Туу туралы куәліктеріңді әкеліңдер» деген екен, біреуінің куәлігі жоғалған болып шықты. Енді куәлік алу үшін ХҚК орталығына барғанда, әке-шешеңнің туу туралы куәліктерін, АХАЖ-дан неке куәліктерін әкел депті. Оларды түгендеп апарса енді менің әкемнің куәлігін сұрайды. Ол кісіде куәлік болған жоқ, 1968 жылы қайтыс болып кеткен десек, онда «өлгенін растайтын анықтама әкеліңдер», деді. Табылар ма екен деп едік, құдай оңдап табыла кетті, бірақ ол жерден де бір шикілік шықты. Әкемнің аты Қалықбай, өлгені туралы анықтамада «Қалықпай» деп жазылыпты. Ал енді біреуінде «б» екіншісінде «п» бұл да жарамайды деп жаратпай тастады.
Кезінде біздің ауылда советтің секретары орыс еді, сол қалай естісе солай жазған ғой десек те көнбейді, отырғандардың бәрі қазақтар, түсіндіріп жатсаң тыңдамайды. Қалай түзетеміз десек жөнін айтпайды, сотқа жүгініңіз дейді. Уақыт өтіп бара жатыр, ақшаны бірінші сәуірге дейін ғана аударады. Соған үлгеру керек. Құдай қолдағанда, сол жерде жұмыс істейтін, қызыммен университетте бірге оқыған курстасы кездесе кеткені, оған жөнімізді айтып едік, ол бізге: — «Барып онамастика комитетінен қазақша пай емес бай болып жазылады деген анықтама әкеліңіздер бәрі дұрысталады», — деді. «Онамастика комитетінен анықтама әкеліп берген соң ісіміз ілгеріледі. Бір жеті ары-бері жүгіртпей түсіндіріп айтса ғой. Содан мен қайтадан туу туралы куәлік, жолдасым Райханда, қыздарымда бәріміз жаңа куәлік алып, әйтеуір бір-бірімізге туысқан екенімізді әрең дәлелдедік. Қаңтарда бастап, наурызда бітірдік қой.
Сіздердің газетте Кереевич дегенді Керейұлына түзете алмай, әуреге түскенін, онда отырған қыз Кереұлы деп жазамын, ал ол кісі туу туралы куәлікте әкесінің Керей деп жазылып тұрғанын көрсетсе де жазбай қойғанын жазып еді. Осындай әуре-сарсаң болмас үшін, ата-текті кәдімгідей мәжілісте қарап, заң шығарып түзету керек деп ойлаймын. Қалай жазуды мысалға, тегі-аты-әкесінің аты ұлы, қызы жоқ, «ұлы, қызы, өз аты» деп алатын болсақ онда өз атымен әкесінің атын шатастырмау үшін (қазір біреулер былай жазып жүр, мысалға, Жақсылық Тазабек) бірінші өз аты ма, жоқ әкесінің аты тұра ма, оны да заң жүзінде бекіту керек. Уақыт өтіп барады, біздің аты-жөндеріміз ов-тары бар, тегі бар, атасы бар, ұлы, қызы бар алашұбар болып кетті, бір жүйеге келтірмесек, болмайды мәжілісте отырған депутаттар осы жағдайды ескеріп, ұсыныс жасап, заң шығаруын сұраймыз.
Бұл күн тәртібінде тұрған өткір мәселелердің бірі деп ойлаймын.