Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:56, 23 Тамыз 2022

«Желқайық» романы мемлекеттік сыйлыққа лайық

None
None

Қазақ әдебиеті тарихына ХХ ғасырдың 80-жылдары келіп қосылып, көптеген көркем туындылар жазған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, халқымызға танымал көрнекті қаламгер Тұрысбек Сәукетаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бастап тәуелсіз Қазақстанның көркем шежіресін шеберлікпен жасап келеді.

Т.Сәукетаевтың соңғы уақытта заманымыздың соқталы кезеңдерін суреттейтін «Қилы тағдыр» атты романдар циклын жазғаны әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. «Желқайық» романы – осы циклдың 3-ші кітәбі, яғни «Айқараңғысы», «Бұлағай» романдарының жалғасы.

«Желқайық» – көпсалалы қатпары қалың, қадау-қадау оқиғаларды қамтыған күрделі роман. Тәуелсіздік қарсаңындағы қазақ қоғамының тұрмыстық-әлеуметтік халі, адами-рухани болмысы, кескін-келбеті айқара ашылып, шынайы суреттелген. Романда жас ғалым Бақтияр, Зухра, саналы ғұмырын ғылымға арнаған Ахметов, кезінде партия, заң органдарында қызмет жасап, кейіннен ғылымға келген, қылмыс әлемімен астыртын жалғасқан жылпос, жымысқы Аманбаев, тағдыры тайғақ Мота тәтей, «Сыған», т.б. бірнеше сюжеттік сала бар. Кейіпкерлердің қым-қиғаш, қатпары қалың тағдыры арқылы автор өмірдің небір шытырман бұралаң бұлтарыстарына терең барлау жасап, бүгінгі болмысымызды жеріне жеткізе суреттеген. Белгілі әдебиет сыншысы Р.Әбдіғұловтың сөзімен айтсақ: «Желқайық» жаңа қазақ романтикасының бөлек сападағы айқын жақсы үлгісі».

Романның тілі жатық, бояуы қанық, жазылу үлгісі автордың өзіне тән дара машығын айқындайды.

«Желқайық» жарық көргеннен бері, роман жайлы пікір айтып, талдап-таразылаған біраз газет-журналдар мен әлеуметтік желідегі дүниелерді оқып шықтым. Солардың қатарында маған ерекше ұнағаны, «Қазақ әдебиеті» газетінде (№9. 20.02.2020) жарияланған белгілі жазушы Дәурен Қуаттың «ТҰРСАҒАҢНЫҢ «ЖЕЛҚАЙЫҒЫ» аталатын пікір-рецензия.

«… Мені романның жалпы құрылымы ерекше қызықтырды. Сіз бұл романды соңынан басына қарай парақтап, бел ортасынан кері бұрылып, тіпті әр тараудағы бөлімдерді жеке-жеке жіліктеп те оқи аласыз. Жаңашыл романист оқырманның уақытын, талғамын, зердесін – бәрін-бәрін ескеріп отырған. Тағы бір кереметі, оқырман романның ортан белінен түссін, мейлі соңынан кері қарай жүрсін, 600 бетке жуық көлемді дүниені тұтас оқуға мәжбүр болады.

...Әсірелеп, әрлеуден аулақпыз, романнан мұңлы қоңыр әуен еседі. Кей тұста қоңыр әуен аза жырындай аңырап кетеді. «Желқайықтан» «елімайлап» келе жатқан халықтың зары естіледі. Бахтияр – туған анасын ғана білетін шата. Зухра – тұл жетім, Биназар – Абыралыдағы сынақтардан дерт жұқтырған сырқат жан, Аманбаев – ғылымға келген құбыжық, Қосымхан – Сібірге тауар тасып, Тайгада орыстардың аяғын итше жалап жаны қалған қуыс кеуде, тірі өлік. Сыған – Барон қылмыс әлемінің тұтқыны. Бахтиярдың анасы – «Амур толқындарына» жалғыз өзі билейтін қосүрейлі мұңлық. Тұрар – Чернобыль апатына ұрынып, еркектік қабілетінен айрылған азбан. Әйелі Роза – еріксіз жезөкше. Профессор Ахметовтың ұлы дауасыз наркоман. Қызы – зәңгіге алданып байға тиіп, ақыры ес-ақылынан айрылып тынған елірме-ауру. Осылай кете береді. Және осының бәрі – ХХ ғасырдың қазаққа тартқан «сыбағасының» жемісі...

         … ХХ ғасырдың мазмұны тұтастай, соның ішінде 1980–90 жылдардағы оқиғалар дерлік қамтылған жазушының «Желқайық» романы – қазақ прозасының кең тынысын кезекті рет әйгілеген кесек дүние.

          ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА, ОҚЫРМАН ҰЗАҚ КҮТКЕН КӨРКЕМ ТУЫНДЫ. РОМАН – БЕСТСЕЛЛЕР...»

          Мейірімді Алла Тағала әке қанымен, ана сүтімен бойына дарытқан жазушылық қабілет-талантты әр қаламгер әр деңгейде, өз шама-шарқынша іске асыратыны белгілі. Ал қаламгерлікті өнер деп мойындаған, сол жолда бойындағы білім-білігін, бар ғұмырын әдебиетке арнаған, жүрегін кірлетпеген адам ғана діттеген межеге жетері анық.

          Бұл тұрғыдан келгенде Т.Сәукетаев өзін бір қалыпта ұстаған, жеттім деп тасымаған, жетпедім деп жасымаған жазушы деп айтсам, артық кетпеспін. Менің бұл уәжіме, халық жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик  жазушы Мұхтар Мағауиннің сөздері куә-айғақ.

          Тұрсекең мерейлі 70 жасқа толғанда, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ елінің, Күміс Бұлақ кентінде, Мэрилендте тұратын Мұқаң төмендегідей жүрекжарды сөзін арнап еді:

          «… Сен алғашқы қадамыңнан бастап-ақ қазақ прозасында өз даусыңды таныттың үнемі бір қалыпты, сапалы еңбек үстінде келесің. Оның ішінде алпыс пен жетпістің арасы айрықша жемісті болған сияқты. Жаңа тақырыптар, жаңаша мәнері, ұлттың бүгіні мен болашағына қатысты мағыналы толғамдар. Енді шығармашылық ғұмырда жер ортасынан асқанмен, тұтастай алғанда ауқымды, бәлкім, бұрынғыға жете-қабыл, тіпті асып-төгіліп жатуға тиіс жаңа бір кезеңнің қақпағын қағып тұрсың. Құнфудзы: «Жетпіс жас – ойшылдың кемеліне келетін кезі» – деген. Хокусай: «Жетпіс жасымда көркемдіктің биігіне жаңа шықтым» – деген...

          ...Өмір деген – өте күрделі құбылыс. Қиындығы, қызығы мен игілігі өз алдына, оппасы мен бұдыры да мол. Айныма, ауыспа жағдайлар да ұшырасады. Сен үнемі бір қалыпта келесің. Ешқашан әуелгі жолыңнан тайған жоқсың, өнерге адал, ағаға сенімді, досқа мейірбан болдың. Сені өзгеше жауың ғана емес, осы, бүкпесіз, тұрақты мінезің үшін де жақсы көрем. Орайында, екеуміздің ағалық-інілік қатынасымыз кейінгі буын арқылы сенің де басыңа келсін, деймін… («Қазақ әдебиеті», «Алғашқы қадамыңнан бастап-ақ қазақ прозасында өз даусыңды таныттың», № 46, 20.11.2020 жыл).

          Ақиқатында, өмірде де, жазушылық өнерде де дәйім «ақырын жүріп, анық басатын» дарынды жазушы Т.Сәукетаев мемлекеттік сыйлықты баяғыда қанжығалау керек еді?.. Өткенге өкініш жоқ...

          Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биылғы Мемлекеттік сыйлықты алуға «Желқайық» романының авторы Т.Сәукетаев әбден лайық.

Тегтер: