Желтоқсан көтерілісі
Бүгінгі күні көп мемлекеттер, КСРО-ның ыдырауына әсер еткен Балтық теңіз жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия секілді мемлекеттері деп түсінеді.
Әрине, бұл қате пікір. Қызыл империя КСРО-ның қабырғасын қайыстырып, тікелей ыдырауына себеп болған 1986 жылғы қайсар қазақ жастарының – «Желтоқсан көтерілісі».
Көтеріліс деп айтуға тура дәлелдемелеріміз бар. Бірінші кезекте, Мәскеудің шешімімен келіспеген қазақ жастары қазақ жерінің түкпір-түкпірінен көшелерге шықты.
1986 жылдың 17-18-19 желтоқсан күндері Алматы қаласының алаңында жиналған Қазақ жастарынын нақты талабы – «Долой Колбину!», «Қазаққа қазақ басшы болсын!», – деді. Міне, сол уақыттағы қазақ жастарының Үндеуі. Тәуелсіздік туын көтерген жастар Ресейдің бұйрығымен қазақ жеріне жеткізілген 80 000 мыңдай қызыл жасақпен бетпе-бет келіп, көтеріліс аяусыз жаншылды.
Мұхтар Шаханов ағамыз басқарған комиссия деректері бойынша Мәскеудің тікелей бұйрығымен алғашқы рет қазақ жастарына «Құйын» операциясы қолданылды. Осы үш күндік қанды көтерілісте Алматы қаласының тергеу орындарына 5000-дай қазақ жастары ұсталып, қамалып, жауап алынған. 4 500-дей қазақ жастары ауыр дене жарақаттарын алып, ауруханаларға жеткізілген. 101 адам сот шешімімен сотталған. 12 000-дайы жазықсыз қудаланып, жұмыс, оқу орындарынан қуылған. Жалпы Республика бойынша 70 000-дай жас көшеге шыққан. Біз білмейтін құнды ақпарат 18 нен 19 желтоқсанға қараған түні таңғы 04. 00-де «Құйын» операциясынан кейін алаңда қалған 168 қазақ жастарының жансыз денесі әскери «Урал» автомашинасына тиеліп, Мәскеудің құпия бұйрығымен белгісіз жерге әкетіліп, көмілген деген ақпарат бар. Бұл ақпаратты сол алаңды тазартуға қатысқан орыс ұлт өкілдері өз қолдарымен жазып, Мұхтар ағаға берген. Көшірмесі менде.
Осындай қантөгістен кейін де біз «Желтоқсан көтерілісі» деп айтуға қорқақтап, Желтоқсан оқиғасы деп жатамыз. Өзіміздің тарихымызды өзіміз бағалай алмай жүрген бір дүбәра мемлекетке ұқсаймыз. Мүмкін, бұл біздің құлдық санадан айырыла алмай жатқан кезең бе, дейсің...
2021 жылдың желтоқсан айында Әзербайжан елі Баку қаласына барып қайттым. Ондағы мақсатым – 1989 жылдың 25-қаңтарында болған әзербайжандық жастар көтерілісінің мақсатын айқындау. Осы екі көтерілістің айырмашылығы және Әзербайжан билігі сол көтерілісіне қандай баға бергендігі.
Әзербайжан мемлекеті Тәуелсіздік алған соң, алғашқы президенті Гейдар Әлиев марқұм көтерілісті «Ұлт азаттық көтерілісі» деп саяси бағасын беріп, қатысқан жастарына «Тәуелсіздік күрескерлері» деген мәртебе мен қоса көп жеңілдіктер берген.
Жыл сайын Тәуелсіздік күніне қарсы Тәуелсіздік күрескерлерін өзі қабылдаған. Бұйымтайларын шешіп отырған. Сол тәртіпті бүгінгі күнге дейін әкесінің ісін ұлы Ильхам Әлиев жалғастырып отыр.
Көтерілісте шейіт болған батырларын Баку қаласының қақ ортасынан Үлкен аллея ашып, барлығын бір жерге жерлеген. Міне, ел болам деген ел бірін-бірі батырым дейді деген көріністі Әзербайжан елінен көріп қайттым.
Ал бізге келейік.
КСРО-ға алғашқы боп соққы берген қазақ батырларын «Ақталған», «Ақталмаған» деп екіге бөліп қойды. Қазақ батырларын ақталуға мәжбүрлеп қойды. Ақталу қағаздары бойынша Желтоқсан оқиғасының
«Құрбаны» деп баға берді. Тарихта құрбан болғандар батыр болмайтындығын білеміз. Оның үстіне, «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деп алғашқы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 12 желтоқсан күні желтоқсандықтарды №540 Жарлығы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» кіргізіп жіберді. Осы Жарлықтың күшімен желтоқсандықтар бүгінгі күнге дейін саяси қуғын-сүргін қатарында.
Желтоқсандықтар Алаш арыстары сияқты КСРО-ның шығарған Саяси қуғын-сүргіні заңымен бағаланып келеді. Бүгінгі күні Қазақстан Тәуелсіз мемлекетпіз. Ертең ҚР «Тәуелсіздік күнінің» 36 жылдық мерейтойымызды тойлағалы отырмыз. Неге біз Әзербайжан елі сияқты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне саяси баға және желтоқсандықтарға
«Тәуелсіздік ардагерлері» деген мәртебе бермеске?! Кім осыған қарсы?! Әлде, әлі де Мәскеу не дейді деген сескеніс бар ма? Қазақ жастарының көтерілісінен кейін болған Әзербайжан, Грузия, Эстония, Латвия, Литва көтерілістері өз уақытысында, мемлекет басшылары Қызыл империяға қарсы «Ұлт азаттық көтерілісі» деп бағалап, ЮНЕСКО дәрежесінде заңдастырып алған екен. Қазекең Назарбаевтың сұмырай саясатының арқасында өз көтерілістерін бағаламай, Мәскеудің құлы сияқты жалтақтаумен келді. Енді президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстан» құрып, батыл мінезімен, өз сөзін айтып, қазақ жастарының қайсарлығын бағалап, «Желтоқсан оқиғасы» емес, «Желтоқсан көтерілісі» деп заң қабылдап, қатысушы желтоқсандықтарға «Тәуелсіздік ардагерлері» деген бағасын берер деген үміттеміз.