Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:45

Жемқорлықпен күрес: келтірілген залал, қайтарылған қаражат

жемқорлық
Фото: из открытых источников

Сыбайлас жемқорлық кез келген қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсер ететін күрделі құбылыс.

 Ол мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретіп, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және әділ бәсекелестіктің бұзылуына алып келеді. Сондықтан көптеген мемлекеттер сияқты Қазақстан да жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Осы тұрғыда елде 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы іске асып келеді. Бұл тұжырымдама 2022 жылғы 2 ақпанда президент Жарлығымен бекітілген стратегиялық құжат. Құжат халықаралық стандарттарға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың және азаматтардың ұсыныстарына сүйене отырып әзірленген. Оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен ғана күресу емес, ең алдымен, оның туындауына себеп болатын алғышарттарды жүйелі түрде жою және қоғамда жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру.

Аталған тұжырымдама аясында бірнеше негізгі міндет айқындалған. Олардың қатарында қоғамда жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесінде жемқорлық тәуекелдерін азайту, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның рөлін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімді мониторингін жүргізу бар. Сондай-ақ осы бағыттағы уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру де негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Жақында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тұжырымдаманы іске асыру аясында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгерістер қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, осы кезеңде президенттің екі Жарлығы, он заң, Үкімет қаулысы және мемлекеттік органдардың жүзге жуық бұйрығы қабылданған. Бұл құжаттар жемқорлықтың алдын алу механизмдерін күшейтуге және қолданыстағы саясатты жаңартуға бағытталған. Сонымен бірге Қарин тұжырымдаманың жүзеге асу мерзімі аяқталуға жақын екенін еске салып, алдағы кезеңге арналған жаңа бағдарламалық құжат әзірлеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа құжатты дайындау барысында қазіргі жағдайды жан-жақты талдап, халықаралық тәжірибені және заманауи қауіп-қатерлерді ескеру маңызды.

2026 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта нақты құқық қорғау шаралары да жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен Қаржы министрлігіне қарасты «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасын лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұстады. Тергеу мәліметтері бойынша, ол кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты заңсыз ұстап қалу құқығын берген, соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келген. Сонымен қатар мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сату және жалған құжаттар арқылы жер учаскелерін өткізу фактілері де анықталған.

Осыған байланысты борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары да ұсталып, Қылмыстық кодекстің алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану баптары бойынша қамауға алынған. Сонымен қоса өңірлік деңгейде де жемқорлық фактілері анықталуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол жол құрылыс компаниялары мен автобус парктерінің өкілдерінен жалпы сомасы 134 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған. Тінту барысында оның үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың АҚШ доллары тәркіленген. Сонымен қатар осы өңірдегі білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақша алған деген күдікке ілінді.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері 126 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 110-ы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. Олардың басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілеріне қатысты. Осы кезеңде 89 адамның заңсыз қызметі тоқтатылып, 129 қылмыстық істің тергеуі аяқталған. Оның 121-і сотқа жолданған. Аяқталған істер бойынша анықталған жалпы залал көлемі 18 млрд теңгені құраса, бюджетке 100 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Қосқанат Бауыржан