Жемқорларға жаны ашитын жалғыз мемлекет
«Қазақстанда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейді ме, әлде әлсіреді ме?
Мен, неге екенін, еліміздегі ешбір маман жақ ашпайтын мынадай сұмдық тенденцияны байқадым: біз жасаған жемқорлығы үшін жемқорларымызды жеңіл жазалайтын болдық», – дейді саясаттанушы Санжар Боқаев. Сарапшының сөзінше, біз көбінесе айыппұлмен жазалап, жемқорды түрмеге отырғызбайтын болдық.
– Міне, статистика: сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапқа тартылған шенеуніктердің жартысына айыппұл жазып берумен шектеледі екенбіз. 2017 жылы ұсталған жемқордың 46,10 пайызы айыппұлмен құтылса, 2020 жылы айыппұлдың арқасында бас бостандығын сақтап қалған шенеуніктер үлесі 65 пайызға жеткен. Бұл қалай? Ойбай, сыбайлас жемқорлықпен аямай күресу керек деп ұрандататын билік жемқорды жазалауға келгенде жұмсақтық танытады. Қазір заң бойынша жемқорлыққа қатысты 10 бап түрме мерзімінің орнына айыппұл салуды көздейтін болды. Бүкіл әлемнің елдері сыбайлас жемқорлықты жою үшін тек қана жазаны күшейтеді. Біз болсақ жазаны жеңілдетіп жатырмыз. Оның өзінде жазаны таңдау ұсталған жемқордың тамыр-танысы, шыққан жері мен жүрген ортасына байланысты: біреуді аямай түрмеге отырғызсақ, енді біреуді басынан сипап, айыппұлмен босата саламыз. Бұлай ету мемлекетіміздің түбіне жетеді.
Тағы бір маңызды жайт. 2021 жылы біз жемқорлық үшін кімді ұстадық? Біз, негізінен, тек ұсақ шенеуніктерді ғана соттайды екенбіз: ары кетсе әкімнің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері. Ірі шенеунік ұсталмайтын болды. Сонда жемқорлық төменде бар да, жоғарыда жоқ па, не? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзінің нысанасын сәл жоғарыға қарай көтеруден қорқып отыр. Бюджеттен 100-200 мың жымқырғандарды ұстағанына мәз. Ал жоғары жақта 100-200 миллиардтап сыпырып жатқандарға үндемейсіңдер.
Айтпақшы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзін асырауға бюджеттен жылына 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Менің айтпағым, сендер сол ақшаны түк те ақтамай отырсыңдар! Аудандық аурухана басшыларын ұстайсыңдар. Ал ұлттық компанияларда отырған басшыларды неге ұстамайсыңдар? Олар да жымқырғанда бюджеттің ақшасын жымқырады ғой?! ҚТЖ-дан миллиардтаған ақша жымқырылды дегенде үндемейсіңдер, ал күштеріңді аудандық ауруханаға барып көрсетесіңдер. Сосын, тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзі жемқорлыққа батып отыр. Офицерлерің ірі пара алу, сындырып алу үшін шенеуніктерді ұстаумен айналысуда. Масқара ғой! Сыбайлас жемқорлықпен күресуі тиіс қызметтің өзі пара алу үшін шенеуніктердің ізіне түседі. Ақылға қонбайды мына тірліктерің, – деп кейиді ол.