Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:27, 09 Желтоқсан 2022

Жемқорлық дамуды тежейді

None
None

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, тамырын жайып, жойылмай келетін кеселдің бірі. Сол себептен  кез келген  дамыған қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес — ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның да, бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі. Сондықтан да ҚР мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Осы аталған дертпен күресу бүкіләлемдік проблема болғандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 9 желтоқсан күні — Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні деп, атап да берді.  Көбіне,  осы парақорлық дертімен жиі бетпе-бет қарапайым халық кездеседі. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің, кейбір мекеме басшыларының білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы парақорлыққа итермелейтін фактордың бірі болып тұр. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, т.б осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік мекеме басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Ол қоғамның барлық салаларына, атап айтқанда экономикаға, әлуметтік салаға, саясатқа және т.б. жағымсыз әсерін тигізеді. Бұл құбылыстың жағымсыз салдары соншалықты, ол тек қоғамның дамуын тежеп қана қоймай, елдің ұлттық қауіпсіздігіне елеулі зардап әкелетіні анық. Жаһандық экономикада сыбайлас жемқорлық: нарықтық бәсекенің тетіктерін бұзады, мемлекеттік бюджеттің қаражаттарын тиімсіз таратуға, кірістің әділетсіз бөлінуіне әкеп соқтырады, бағаның өсуіне ықпал етеді, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрылуына және көлеңкелі экономиканың пайда болуына себеп болады. Аталғандардың барлығы мемлекеттік бюджетке салықтың түспеуіне, мемлекеттің экономикалық қызметінің іске асырылуына кедергі болатыны анық. Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық: тіршіліктің игіліктерінің әділетсіз бөлінуіне ықпал етеді, ол өз кезегінде мүліктік теңсіздікке әкеп соқтырады, мемлекет және қоғамның тіршілік етуін реттейтін негізгі құрал болып табылатын құқықты шектейді, нәтижесінде қоғамның санасында азаматтардың билік алдында және қылмыстылық алдында қорғансыздығы туралы көзқарастар мен сезімдер қалыптасады. Жылдан-жылға ұлғайып, қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосуымыз, тосқауыл болуымыз зор міндеттердің бірі. Біздің мемлекетіміздің кемістігі осы қоғамды шарпып жатқан кеселдер болса керек. Өкінішке орай, есімі аталатын бұл кеселдің белең алуы кәдуілгі мемлекеттегі ішкі бүлік секілді. Қазіргі таңдағы қарастырылатын, қарастырылуы керек, қарастырылар үлкен жүйелі мәселеге айналып отырған дауасыз дерт. Сондықтан біртұтас қоғам ретінде біз де жүйелі жауап қатуымыз керек. Айтылып жатқан бұл кеселден қашық болуымыз шарт. Елдің, халықтың күйреуіне әкелетін, мемлекет беделіне дақты түсіретін осы кеселді жою үшін санаулы адамдардың аз уақытта  атқаратын ісі емес. Ол  көпшілікпен көп уақытты талап етеді. Жемқорлық ішінара дамуды тежейтін теория. Түбі жоқ терең шыңырау десек те болады. Жемқорлықтың көріністерін атап айтар болсақ, қоғамдағы пара алу не ұрлау, қызметтік жағдайды асыра пайдалану проблемалары. Мұндай жағдайларды бей-жай қалдырмау қажет.

        Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт болды. Осы арада талай заңнамалар қабылданды,  соның ішінде,  ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы сан түрлі іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда.  Өткенімізге көз салсақ, мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Елімізде болып жатқан саяси жағдайдайларға зер салсақ, сыбайлас жемқорлықты күнделікті әдеті қылған әр адам мемлекет алдында жауап беруде. Яғни біз әрқайсымыз өзімізге жүктелген негізгі міндетті заң тұрғысында дұрыс, дәл, адал орындап коррупцияның таралуына жол бермеуіміз керек. Сана тазармай – адал қызмет те, елге деген сүйіспеншілік те жолға қойылмайды. Мемлекетіміздің біртұтастығы үшін әрекет ету – әр азаматқа жүктелген міндет. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту әр  адамның  азаматтық міндеті болуы тиіс.

Римма Төреханқызы,

«ПАРАСАТ» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету Орталығы директорының орынбасары

Тегтер: