Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының үздік боксшылары мен балуандарын атап өтті
Қарағанды облыстық әкімдігінде Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді.
Осы жылдың қорытындысы бойынша үздік боксшылар мен балуандар марапатталды. 20 спортшы мен 10 тәлімгерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Кездесуге ұлттық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың тәлімгерлері, сондай-ақ спорт мектептері мен федерацияларының басшылары жиналды.
– Қарағанды облысы әрдайым ұлы спортшыларға арналған жаттықтыру орны болды, – деп атап өтті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек. – Олардың есімдері Қазақстаннан тыс жерлерде де белгілі. Тәуелсіздік жылдарында біздің жеті спортшымыз әлемдік жарыстардың жеңімпаздары – олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Ең алдымен өз күшін, уақытын, денсаулығын, дағдылары мен ептіліктерін берген жаттықтырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Сіздер біздің спортымыздың, еліміздің болашағысыздар.
Қарағандылық чемпиондарды Әлия Молдағұлова атындағы мамандандырылған мектепте және Жоғары спорт шеберлігі мектебінде дайындайды. Бүгінде облыста бокспен үш мыңнан астам адам айналысады. Оның ішінде 21 спортшы ұлттық құрамаға кіреді. Оларды 88 жаттықтырушы-оқытушы бағыттайды.
Сондай-ақ балуандардың дайындығы жоғары деңгейде өтуде. Бұл спортта 2 600 қарағандылық еңбек етеді. Спортшылармен 82 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ұлттық құрама құрамында облыстың 48 өкілі бар.
– Бүгін қарағандылықтар болмайтын бокс немесе күрес бойынша бірде-бір ірі жарысты елестету мүмкін емес. Тәуелсіздік жылдары облысымыздың спортшылары үнемі жүлделі орындарға ие болды. Біздің міндетіміз – бұл деңгейді сақтау ғана емес, сонымен қатар арттыру. Күрес пен боксқа әрқашанда көп көңіл бөлінген, бөлінді және әлі де бөлінеді, – деп атап өтті аймақ әкімінің бірінші орынбасары және облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі мен бокс федерациясының президенті Асылбек Дүйсебаев.
Бокстан өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жусуповке алғашқылардың бірі болып алғыс хат пен ақшалай сертификат табыс етілді.
– Жақында біз Сербияда өткен әлем чемпионатында болдық. Екі алтын, екі күміс және қола медальмен оралдық. Командалық есепте екінші орын алдық. Бұл Олимпиададан кейінгі ең үлкен жеңістеріміздің бірі. Біз үшін бұл үлкен уәждеме. Облысымыздың есімі әлем біріншіліктерінде жиі айтылатынына күш салатын боламыз, – деді Абылайхан Жүсіпов.
Марапаттаудан кейін бейресми диалог өтті, онда спортшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде Жеңіс Қасымбек пандемияға қарамастан спортқа одан әрі де ерекше көңіл бөлінетінін айтып, спортшыларға жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.