«Жеңіл ақша болмайды»: өз қателігі үшін жазасын өтеуші қыздың әңгімесі

Есірткі сату ісі бойынша сотталған әйел өз оқиғасын айтып берді. Оның айтуынша, бір сәттік шешім өмірін түбегейлі өзгерткен.
Бойжеткен колледжді аспаз мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр түрлі салада жұмыс істеп жүріп, 19 жасында әлеуметтік желіден курьерлік жұмыс туралы хабарландыру көрген. Онда күніне 15 мың теңге көлемінде «жылдам және жеңіл табыс» уәде етілген.
Алғашында бәрі оңай әрі қауіпсіз көрінген. Төлем уақытылы түсіп тұрған, ешқандай күмән тудырмаған. Бірақ төрт айдан кейін оны құқық қорғау органдары ұстаған. Сот шешімімен ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
– Мен аспаз болып жұмыс істеуім керек еді. Өз кәсібімді ашып, заңды жолмен табыс табуға болар еді. Бірақ жеңіл жол іздеп, үлкен қателік жасадым. Енді осының бәрі үшін төлем жасауға тура келеді. Ең қиыны – туыстарыма ауыр тиді, – дейді ол.
Қазір ол өз әрекетіне өкінетінін және бұл жағдайдан үлкен сабақ алғанын айтады.
– Жеңіл ақша болмайды. Әрбір әрекеттің салдары бар, – дейді ол.