Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 18 Маусым 2024

Жеңіс Қасымбек бопса жасайтындармен жұмыс істейді

Жеңіс Қасымбек
Фото: ашық дереккөз

Бас қалада үлескерлердің жыры жыл өткен сайын ушығып барады. 

Әсіресе құрылыс компаниялары 2020 жылғы 1 қаңтарда бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді пайдаланып, құжатсыз үй салуға білек сыбана кіріскен. Биыл жыл басында аталған науқан аяқталды. Артынша, тексеріс кезінде қаншама компанияның заңсыз құрылыс салып үлгергені анықталды. Тіпті оның ішінде тұрғын үйдің 70 пайызын салып қойғандар да бар. Бұл жағдайда екі ортада қалған үлескерлер енді назын кімге айтарын білмей, құқық қорғау органдары мен әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр. Оның ішінде көбі қолындағы бар қаражатын салса, енді бірі банктен несие алып, қарызға белшесінен батып, алданып отыр.  

Осыдан 5 жыл бұрын Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Алтынбек Қайсағалиев 2023 жылы Астана қаласындағы үлескерлер мәселесі толықтай шешіледі деп уәде берген болатын. Тіпті осы мақсатта Ұлттық қордан 40 млрд теңге қаржы бөлінетінін де айтқан еді. Бұл қаражатты «Елорда құрылыс компаниясының» игеретіні туралы да ақпарат тарады. 2019 жылы аталған компания 6 млрд теңгені игеріпті. Сөйтіп, әкімдік 40 млрд теңгеге әрбір проблемалық нысан бойынша атқарылатын істің жоспарын жасап, Жол картасын бекітті. Қалалық бюджеттен емес, Ұлттық қордан бөлінген қаражат қаншалықты бас қаладағы үлескерлердің мәселесін шеше алды? Егер әлі күнге дейін заңсыз салынған көпқабатты пәтерлердің жарты жолда қаңырап бос тұрғанын, ал үлескерлердің үйсіз-күйсіз, көк тиынсыз далада қалғанын ескерсек, ұлттық қордағы қаражаттың мақсатты жұмсалғаны күмән тудырады. Өйткені жыл басындағы дерек бойынша Астана қаласының аумағында 243 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, оған 40 мыңнан астам үлескер тартылды. Оның ішінде кейбір компаниялардың жылдар бойы құжаты дұрысталмай, әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылымды жасауға шамасы жетпей отырғандары жетерлік.

Жақында бас қаланың әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook желісіндегі парақшасында құрылыс мәселесіне қатысты жазба қалдырды. Онда: «Осы жылдың маусым айынан бастап бірде-бір құрылыс компаниясы инженерлік желілер салынып жатқан немесе енді жобаланып жатқан учаскелерде жаңа нысандардың құрылысын бастай алмайды. Осыған дейін оларға желілердің құрылысы қатар жүріп жатқан учаскелерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат етілген. Бірақ нысандардың құрылысын аяқтау мерзімі желілердің уақытымен сай келмегендіктен бұл мәселе тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Себебі нысандарды уақытша желілерге қосу керек болды. Енді алдағы уақытта қажетті желілердің, яғни электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, нөсер, тұрмыстық кәріз және т.б. орнатылған учаскелерге ғана тұрғын үй кешенінің құрылысын бастауға рұқсат беріледі» делінген.

Бұған қоса белгілі болғандай, қазір қалада 50-ге жуық нысанның құрылысы рұқсат құжаттарынсыз салынып жатыр. Компанияларға олқылықтарын жою үшін уақыт беріліпті. Егер компаниялар ескертпеге құлақ аспайтын болса, бұл нысандардың құрылысы мүлде тоқтатылады. Былтырғы мәлімет бойынша қала аумағында рұқсат құжаттары жоқ 90 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның ішінде жартысы ғана заң аясындағы талаптарды орындағаны белгілі болып отыр. Жағдай солай болған кезде, жарым жолда салынған тұрғын үй сүріледі де, ал үлескерлер не үйсіз, не қаражатын қайтара алмайды. Заңды белшеден басқан компанияларды «қара тізімге» енгізу дұрыс-ақ дерсің, бірақ үлескерлердің жағдайы не болады?

Не үй, не ақша жоқ

Елордада алаяқ компанияларға алданғандардың бірі – Гүлмира Қасымова. Ол 2022 жылы біраз құрылыс компанияларын зерттеп, соңында GPark-қа инвестиция салуға шешім қабылдайды. Сол жылы Washington тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін ерте брондау келісімшартына қол қояды. Аталған келісімшарт талабы бойынша нысанды тапсыру 2023 жылдың 1 тоқсаны деп бекітілген екен. Бірақ тапсыру мерзімінің асып кеткеніне 1 жыл болды. Ал үй сол күйі салынған жоқ.

«Жылжымайтын мүлік құнының 90 пайызын салдым. Мен брондалған блок мүлде салынған жоқ. Басқа блоктарды жартылай салып бастаған кезде құрылыс компаниясының жерді дұрыс заңдастырмағаны белгілі болады. Осы жағдайдан кейін компания үлескерлердің қаражатын қайтарып беруі керек еді. Бірақ не үй жоқ, не ақша жоқ», – дейді Г. Қасымова.

Бұл жағдайдан кейін құрылыс компаниясы өз еркімен үлескерлердің ақшасын қайтарып бермейтінін түсініп, бір топ адам сотқа шағым түсіреді. Осы іс бойынша соттың шешімі де шығады. Бірақ кәсіпорын тарапынан ешқандай реакция болмайды. Амалы таусылған үлескерлер тергеу органдарына арыз береді. Барлық арызданушылар жәбірленуші деп танылып, 1 наурызда мемлекеттік органдар мен компания басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Айтпақшы, Washington тұрғын үй кешенін салумен айналысқан «СтройПремиумКласс» ЖШС бұрынғы басшысы Г. Сатмағамбетов 30-дан аса ЖШС құрылтайшысы екен. Яғни өзіне ешқандай жауапкершілік алмайды. Ал ЖШС-ның қазіргі директоры Төлеген Манатұлы Рахметов үлескерлерді бопсалап отыр. Ол шағым түсірмеген, әлеуметтік желіде шуламаған үлескерлердің ғана ақшасын қайтарамын деп шешіпті. Бұл туралы ол 525 үлескерлерден құрылған WhatsApp группаға жазған екен. Хабарламаның мәтіні мынадай: «Кім жанжал шығармады, кім шыдамдылықпен күтті, қызметкерлерге, компания басшылығына тіл тигізген жоқ, әлеуметтік желілерде жағымсыз жазба жариялаған жоқ – соларға ақшасын қайтарамыз. Ал жоғарыда айтылғандарды істегендерге – «заң аясында!» принципі қолданылады» делінген.

Г.Қасымованың айтуынша, ЖШС директорының бұл хабарламасы үлескерлерді сотқа шағымданбау үшін қасақана қорқытып-үркіту болып отыр.

«Үндемей шу шығармай жүргендерге үзіп-созып, 500 мың мен 1-2 миллион теңге арасында қайтарып беріп жатыр. Бірақ толық емес. Қалғандары таңғы сағат 7-де Рахметовтің қабылдануына жазылып, жалынып-жалбарынып, есігін күзетіп отыр. Үй аламын деп үміттенгендер бар ақшасынан айырылып, енді пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ең сорақысы, қаншама кезек күтіп, өз заңды қаражатын қайтаруды талап еткен үлескерлерге компания басшылары өте дөрекі сөйлейді. Тіпті қуып жіберген кездері де болған. Олар өздерін мүлде кінәлі сезінбейді», – дейді жәбірленуші.

Аталған тұрғын үй кешенінен 50 млн теңге қолма-қол ақша санап бергендер және екі пәтердің құнын бірден толық төлегендер де бар екен. Оларға да компания басшылығы тиын-тебен ұстатып, «шыдай тұрыңдар» деп арқадан қағып отыр. Гүлмира болса, екі жылдан бері жүйкесі жұқарып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанын айтады. Ендігі тілегі – бар салған қаражатын қайтарып алу ғана. Өз басынан өткен жағдай басқаларға да сабақ болса екен деген тілекпен, ешқашан қаңқасы салынбаған үйге қаражат салмау керек екенін ескертеді. Ең өкініштісі, Гүлмира сияқтылар аз емес, он мыңдаған адам. Олар осындай жағдайда кімге сеніп, кімнен әділдік сұрарын білмей, талай табалдырықты тоздырып жүр.

Қандай жағдайда құрылыс компаниясының үлескерден қаражат алуға құқы жоқ?

Былтыр Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға және мүлдем салмау туралы шешім шығаруға арналған 63 талап-арыз жолдаған екен. Соның ішінде 50-ін сот шешімі қанағаттандырған. Осы ретте, үлескерлердің сан соғып, бармақ тістеп қалуына ақпараттың жеткіліксіз болуы және «қара тізімге» енген компаниялар жайында мүлдем білмеуі де себеп болып отыр. Мысалы, тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторының кепілдік алмаған жағдайда үлескерлерден компанияның ақша алуға құқы жоқ. Осы ретте, айта кетерлігі «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігі аса маңызды рөл ойнайды. Себебі аталған ұйым құрылыс компаниясының қаржы көрсеткішін, баға саясатын, қаржыландыру көзін, құрылыс құны мен көлемін рұқсат құжаты мен құқықтық нормаларды қаншалықты сақтап отырғанын тексереді. Тағы бір маңызды ескеретін нәрсе, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлерден ақша тартуға рұқсат етілген.

Бас қаладағы жылжымайтын мүлік нарығының жылдам өсуі үлескерлік құрылысқа сұранысты арттырып отыр. Қарасы қалың көпшілік қайталама тұрғын үймен салыстырғанда, бағасы әлдеқайда төмен саналатын үлескерлік құрылысты артық көретіні жасырын емес. Нарықтағы бағадан арзан әрі су жаңа пәтердің кілтін ұстауды қалайтыны түсінікті. Бірақ бұл ретте белгілі бір тәуекелдердің барын ескеру керек. Біріншіден, тұрғын үй құрылысының аяқталуын ұзақ күтуге тура келеді. Сонымен қатар шартты рәсімдеу кезінде құрылыс нысанын салушының алдап кетуі немесе сапасының сын көтермеуі мүмкін. Сол үшін үлестік құрылыс арқылы сатып алу кезінде үйіңіздің әр кірпіші қаланғанша елең-алаң күйде боласың. Еліміздің ірі қалаларында үлескерлердің алданып, далада қалуы компанияның ешқандай жауапкершілік арқаламауының салдарынан болып отыр. TALAP орталығының директоры Аскар Қысықовтың айтуынша, Астанада көптеген тұрғын үйлер инвестициялық келісімшарт бойынша беріледі. Алдағы жылдары үлескерлердің «жаңа толқыны» шығуы мүмкін. Оның ауқымы үлкен болуы ғажап емес. Үлескерлер қаражатына үй салатындар көбіне қаржы пирамидаларының схемасымен жұмыс істейді. Яғни үй салынбай жатып сатылып кетеді.

Түйін. «Екі бұқа сүзіссе, ортасында шыбын өледi» демекші, үлескерлік құрылысқа қатысты туындаған проблемада алдымен қолындағы бар қаражатын салған үлескерлер жапа шегеді. Ресми мәлімет бойынша соңғы екі жылда үлестік құрылыс саласындағы қылмыстық істер бойынша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, мыңдаған қазақстандық жауапсыз құрылыс салушыларға сенім артып, тұрғын үйсіз қалды. Оның ішінде зейнеткер де, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ана мен мүгедек жандар да бар. Үлескер алданып, үй жарым жартылай салынып болғаннан кейін барып, тексеріс жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша заңды белшеден басқан компаниялар анықталады. Ал әне-міне үйімнің кілтін аламын деп үміттеніп отырған үлескер алақан жайып, сан соғып қалады. Сондықтан құрылыс компанияларын алдымен тексеріп барып, содан соң ғана үй салуға рұқсат берілуі керек екенін көзіміз көріп отыр. Жаңа заң 20 жыл бойы қордаланған үлескерлік құрылыс саласының проблемасын шешеді деп сенеміз.

Айжан Қалиева

Астана қаласы