Жеңісқали Сұлтекенов, кенші: Адам кез келген жұмысты істейді, кез келген қауіпке үйренеді
Шахтада жұмыс істеп келе жатқаныма 23 жыл. Қарын қамы, бала-шағаның наны үшін 23 жылдан бері жерастында жүрміз. Күн демей, түн демей кен орнындамыз.
Мысалы, түнгі 00:10-да шахтаға түссек, таңертең 08:00-де бір-ақ шығамыз. Үш күн істейміз, бір күн демаламыз. Басқа не айтамын. Біздің жұмыс – осы.
Техникаларымызды былтырдан бастап жаңартып жатыр. Апаттан қаза тапқандардың отбасына қайғыра отырып көңіл айтамын. Газ деген сол, аяқасты өрт, жарылыс... 28 жыл болды қаншама адам қаза тапты. Өрт әртүрлі жағдайда тұтанады. Оны дәл басып айта алмайсың. Метан газы кенеттен жарылады. Ол көмірдің ішінде болады. Сондықтан апат аяқасты деп жатқаным – сол. Біздің жағдайымыз анау айтқандай жақсы емес.
Мысалы, бірінші мәселе – зейнет жасы. Зейнетке басқалармен бірдей шығамыз. Тоқаев мырза бәрі болады деп жатыр ғой. Сеніп отырмыз.
Екінші мәселе – жалақы. Кеншілердің айлығын көтеру керек.
Үшінші мәселе – кадр. Мысалы, біздің бригадада 17 адам болу керек, бірақ 12 адамбыз. 5 адам жетіспей тұр. Кеншілердің жасы да қартайып бара жатыр. Себебі жастар келмейді, оларды жұмысқа алмайды. Жас мамандарды тәрбиелеп, жұмысқа тарту да қордаланған мәселе. Бізден кейінгі кеншілер қалай болады, ол да белгісіз. Олар кенші мамандығына қызықпайды деп айта алмаймын. Қаншасы кезекте тұр. Себебін сұрасаң «қабылдау жүріп жатқан жоқ» дегенді айтады.
Тамызда Қазақстан шахтасында апат болғанда ол жақтағы мамандарды бізге ауыстырды. Саран ғана емес, басқа қалалардан да келеді. Енді мына шахтада апат. Бұлардың мамандарын қайда жіберетіні белгісіз. Сол себептен жаңадан жұмысқа адамдарды алмайды деп ойлаймын. Ұлым да кенші. Осы салада қаншама жылдан бері еңбек етіп жүрмін, ұлым былтыр ғана жұмысқа кірді. Кенші болу қауіпті жұмыс. Секциялардың арасын жылжытқанда тастар түсіп кетеді, басқа да толып жатқан қауіп бар. Оның қайсібірін айтайын. Жарақаттар көп болады. Табиғи апаттар да көп, тастар өздігінен түсіп, адамдарды басып қалады. Қауіпсіздікті қалай күшейтуге болады, білмеймін. «Қауіпті ма, істеме!» дейді. Қалай істемейсің? Қалай күн көресің? Сондықтан жұмыс істейсің. «Қауіпті, тиме» дейді. Қалай тимейсің, оны істемесең көмір алынбайды.
Сондықтан істейсің. Қауіпті жұмыс деп жатқаным сондықтан. Міне, соны біле тұра кеншілер шахтаға түседі. Жас кезіңде «қауіпті жұмысқа бара жатырмын-ау, қайтпай қалуым мүмкін-ау» деп жиі ойланасың. Бірақ адам баласы үш күннен соң көрге де үйренеді емес пе? Етің өліп кетеді екен. Уақыт өте келе ойланбайсың. Күнде келесің, ақылдасып істейтін жұмысың. Адам баласы кез келген жұмысты істейді екен, кез келген қауіпке үйренеді екен. 23 жылда түйгенім – осы. Жасым 53-ке келді. Бала-шағам бар. Енді қайда барам, қауіпті деп жұмысымды тастамаймын ғой. «Жалақың мынадай, жұмысың анадай» дейді, ары қарай күнде көретінің жерасты.