«Жеті күнде жазылған» жаңа Конституция жобасынан не күтеміз?
Әу баста әңгімені Парламенттік реформадан бастаған билік соңында жаңа Конституция қабылдауға бел буды. Ең қызығы, осынша ірі өзгеріс небәрі 5 айдың ішінде жүзеге асқалы отыр. Көпшілік елдің ертеңіне тікелей қатысты қадамдар тым жылдам жасалып жатқанын айтады.
Түсінікті болу үшін былтыр қыркүйектен бергі хронологияға назар аударамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 8 қыркүйектегі жолдауында елде бірпалаталы Парламент құруды ұсынды. Ол үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізіп, сайлау туралы, партиялар туралы заңды өзгертуге тура келді. Сөйтіп, былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобының 14 қазандағы алғашқы отырысында Парламентті реформалау үшін Конституцияның 40-қа жуық бабын өзгерту қажет екені белгілі болды. Ата заңға енетін өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен бірдей екені алғаш рет осы отырыста айтылған.
Ал 2026 жылы 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Парламенттік реформаға дайындық барысында азаматтардан 2 мыңнан аса ұсыныс түскені, сол ұсыныстарды сұрыптап, Ата заңға енетін өзгерістер жобасын әзірлеу үшін Конституциялық комиссия құрылатыны айтылды. Аталған комиссия 21 қаңтарда құрылып, 24-29 қаңтар аралығында 5 отырысын өткізіп тастады. Төртінші отырыста Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов «Ата заңның 77 бабына түзету дайындалғанын, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитынын» айтты.
29 қаңтардағы бесінші отырыста комиссия мүшелері Конституцияға енетін өзгерістер оның концепциясын біршама өзгертетінін алға тартып, жаңа Конституция қабылдау мәселесін көтерді. Ал 30 қаңтар күні еріктілер форумында сөз сөйлеген президент Қ.Тоқаев «Комиссия мүшелері Ата заңға енетін өзгерістер ауқымын ескере отырып, жаңа Конституция қабылдау керек деген байлам жасағанын» айтты. Сондай-ақ ол болашақта Конституцияға шағын өзгерістің өзін референдум арқылы енгізу қажет екенін атап өтті.
Конституциялық комиссияның 30 қаңтардағы алтыншы отырысында жаңа Конституцияның жобасы таныстырылды. Ал 31 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасы баспасөзде жарияланды.
Содан бері қоғамда жаңа Конституцияға қатысты талқылау жүріп жатыр. Көпшілік пікірі екіге жарылған. Бірінші топ, билікке жақын ағайын жаңа Конституцияның артықшылығын айтып тауыса алмай жүр. Олар жаңа Ата заң халықтың мүддесін көздейтінін, кемшілігі жоқ екенін айтады. Тіпті қарапайым азаматтардың ұсынысы ескерілгенін, жан-жақты талқыланғанын айтып, мақтауын асырғандар бар. Шамасы олар e-Otinish және eGov порталдары арқылы түсті делінген 2 мың ұсынысты айтып отырған болуы мүмкін. Бірақ олар жаңа Конституция жобасын дайындауға халық мүлде араласпағанын, тіпті азаматтардың көбі талқы жүріп жатқанын білмей қалғанын ескермеген.
Ал сыни көзқарастағы ағайын «жеті күнде жаңа Конституция жазылғанына» наразы. Бұл сөздің қайдан шыққанын жоғарыда жаздық. 24 қаңтарда жұмысын бастаған Конституциялық комиссия 30 қаңтарда жаңа Ата заңды таныстырып үлгерді. Азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, саясаткерлер билікті «жаңа Конституцияны қабылдауда асығыстық танытпауға» шақырды. Әу баста Парламенттік реформаның өзі «2026 жылы бір жыл бойы талқыланып, 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы шешілетіні» айтылған. Бірақ бәрі басқаша өрбіді. Көпшілік жаңа Конституция жобасының бір жыл емес, бір аптада әзірленгені асығыстық болды деп санайды.
Сондай-ақ қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты үлкен сұрақ туындап отыр. 9-баптың 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Сарапшылардың айтуынша, Конституциялық құқықта тең қолданылады деген тең құқықтық статус дегенді білдіреді. Яғни, бұл формула мемлекеттік тілдің ерекше мәртебесін жойып, қазақ тілі мен орыс тілінің мәртебесін теңестіреді. Көпшілік Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алты жиналысы мен Конституциялық комиссияның алты отырысында ешкім мемлекеттік тіл жайлы бір ауыз пікір айтпағанына наразы.
Конституция жобасында не айтылған?
Жаңа Ата заң преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады, преамбуласы толығымен жаңарған. Әділін айту керек, жаңа жобаның мемлекеттік тілдегі мәтіні біршама түсінікті жазылған екен. Бұған дейінгі заң мәтіндерін қазақша оқып түсіну тым қиын екенін бәріміз білетін едік, бұл жолғы Ата заңда ана тілімізге көңіл бөлінгенін жағымды жаңалық ретінде атауға болады.
Бірақ Конституция жобасының өзі мінсіз емес. Преамбуланы жаңартып, онда «Ұлы дала, мыңжылдық тарих» деген сияқты пафосқа толы сөз жазғаннан немесе «адам құқықтары, сөз бостандығы» дегенді бірнеше жерде қайталап көрсеткеннен Конституцияның концепциясы өзгеріп кетпейді. Бұған дейін елде адам құқықтары бұзылса, заңның жоқтығынан емес, заң талаптарының жеткілікті деңгейде орындалмауынан бұзылған. Демек жаңа Конституцияда адам құқықтары жайлы бірнеше жерде жазу әділет орнағанын білдірмейді.
Сондай-ақ Конституция жобасында табиғатты қорғау, цифрландыру, дін мен мемлекеттің ара-жігін ажырату, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын айқындау, зияткерлік меншік құқығын қорғау, алғаш рет адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап енгізу, «Миранда ережесін» бекіту сияқты жаңалықтар бар. Бұдан бөлек, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу, бірпалаталы Парламент жасақтау сияқты баптар жұрт арасында көп талқыға түсіп жатыр.
Көпшіліктің алаңдаушылығын туғызған тағы бір мәселе бар. 5-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін», деп жазылған. Мәні бұлыңғырлау осы баптың мақсаты арнайы экономикалық аймақ сияқты мемлекеттік басқаруда, сот жүйесінде өзіндік ерекшелігі болатын аймақтарды белгілеу болуы мүмкін. Мысалы ретінде арнайы құқықтық мәртебесі бар Астана халықаралық қаржы орталығын айтуға болады. Сондай-ақ Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласы еске түседі. Сарапшылар бұл бап Алматы маңында бой көтеретін Алатау қаласына арнайы мәртебе беріп, ерекшелеу үшін енгізілді деп санайды.
Сондай-ақ 30-баптың 2-тармағында «Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деп жазылған. Яғни, әлемдегі кейбір елде қабылдана бастаған дәстүрлі емес неке заң аясында мойындалмайды. Бұған дейін Конституциялық комиссияның отырысында мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынған болатын.
Ал 33-баптың 5-тармағында «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп жазылған. Бұл бап әр жылы қыркүйек айында туындайтын хиджаб дауын шеше алар ма екен? Әйтпесе, бір жылдары хиджаб киюді қолдайтын ата-аналар күш алып, Оқу-ағарту министрлігін қыспаққа алғанда, сол кездегі министр Ғани Бейсембаев мұндай көзқарастағы ата-аналардың санын анықтауға тапсырма беріп, олардың талабымен келісетіндей ыңғай танытқан. Сондықтан мұндай дау Конституция деңгейінде шешілгенін құптауға болады.
35-бап та көп көңіліне күдік ұялатып отыр. Қаңтар оқиғасынан кейін елде бейбіт митинг өткізу қиындап кетті. Билік сөз жүзінде талапты жеңілдетіп, митинг жайлы жауапты органға ескерту жеткілікті дегенмен, іс жүзінде бейбіт жиындарға кедергі көбейіп кетті. Жаңа Конституция жобасында «... митинг өткізу құқығын пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін» деп жазылған. Осындағы «қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында» деген сөздің астары түсініксіз. Сарапшылар осы бұлыңғыр талап митингтерге шектеу қоюға себеп болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Президент пен Парламент
Жаңа Конституция жобасының ІІІ бөлімі «Президент», IV бөлімі «Құрылтай» деп аталады. Екеуі де 10 баптан тұрады. Формалық тұрғыда президент пен Құрылтайға бірдей өкілеттік берілгендей көрінгенмен, шын мәнінде, президенттің статусы әлдеқайда жоғары екені аңғарылады.
Мысалы, 46-бапта президент Құрылтай келісімімен вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындайтыны жазылған. Егер Құрылтай осы лауазым иелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартса, президент Құрылтайды таратады. Яғни, Құрылтай мүшелері президент ұсынған тағайындауларға міндетті түрде келісім беру керек болады.
Сондай-ақ дәл осы бапта «президент Конституциялық сот төрағасын, Жоғарғы сот төрағасын, Ұлттық Банк төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, ОСК төрағасын, ЖАП төрағасын тағайындайды және оларды лауазымынан босатады» деп жазылған. Бұрын ол мұндай лауазым иелерін қызметке қою үшін Сенаттың келісімін алатын. Сенат тараған соң бұл құзырет толықтай президенттің қолына өтеді.
Бұған дейін көпшілік арасында «Конституция жаңарған соң президенттік мерзім туралы» талап өзгереді деп болжаған. Бірақ 43-бапта «Президент 7 жыл мерзімге сайланады, бір адам бір реттен артық Қазақстан президенті болып сайлана алмайды» деп жазылған. Бірақ сарапшылар президент лауазымына кандидатқа қойылатын талап азаматтардың сайлау және сайлану құқығын бұзады деп санайды. Өйткені 43-баптың 2-тармағында «...мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген азамат сайлана алады» деп жазылған. Яғни, біздің елде мемлекеттік қызметте істемеген білікті азаматтар ешқашан президент бола алмайды.
43-баптың 5-тармағында «Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді» делінген. Яғни, бір адам 7 жылдан бір мерзім ғана президент бола алды деген талапты ешкім өзгертпеу керек деп тұр. Бірақ тәуелсіздік алған 35 жылда 3 мәрте жаңа Конституция қабылдап (үшіншісін енді қабылдағалы отырмыз), сан мәрте өзгеріс енгізген елде «бір бап ешқашан өзгермейді» деген талап сақталады дегенге сене аламыз ба?
57-баптың 1-тармағында «Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген төраға басқарады» деп жазылған. Яғни, Парламент спикері қазақ тілін жетік білуі шарт. Негізі бұл талапты Құрылтайдың 145 депутатының бәріне міндеттесе де жарасымды болар еді. Айтпақшы, депутаттар Құрылтай төрағасын сайлаудан қайталай бас тартса да, президент оларды таратып жібереді.
Сондай-ақ жаңа құрылым – Халық кеңесіне біршама үлкен өкілеттік берілген. 71-бапта «Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады» деп жазылған. Ал «қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту» деген міндетті Ассамблеядан мұраға алған сияқты.
Конституция өзгере ме?
Жаңа Конституция қабылдау өте маңызды шаруа екені анық. Ал одан да маңызды мәселе – бүгін қабылданған Конституцияны ертең біреулер өзгертіп жібермей ме деген сұрақ. Қазақстанның бірінші Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Бұл Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енген.
Ал қазір қолданыста тұрған екінші Ата заң 1995 жылы 30 тамызда қабылданған. 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары Конституциядағы 55 бапқа 1 100-ден астам өзгеріс пен толықтыру енді. Ал ең ауқымды өзгеріс 2022 жылы 5 маусымда жалпыхалықтық референдумнан кейін енген, ол кезде 33 бапқа 56 түзету жасалды.
Біз жоғарыда президент Тоқаев «болашақта Конституцияға шағын өзгерістің өзін референдум арқылы енгізу қажет екенін» айтқанын жаздық. Жаңа Конституция жобасының 92-бабының 1-тармағында «Ата заңға өзгеріс енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өткізуге ел президенті, Құрылтай, Үкімет және Халық кеңесі бастама көтере алатыны» жазылған. Яғни, жаңа Конституция қабылданған күннің өзінде оның ұзақ уақыт өзгеріске ұшырамайтынына кепілдік аз. Кез келген сәтте референдум өтіп, Ата заң өзгеріп кетуі мүмкін.
Айтпақшы, жаңа Конституция қабылданса, мемлекеттік мереке – ҚР Конституциясы күні өзгереді. Қазір бұл мерекені 30 тамызда атап өтіп жүрміз. Жаңа жоба талқылаудан өтіп, референдумда қолдау тапса, жаңа Конституция қабылданады. Дәл сол күн мемлекеттік мереке болып белгіленеді.
Қуаныш Қаппас