Жетімдер үйі жабылды

Павлодар қаласындағы «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйінен шу шықты. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған екі бойжеткеннің арасындағы кикілжіңнің ушыққаны соншалық – олар жаға жыртысуға дейін барды.
Сол себепті психдиспансер мен полиция қызметкерлерін шақыруға тура келді. Соңғы уақытта балаларға арналған арнайы интернаттарда осындай даулы жағдайлар жиілеп кетті.
Облыс орталығында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге арналған «Жас ұрпақ» үйі бар. Мұндағы екі тәрбиеленуші – Ангелина мен Карина бір бөлмеде тұрады. Бір күні олардың бөлмелерінен айқайлаған дауыстар шықты. Айқай-шуды естіген тәрбиешілер мен мекеме директоры бөлмеге кіріп келгенде, қос құрбының «қақтығысып» қалғанын байқады. Сөйтсе, екі жасөспірім жаңа жылда шыршаны, бөлмелерді сәндейтін жарықдиодты шамдарды бөлісе алмаған екен. Екеуінің сәл нәрсе үшін ашуға булыққаны соншалық – жасөспірімдер үйінің басшылығына медицина және полиция қызметкерлерін шақыруға тура келген көрінеді.
– Мен Ангелинаға басу айтпақ болдым. Бірақ ол ешкімнің сөзін құлаққа да ілмей, Каринаны іздеуге кірісті. Ал біз оны басқа бөлмеге жасырып қойған едік. Себебі Ангелина ашуға мінгенде өз-өзін ұстай алмай қалатын әдеті бар. Ол психоневрологиялық диспансерде есепте тұр. Бізге көнбеген соң, осы диспансерден жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырудан басқа амал қалмады. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізу керек деген шешім қабылдады, – дейді жасөспірімдер үйінің директоры Айжан Қойсоймасова.
Десе де, Ангелинаның өзі мұның барлығын жоққа шығарды. Тіпті тәрбиеленушілерге көрсетілетін қысым туралы прокуратураға шағым түсіруге бекініп отыр.
– Бұл жерде ата-аналарының тәрбиесін көрмей, түрлі себепке байланысты осында келген балаларға ешқандай жағдай жоқ. Бөлмелері суық, ыстық су бірде бар, бірде жоқ. Кейбір бөлмелердегі тоңазытқыштар істемейді. Бізді мекеменің ауласындағы қарды күреп, тазалауға мәжбүрлейді. Басқа да жұмыстарды мойнымызға іліп қояды. Айтқандарын орындамасаң, «бағынбағандарды психоневрологиялық диспансерге тоғытамыз» деп қорқытады, – дейді бойжеткеннің өзі.
Әлбетте, мекеме басшылығы мұндай пайым-пікірмен мүлде келіспейді. Орталықтағы 16 баланың барлығын өз балаларындай көретінін айтып, ант-су ішіп отыр. Ата-анасынан айырылған жасөспірімдер тәрбиеленуі тиіс бұл үйден шыққан шу әлеуметтік желілер арқылы жедел тарап, қоғамның қызу талқысына түсті. Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы бұл мәселеге қатысты қызметтік тексеріс жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ тәрбиеленушілер мен тәрбиешілердің құқықтарын қорғау үшін бейнекамералар көптеп орнатылатын болады.
Бұл Павлодардағы жетім, ата-ананың қамқорлығынан айырылған балалар орналастырылған орталықтардағы алғашқы даулы мәселе емес. Осы жылдың басында қиын жағдайға тап болған балаларға арналған орталықтың үш тәрбиеленушісі антисептик ішіп уланған болатын. Бірақ бұл мәселенің беті арада бір ай өткен соң ғана ашылды.
Белгілі болғандай, 16-17 жасар қыздар 1 қаңтар күні сағат 20:30 шамасында «Антисептик-МД-1» сұйықтығын сумен араластырып, әрқайсысы екі жарым стақаннан ішкен. Екінші күні үш қыздың жағдайы нашарлап, жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Өкінішке қарай, дәрігерлер 17 жасар қызды ажалдан арашалап қала алмады. Ал оның екі құрбысы улану салдарынан айығып, орталыққа қайта оралды.
Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы бұл мамандандырылған орталықта ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім, бақылаусыз 29 бала барын айтты. Орталық қызметкерлері 18 жасқа дейінгі балаларға жаңа отбасын тауып беруге көмектесетін көрінеді. Бүгінде мұндағы ата-аналар мектебінде бала асырап алуды қалайтын 42 адам оқу курстарынан өтіп жатыр.
Антисептиктен уланған үш қыз да орталыққа өткен жылдың қазан айында әкелері мен аналары ата-ана құқығынан айырылған соң орналастырылған.
– Тәрбиеленушінің қайтыс болуына байланысты мекеме басшысының орынбасарына, тәрбиеші мен медбикеге қатаң сөгіс жарияланды. Тағы бір медбике, тәрбиешінің екі көмекшісі мен күзетші жұмыстан кетті. Орталық директоры жұмыстан босату туралы өтініш жазып, өз еркімен орнын босатты, – дейді Дінислам Болатханұлы.
Балалар үйіндегі мұндай бассыздықтар қоғамға үлкен әсер етіп, ойландырған болуы керек. Тәрбиеленушілерге қатысты көрсетілетін қысым, қатал әрекеттер көпшілікке әсер еткенге ұқсайды. Олай дейтініміз, тұрғындар тәрбиеленушілерден көз жазып қалудың соңы өлімге дейін апаруы мүмкін екенін аңғарып, жетімдер үйіндегі балаларды бауырларына баса бастады. Мәселен, осы жылдың басынан бері Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі орталықтың жеті тәрбиеленушісі жаңа отбасын тапты.
Жетімдердің жағдайына бейжай қарай алмаған отбасылардың бірі – Валерий және Наталья Богдановтар. Олар бір үйдің төрт бірдей баласын асырап алды.
– Жетімдер үйінен бала алу моральдық тұрғыдан оңай емес. Құжат жинау сынды ресми жұмыстары да қиын екен. Асырап алу жұмыстары бір жыл уақыт алды. Алдымен әңгімелесуден өттік, сосын, құжат жинадық, одан кейін жағдайымызды, тұрмысымызды тексерді, тағысын тағы. Ата-аналар курсына да қатысып, балалармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендік, – дейді Валерий Богданов.
Енді Иван, Максим, Мария және Каринаның ата-анасы бар. Олардың туған әкелерінің ұшты-күйлі жоқ болып кеткеніне әжептеуір уақыт болған екен. Ал аналары осыдан бір жыл бұрын қатерлі ісіктен көз жұмған.
– Ағаларым әкеме, ал әпкем екеуміз анамызға көмектесетін боламыз. Үй шаруасына қолғабыс жасап, олардың көңілін табуға тырысамыз. Бауырларды бөлмей, бәрімізді бірдей бауырына басқан ата-анамызға айтар алғысымыз зор. Біз оларды жақсы көреміз, – дейді Мария.
Соңғы үш жыл аралығында Кенжекөл ауылындағы балалар үйінің 70 тәрбиеленушісі отбасылы болған екен. Ал облыстағы жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 25,6 пайызға азайды. Тәрбиеленушілердің қатары сиреген соң, жақында Тереңкөл ауылындағы балалар үйі жабылды.
Ендігі тілек – алдағы уақытта басқа балалар үйіндегі жетімдер саны да азайып, орталықтардың есіктеріне қара құлып салынса екен. Жоғарыдағыдай көңілге қаяу түсіретін оқиғалардың емес, сүйінші сұрайтын хабарлардың көп болғанын қалаймыз.