Жетісай мал базары: жабайылық желі есіп тұр

Баяғы заманда Грекияға келген жолаушыларға: «Афинаны көрмеген – есек, ал көре тұра таңданбаған түйемен тең» деген екен.
Қызуқанды гректердің отаншылдық сезіммен асыра сілтеп айтқан қанатты сөзін кешіруге болатын шығар-ау, ал магиялық күші бар мұндай мәртебелі мақтау сөзді Жетісайға қарап айта алмайсыз. Айтқан күнде де, ол көл де, көңіл де толмайтын көбік сөз болып шығар еді. Өйткені қалада адам қайран қалатын, таңданатын, тамсанатын тамаша дүниені таппайсыз. Қала атын аспандатып тұрмағанмен, бас ауруы көп базарын айтуға болады. Базардың да өз қызығы бар: театр, мұражай, цирк, стадион сияқты адамдарды магнитше өзіне тартып тұрады. «Сауда сақал сипағанша» демекші, ардан аттап кететін алыпсатар мен тілі тас жаратын делдалды көріп, ауыз әдебиетінің «асыл» үлгілеріне қарық боласыз. Біздің айтайын дегеніміз бұл емес еді.
Таң сәріден қазаның қайнатып, қалың қазағын «ойнатып», мәре-сәре болып жататын Жетісай базары – қаланың берекесін кіргізіп, бағың жандырып тұр. Бірақ аудан орталығының ажарын ашып тұр деуге аузың бармайды. Базардың төрт құбыласы түгел ығы-жығы көліктермен кептеліп, жаяу жүргіншілер шалшық кешіп, батпақ басып, обал-ай, жалғыз аяқ жолға зар болып жатады. Күніне бір рет болса да базарға бас сұқпаса басы ауырып, балтыры сыздайтындардан басқа, жылы, жайлы орындардан дәметпей, аптап ыстық пен сарышұнақ аязға төтеп, салығын төлеп, халыққа қызмет етіп жатқандарға алыпсатар алаяқ, қызылкөз коммерсант деп қарайтын ескі көзқарастың етегіне жармасып жүрген ешкім жоқ. Бірақ базарға барып бағын сынап, нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап, күнкөріс қамымен жүрген өзіміздің қаракөздерімізге жаның ашиды. Өйткені оларға ең қарапайым үлгідегі жағдай жасалмаған. «Алаған қолың береген» деуді білмейтін, ақша санауды ғана білетін базар қожайындары өткен жылдары базарда азын-аулақ жөндеу жұмыстарын жүргізіп, біршама реттеп, тәртіпке келтіргенмен, базар мәдениеті өркениет өріне көтеріліп, көркейіп кетті деуге келмейді.
Айтпақшы, үстіміздегі жылдың жаз айларының бірінде Жетісай базары өртке оранды. Түнде тұтанған алапат өрттен миллиардқа жуық теңгенің тауарлары күлге айналып, бастырма мен дүңгіршектер қирап қалды. Апыр-ай, бақытсыздық болмаса, бақыт өз аяғымен келмейді екен. Өрттен кейін базар қожайындары жедел іске кірісіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, реконструкциялап, жаңа үлгідегі сауда нысандарын тұрғызып, жанталасып жатыр. Базар қалыпты жұмыс ырғағына жарым-жартылай көшкенімен, өрттен зардап шеккен сатушылар тауарларын 2-3 есеге қымбаттатып жіберді. Кеткен есені тезірек қайтарып алуға деген неткен қанағатсыздық десеңізші! Біз Жетісай көкбазарының көңілге қонымсыз тұстарын азын-аулақ сөз еттік, ал мал базарының «мәдениеті» орта ғасырлық деңгейден көп ұзай қоймаған: жабайылық иісі мүңкиді.
Аптаның сәрсенбі күні басталып, бейсенбі күні түс қайта тарқайтын мал базардағы жұрттың жанталасы мен қарбалас сәті – Вавилондағы Семирамида аспалы бағынан кейінгі әлемнің сегізінші «кереметін» еске түсіреді. Жазда көз аштырмайтын қи мен көңнің шаңы қолқаңды қапса, қыста – белуардан батпақ. Базар төрт түлік малға толы, ығы-жығы адам мен қаптаған көліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Есік аузында алым-салық жинап, жанталасқан жалмауыздай жігіттер екі сөзге келмей кеңірдегіңді жұлып ала жаздайды. Адам мен мал ағып кіріп, шұбырып шығып кетіп жатады.
Сол Жетісай мал базарының «жабайы» тұстарын жіпке тізіп, санамалап көрейік:
біріншісі – базарда көліктен мал түсіретін де, артатын да арнайы эстакадалар болмағандықтан, мал иелері ит әуреге түсіп жатады;
екіншісі – базарға түскен малды байлап ұстайтын қазық, желі, қора, т.б. қосымша жайлардың сиқы әлем-жәлем;
үшіншісі – тұрақ жай оңды ойластырылмағандықтан, көліктер тас жолдың үстінде ерсілі-қарсылы қаздай тізіліп, кептеліс туғызып, әрі-бері өтетін жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіреді;
төртіншісі – төрт түлік малдың ауру-сырқауын ажыратып, анықтап, тексеріп, жұқпалы кеселдердің таралып кетпеуін қадағалайтын ветеринарлық-санитарлық бақылау жоқ;
бесіншісі – базар алаңына асфальт төсеп, не бетондалмағандықтан, жазда тезектің тозаңы көтеріліп, қыста көң аралас ми батпақ болып жатады;
алтыншысы – базар алаңы жыл-он екі ай қоқыс, қи-тезектен тазартылмайды, дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмыстары жүргізілмейді.
Базардың жұмыс тәртібі мен тазалығын қадағалауға тиіс ауданның ветеринария қызметі мен санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің базар қожайындарына тісі батпайтын тәрізді. Шамасы, ауыздарын ақшамен жауып, базарға аяқ бастырмай қойған ба, дерсің. Базарда әрбір мал басынан алынатын алым-салықтың көлемі де аз емес. Базарға кіріп, шығып жатқан төрт түлік малдың есебі жоқ. Базар «майданының» жілігін шағып, майын ішіп жүргендердің қотыр есебі бойынша, ай сайын алым-салықтан миллиондаған ақша түседі екен. Түссін, берекесін берсін! Біздің айтайын дегеніміз – сол ағып келіп жатқан ақшаның бір парасын базарды көркейтуге, сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға, тазалықты сақтауға, т.б. игі істерге жұмсаса, сауап болар еді. Әзірше, ондай ниет байқалмайды. Өкінішті-ақ.
Бір күні Қожанасыр иығына кілем қоржынын іліп алып, Бұхара базарын аралап жүрсе, биік сәкіде отырған шаһар басшысының көзіне түсіп қалыпты. Ол: «Ей, қазақ, бері кел!» деп қасына шақырып, ас-су беріп сыйлапты. Қожекеңнің ішіне ел қонды-ау дегенде қала әміршісі: «Намаз оқисың ба?» деп сұрапты. Қожекең: «Иә, тақсыр, оқимын» депті. «Бәрекелді! Ондай болса, айтшы, бесін намазы неше бас болады?» деп сұрапты. Қожекең ойланып жатпастан: «Он бас болады» деп қойып қалыпты. Шаһар басшысы Қожанасырдың өтірік айтқанын біліп, қаһарына мініп, жендеттерін шақырып, дүре соққызып, базардан қуып шығыпты. Салысы суға кетіп үйге келген соң, мән-жайды сұрап білген әйелі: «Бесін намазы бес бас болады демедің бе?» десе, Қожанасыр: «Ей, ақымақ қатын, он басқа көнбеген қала әміршісі бесеуге көнеді деп пе едің» деген екен. Сол айтпақшы, жауапкершілікті жете сезінбейтін базар иелерін, қашаннан бері айтылып келе жатса да, базар мәдениетін көтеруге көндіру қиын болып тұр. Дегенмен бағы жанып, алым-салықтан байып, майлы жіліктің басын ұстап отырған базар қожайындары – жабайы үрдістен арылып, халыққа қызмет етудің өресі биік, үлгілі мәдениетін қалыптастырып, базардың ажарын келтіріп жатса, сауап арқалап, көптің алғысына бөленер еді демекші едік.