Жетісу облысында жүк көліктерін тонаған 6 адамнан құралған топ ұсталды
Жетісу облысында жүк көліктерін тонаған 6 адамнан құралған топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Жетісу облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен Алматы – Өскемен тас жолында жүк көлігін тонаумен айналысқан қылмыскерлерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.
10 шілдеде нәтижелі жұмыстың арқасында алты адамнан тұратын топ ұсталды. Олар жүйелі түрде жүк көліктерден түрлі тауарларды ұрлаған. Бұл топтың жұмысы ұрланған мүлікті сатуға дейін жақсы ұйымдастырылған.
"Қылмыскерлердің бір схема бойынша әрекет еткені анықталды: олар түнде тас жолға шығып, фураның артында жүріп келе жатып, трассада жүк көлігі жылдамдығын бәсеңдететін және теңселмей жүретін жерлерді таңдамақ болған. Қарақшылар ауыр жүкке жақындап, арнайы жасалған баспалдақтың көмегімен жүк көлігінің төбесіне көтерілген. Екі адам жүк көлігінің төбесіне шығып, біреуі тіркеменің ішіне кіріп, екіншісіне тауарды беріп отырған. Жүкті жол жиегіне лақтырған. Біраз уақыттан кейін, сыбайластары ГАЗель автокөлігімен тауарларды жинайтын болған. Ұрланған заттарды сатуға Алматы қаласындағы таныстары көмектескен. Қазіргі уақытта бірнеше адамның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", – деді Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары Әбдікенов.
Оларды ұстау кезінде Жетісу облысының, Алматы облысының және Алматы қаласының аумағында 30-дан астам тінту іс-шарасы өткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Қылмыстық топ жасаған ұрлық) бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Полицейлер басқа зардап шеккен адамдарды анықтау және ұсталғандардың ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.