Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:35, 23 Қараша 2018

Жетісуда халықаралық турнир өтті

Талдықорғанда дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқанғали Бекмұханбетовты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Осы ретте, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ришад ТҰРҒАНБАЕВ аталған жарыстың ұйымдастырылу себебін атап өтті.– Бұл Алматы облысында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байрақты бәсекелердің бірі. Көбіне жасөспірімдер арасында өтеді.  Турнирды өткізудегі себеп те, республиканың түкпір-түкпіріндегі талантты, талапты жігіттерді жинап, олардың ішінен мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік танылған мықтыларын анықтау. Сол арқылы әлемдік байрақты бәсекелерде ел мерейін тасытатын жаңа дзюдошылар қосынын дайындау. Мәселен, осыған дейін бұл турнир аясында жасындай жарқылдап шыққан спортшыларды айтар болсақ, кезінде Татами төрінде ойнақ салған, Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов, Пекин Олимпиадасының күміс медаль иегері Асхат Житкеев, Сидней Олипиадасында қола жүлде алған Айдын Смағұлов (Қырғызстан атынан қатысқан – ред.) – барлығы осындай турнирден жетіліп шыққан еді. Мәселен алысқа бармай бүгінгі жетістікке тоқталар болсақ, күні кеше ғана Астанада өткен Қазақстанның Чемпионатында Алматы облысы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, – дейді Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.  Жастарды қанаттандыру демекші, «Жастар» спорт сарайында дүркіреп өткен шараның артықшылығы сол, спорттық жарыс бозкілемге 2001-2002 жылғы жасөспірімдерді шығарды. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, намысты дода Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік және Тұңғыш Президенті күніне орай өткізіліп отыр.Жарысқа Қырғызстан мемлекетінен және еліміздің облыстары мен қалаларынан 10 команда қатысты. Нақтырақ айтқанда, бозкілемдегі белдесуде 500-ге жуық спортшы бақ сынады.Кіл мықтыдан кім мықты екені анықталған айтулы бәсекеде облыс спортшылары намысты қолдан бермеді. Тиісінше, 4 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль жетісулықтардың кеудесінде жарқырады. Атап айтсақ, 48 келі салмақта Д. Буркеева, 63 келіде Р. Нысантайқызы, А. Абзалбек, 73 келіде Ш. Болатбеков қарсылас шақ келтірмеді. Бәрі де алтыннан алқа тақты. Ал күміс жүлдеге 46 келіде А. Мусырманқұл, 57 келіде З. Тәңірберген,  60 келі салмақта Ы. Альсейт,  Е. Жеңісов, +70 келіде М. Ілежан, 81келіде Г. Сансызбай, 90 келі салмақ дәрежесінде М. Мирзаев қол жеткізді.Сонымен бірге, қола жүлдеге 46 келіде Т. Байжұман, 50 келіде Ж. Қуанов, 52 келіде У. Нұрғалықова,  М. Райымбек, 55 келі салмақта И.Смағұлов, 57 келіде Т. Тілектесқызы, М. Джакишева, 63 келі салмақта О. Соловей, +70 келіде Д. Рустемқызы, +90 келі салмақ дәрежесінде А. Бекенов лайықты екенін дәлелдеп шықты. Фото: uralskweek.kz
Тегтер: