Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

Жетісу – инвестор сеніміне ие өңір

Инвесторлар
Фото: logistan.info

Жетісу облысы кейінгі жылдары еліміздің ең белсенді инвестициялық аймақтарының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы жолдауларында үнемі инвестиция тарту экономиканы әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі тетігі екенін атап көрсетіп келеді. Осы бағытта Жетісу өңірі жүйелі жұмыстар жүргізіп, халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері аймақ экономикасына 330,3 млрд теңге инвестиция құйылған, оның 35 млрд теңгеге жуығы шетелдік инвесторлардың тікелей салымы. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе жоғары көрсеткіш.

Қазір облыста жалпы құны 2,9 трлн теңге болатын 110 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 13 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Солардың ішінде ерекше ауқымдыларының бірі – «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс комбинаты» компаниясының металлургия зауыты. Аталған нысан іске қосылғанда 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында Германияның Skyhansa компаниясымен бірлесіп халықаралық әуежай салу жобасы қолға алынды. Заманауи әуежай сағатына 500 жолаушы қабылдайтын терминалмен, жылына 50 мың тоннаға дейін жүк өңдеу мүмкіндігімен және туризм мен сауда бағыттарын дамыту әлеуетімен ерекшеленеді.

Өңдеу өнеркәсібінде де жаңа бастамалар аз емес. Чили, Пәкістан, Қытай және Қырғызстан инвесторларының қатысуымен болат шар, газ-бетон блоктары, еден жабындары және ұн тарту кешені іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындар өңірдің индустриялық әлеуетін арттырумен қатар, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жетісу табиғи әлеуеті мол өңір болғандықтан, баламалы энергия көздерін дамыту саласы ерекше қарқын алып келеді. Қазір облыста жалпы қуаттылығы 251 МВт-тан асатын 18 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Биыл Ескелді ауданындағы Қора өзенінде қуаттылығы 26 МВт болатын су электр станциясы пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Қербұлақ ауданында 110 МВт қуат өндіретін күн электр станциясы салынып жатыр. Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы аумағында жел генераторлары мен энергия сақтау жүйелеріне арналған жабдық шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Бұл жобалар экологиялық тұрғыдан тиімді болумен қатар, энергия қауіпсіздігін арттыруға да жол ашады.

Облыстың халықаралық әріптестік жұмыстары мен географиялық артықшылығы туралы да айтуға болады. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, Жетісудың инвестициялық саясаты халықаралық әріптестікті тереңдетуге, экспорттық әлеуеті бар өндірістерді дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған.

«Біздің өңір – Қытаймен шекарасында бес кеден бекеті бар республикадағы жалғыз аймақ. Сонымен бірге осы өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автодәлізі арқылы жүк Қытайдан Еуропаға небәрі 10 күнде жеткізіледі. Бұл біздің стратегиялық артықшылығымыз саналады», – деді Қанағатов.

Әсет Қанағатовтың айтуынша, географиялық тиімділік пен халықаралық әріптестіктің кеңеюі нәтижесінде Жетісу Бельгия, Германия, Сауд Арабиясы, Иордания, Чили, Пәкістан және Қытай секілді елдердің инвесторларымен тұрақты байланыс орнатқан. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын нығайтып, жаңа өндірістер ашуға және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл жалпы құны 50,6 млрд теңге болатын 25 инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Оның ішінде 10 жоба өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларына тиесілі. Мәселен, Талдықорғанда орналасқан «Қайнар-АКБ» зауыты аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні іске қосып, өндіріс ауқымын кеңейтті.

Зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Талғат Қонақбаевтың айтуынша, жаңа цех іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жұмыс істейтіндердің саны 150 адамға артқан.

«Қайнар-АКБ» облыстағы ең ірі, жүйеқұраушы кәсіпорындардың бірі. Мұнда 1 200 адам еңбек етеді. Зауыттың Талдықорған қаласы өнеркәсібіндегі үлесі 33,6 пайызға жетіп отыр. Біз жеңіл және жүк көліктеріне, ауыл шаруашылығы мен әскери техникаға арналған 50-ден астам аккумулятор түрін шығарамыз», – дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында инвестиция тарту – еліміздің экономикалық дамуының басты драйвері екенін бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысы өңірлерге шетелдік және отандық капитал үшін қолайлы жағдай жасауды, жаңа жобаларға әкімдіктердің тікелей қолдау көрсетуін тапсырған болатын.

Жетісу облысында бұл тапсырма нақты нәтижесін беріп отыр. Әкімдік бизнес жүргізу үшін инфрақұрылымдық және құқықтық жағдайды жақсартып, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін арнайы орталықтар ашты.

Жыл соңына дейін облысқа тартылатын инвестиция көлемі 573 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Оның 430 миллиарды – бюджеттен тыс қаражат. Бұл Жетісу экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және инвесторлар сеніміне ие екенін айғақтайды.

Жетісу – табиғи ресурсқа бай, инфрақұрылымы дамыған, географиялық тұрғыда қолайлы аймақ. Сол әлеуетті тиімді пайдалану арқылы өңір алдағы уақытта да ел экономикасының маңызды тірегіне айналары сөзсіз. Өңірге шетелдік инвесторлар қызығушылығы артып келеді. Инвестиция облыстың болашағына салынған сенімді капитал екені белгілі. 

Еламан Өмірхан

Жетісу облысы