Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:14, 14 Желтоқсан 2023

Жетісу өңірінің транзиттік әлеуеті қандай?

транзит
Фото: из открытых источников

Жетісу өңірінің облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі республика бойынша үлкен көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуына байланысты облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі мен Қазақстандағы ең ірі халықаралық «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы мұндағы өндірістік инфрақұрылымның, соның ішінде жол желілерінің аумақтық даму, туризм салаларындағы маңызын айшықтайды. Облысқа жасаған іссапары барысында президент 2025 жылға дейін қалыпты жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Ендеше, өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының барысын Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжановтан сұрап білген едік.

Жетісу облысының транзиттік әлеуеті жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту қажет екенін атап өткен еді. Қазіргі таңда өңірдегі жол төселу, жөндеу жұмыстары қай деңгейде?

—Жетісу облысы бойынша 3988 шақырымның 2954 облыстық, 1034 республикалық маңызы бар жолдар. Биыл облыстық маңызы бар автожолдардың инфрақұрылымын дамыту шеңберінде облыстық және республикалық бюджеттен 18,6 млн теңге қаражат бөлініп, 36 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 137 шақырымы туристік кластерді дамыту аясында Балқаш көліне дейін баратын жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Сонымен қатар бөлінген қаражат есебінен 198 шақырым жол жөнделді. 5 көпір күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. 2022 жылы жолдың жақсы және қанағаттандырарлық жағдайы 91% болса, аталған көрсеткіш жылдың соңына дейін 93%-ға жетіп отыр. 200-ден аса шақырым аудандық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүрізіліп, жаңадан асфальт жабындысы жабылды. Бұдан бөлек 69 мың шаршы метр жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері орнатылып, сызықтар орнату, жол белгілері көрінбеген жағдайда ағарту, ағаштарды кесу сияқты жұмыстар жасалды.

—Білуімше, былтыр Кербұлақ ауданында су тасқыны салдарынан автомобиль жолы қирап, жол салу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар анықталған еді. Президент Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күрежолды жөндеудің маңыздылығын айта келіп, алдағы екі жылда кешенді қалпына келтіруді тапсырған еді. Жөндеу жұмыстарының барысы қалай?

—Президенттің Жетісу облысына сапары барысында Кербұлақ ауданындағы республикалық маңызы бар жол Сарыөзек-Көктал-Ақтөбе жолы, оның ішінде «Алтын емел» асуы бүлінген жолдарын қалпына келтіруге тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары тоолығымен аяқталып, жол жиектері қалпына келтіріліп, тиісті жол белгілері мен арнайы жол сызықтарын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір қолданысқа беріліп, автокөліктер тұрақты жүріп жатыр.

— «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» және «Үшарал-Достық» бағытындағы жолдарда жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

—«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» және «Үшарал-Достық» жолдары республикалық маңызы бар жолдар. Аталған жолдарға асфальт жамылғысы толықтай төселіп, жүретін бөліктеріне қолданысқа берілген. Жоғарыда айтқанымдай, мұнда да жол жиектерін жасау, арнайы тұрақтар, аялдамалар мен демалыс аймақтарын орналастыру жұмыстары жасалуда. Бұл жұмыстар «Қазавтожол» мекемесінің теңгеріміндегі бұл жолдар ендігі 2024 жылдың жазғы көлге түсу маусымына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Ал Үшаралдан Достыққа дейінгі жол қайта жаңғыртудан өтіп, толық қолданысқа берілді. 180 шақырымды алып жатқан бұл жол екінші категориялық санаттағы талаптарға сай келетін жолдардың қатарына енді.

—Салынған жолдардың сапасы қалай бақыланады?

—Жол сапасын қадағалау жол активтері Ұлттық сапа орталығы жүргізеді. Бұл көлік министрлігінің теңгеріміндегі мемлекеттік мекеме. Мұнда кестеге сәйкес арнайы тиісті лабораториялық жұмыстар жүргізеді. Бұл тексеріс жұмыстарының қорытынды нәтижесі тұрақтық негіздегі лабораториялық талаптарға сәйкес келеді. Бұл тексеріс жұмыстарының нәтижесі болған жағдайда ғана жөндеу жұмыстары қабылданатынын мәлімдейміз. Ағымдағы жылы жол активтер орталығы облыстық маңызы бар жолдар мен аудандық маңызы бар жолдардың сапасын бақылау үшін жергілікті бюджеттен 120 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде 50 млн теңгеге жол активтер орталығы облыстық маңызы бар автожолдарды тексеру бойынша тиісті келісімшарттарға қол қойылған. Тиісті сынамалар уақыттық кестеге сәйкес алынуда. Аудандық, облыстық маңызы бар жолдар, ауылдық көшелердің жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда. Бұдан бөлек орташа жөндеу жұмыстары кезінде әр атқарылып жатқан жұмыс объектісінде техникалық қадағалау ұйымы да қоса жүреді. Олар мердігер мекеменің атқарылып жатқан жұмыстарының талапқа сайлығын бақылайды. Ақаулар пайда болған жағдайда тапсырыс берушіге уақытылы мәлімдеп отыруға міндетті. Заң талаптарына сәйкес егер мердігер компания егер орташа жөндеу жұмысын жүргізген жағдайда 2 жыл, күрделі жөндеу жұмыстарында 3 жыл, қайта жаңғырту жұмыстары мен жаңа құрылыстарда 5 жылға дейін кепілдік мерзімін береді. Кербұлақ ауданындағы шайылып кеткен жол бойынша бүгінгі таңда мердігер компания тарапынан кепілдеме аясында толықтай қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді.

—Жетісу облысында жол-көлік оқиғаларының жиі орын алып жүргенінен құлағдармыз. Өткен жылының өзінде бас-аяғы 9 айдың ішінде облыстағы республикалық маңызы бар күрежолдарда болған жол апаттарынан 61 адам қайтыс болды деген дерек бар. Бұл жол сапасының нашарлығын көрсете ме, апаттардың алдын алу үшін қандай шаруалар атқарылуда?

—Жоқ, олай ойламаймын. Себебі сіз айтып отырған жол көлік оқиғаларының 90 пайызының негізгі факторлары жүргізушілердің салғырттығынан туындап отыр. Жол ережелерінің сақталмауы, жол белгілерін назарға алмау, қарсы бетке шығып кету фактілері орын алды. Біз биылғы жылы жол апаттарының күрт өсуіне байланысты облыстық маңызы бар автожолдарда 17 дана стацинонарлы камераларды орнаттық. Автокөліктердің жылдамдығын шектеу, жол ережелерін бұзған жағдайларда анықтауға арналған видеокамералар Талдықорған-Үштөбе, Талдықорған-Текелі, Сарөзек-Көктал бағыттарында орнатылды. Аталған шараны жалғастыру аясында әкімшілік полиция тағы да 25 орынды анықтап отыр. Келер жылы Жетісу облысының барлық аудандарындағы автожолдарда фото, видеофиксациясы бар камераларды орнату көзделіп отыр. Бұл жол қауіпсіздігін сақтап, апатты оқиғаларын азайту үшін жасалып жатқан іс-шаралардың бірі.

—Ауыл-аудандардағы жол мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?

  • Ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен техникалық құжаттамалар әзірленеді. Одан кейін аталған құжаттама мемлекеттік ведомстволық сараптамадан өткізіледі. Әуелі елді мекендердегі мүлде асфальт жамылғысы жоқ жолдар, ауылдар арасында қатынайтын жолдар, Кеңес өкіметі кезінен бері жөндеу көрмеген жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өйткені қазіргі қолданыстағы автокөліктер бұрынғы көліктердің нормативінен 2-3 есеге ауыр. Жолдардың барлығы техникалық құжаттамаға сәйкес салынады. Бірақ кейбір жерлерде асфальт жамылғысы ауыр салмақты көтере алмайды. Облыстық маңызы бар жолдарды нормативтік жағдайда ұстап тұру үшін биыл Жетісу облысы әкімдігі көлік министрлігінің теңгеріміндегі көлік бақылау инспекциясына жергілікті бюджеттен арнайы көлік бақылаушы жылжымалы құрал берілген болатын.

Бұдан бөлек, жолдың нормативті жағдайын сақтау үшін тиісті жол белгілері қойылып, осьтік салмақ 8 тоннадан артық болмау, артық көлемдегі заттарды тиемеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Жетісу облысы әкімдігі автоматтандырылған арка түріндегі бақылау жүйесін орнатуды көздеп отыр. Бұл жүйе жүк көліктерінің әр дөңгелекке түсетін осьтік салмағын өлшеп, тіркеу нөмірі арқылы айыппұл салатын болады. Бұл әзірге пилоттық жоба. Келер жылы осы бақылау жүйесін орнату біздің басты назарымызда. Өйткені біз қыруар қаржыны жол жөндеу жұмыстарына жұмсағанмен де, ауыр салмақтағы жүк көліктері жылдан-жылға көбейіп, жолдың бүлінуіне әкеп соқтырып отыр. Жоғарыда айтылған жоба бұл олқылықтық алдын алады деген ойдамыз.

—Алдағы жылы жол мәселесі бойынша қандай жұмыстар жоспарлануда?

Жетісу облысында алдағы 2024 жылы 207 шақырым облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен 75 елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу көзделіп отыр. Бұл бағытта 2024 жылы облыстық жол инфрақұрылымының дамуы аясында шамамен 40 млрд-ға жуық қаражат бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, президенттің өңірдегі іссапары кезінде айтылған туристік кластерлерді дамыту аясында «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына, Шоқан Уәлиханов кесенесіне баратын жолдарды жөндеу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов кесенесінің жолы толығымен жасалып біткен болса, «Бұрхан бұлақ» сарқырамасы жолының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Аталған жөндеу жұмыстары аяқталса, Орталық Азиядағы ең биік «Бұрхан бұлақ» сарқырамасы облыс тұрғындары мен шетелдік қонақтардың сүйікті орнына айналып, туристік кластерді дамытуға оң септігін тигізеді деген ойдамыз.

    Сұхбаттасқан: Қосқанат Бауыржан