Жетісуда 588 кәсіпорын жұмыс істеп тұр
Жетісу облысы кейінгі жылдары өндіріс саласын жаңғырту мен кеңейту бағытында айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді. Қазір өңірде жалпы саны 588 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның ішінде 378 кәсіпорын өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, бұл саланың аймақ экономикасындағы жетекші рөлін айқын көрсетеді.
Ресми дерек бойынша, биыл он айда өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 323,2 млрд теңге болды. Оның 240,1 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайыз жоғары. Осылайша, өңдеу саласының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 74,3 пайызға жеткен.
Өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Жетісуда өндірістік процестерді автоматтандыру, цифрландыру және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта биыл бірқатар кәсіпорын өз жұмыстарын жаңа деңгейге көтерді.
«Қайнар АКБ» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні іске қосып, өндірісін ауқымды жаңғыртудан өткізді. Кәсіпорында қойма жүйесі, монтаждау желісі, лазерлік таңбалау және жұмыс уақытын есептеу процестері толық автоматтандырылды.
«Метакон» ЖШС металл өнімдерін лазермен кесу технологиясын енгізіп, металл конструкциясын роботтанған жүйемен дәнекерлеуді жолға қойды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, қателік ықтималдығын азайтты.
«Алацем» ЖШС робот-паллетайзермен жабдықталған жаңа орау цехын іске қосты. Бұл өндірістің жылдамдығын арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.
Газоблок өндіретін «Стальбетон» ЖШС зауыты да толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істей бастады. Қоспа дайындаудан бастап кесу және қаптауға дейінгі барлық кезеңдер автоматты режимде жүзеге асырылады.
Бұл жаңғырту шаралары өндіріс дәлдігін арттырып қана қоймай, өңір кәсіпорындарының ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп отыр.
Жетісу облысы алдағы жылдары да индустрияның әлеуетін кеңейтуді жоспарлап отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Серік Сәбетайұлының айтуынша, 2029 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 29 жоба іске асырылады. Бұл жобалар аясында 6,7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» ЖШС металлургия комбинаты, «Қазақстан – Қытай халықаралық өндірістік қаласы» ЖШС индустриялық паркі, Empire Manufacturing Kazakhstan ЖШС кофе мен шай өндіру фабрикасы, Envision KKS ЖШС жел электр станцияларының жабдықтарын шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл жобалар облыстың өнеркәсіптік картасын айтарлықтай кеңейтіп, жаңа инвестиция тартуға жол ашады.
Жетісу облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Қолға алынған жаңғырту шаралары, өндіріс процестерінің автоматтандырылуы және алдағы жылдарға жоспарланған ауқымды жобалар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етеді деген болжам бар.
Қуан Өмірхан
Жетісу облысы