Жетісуда кісі өлтірді деп айыпталған азамат 14 жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) айып тағылған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот не анықтады?
2025 жылғы 22 маусымда сағат 00:00 шамасында Ж. алкогольдік масаң күйде бола отырып, жәбірленуші Д.-ны үй ауласынан қақпа сыртына шығарып, оған бірнеше рет соққы жасаған. Алынған жарақаттардың салдарынан жәбірленуші кейіннен ауруханада қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі сараптамалар қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот қандай негізде және қандай жаза тағайындады?
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес, басты сот талқылауы Ж.-ға тағылған айыптау шегінде жүргізілді.
ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігінің санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Ж. бұрын сотты болмаған, кінәсін ішінара мойындады.
Алайда іс бойынша қылмысты алкогольдік масаң күйде жасау түріндегі ауырлататын мән-жайдың анықталуына байланысты, сот Ж.-ны кінәлі деп танып, оған санкцияның ең жоғары шегіне жақын жаза — орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.