Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 12 Желтоқсан 2023

Жетісудың жүгерісі далада қалғанын Сапаров көрмей отыр

Жүгері
Фото: Жас Алаш

Жетісу облысы жерінің түгін тартса майы шығатын аграрлы аймақ екені белгілі. Облыстың біршама аудандарындағы шаруашылық иелерінің бас ауруы, өздері мехнаттанып еккен жүгерілері боп тұр. Оны өткізер жер таппай отыр.

Облысқа қарасты Ақсу, Сарқан, Алакөл, Ескелді аудандарындағы шаруа қожалықтар 70-80 гектарлап себілген жүгерілерінің далада шіріп, көгеріп жатқандары былай тұрсын, тіптен шабылмай жатқан алқаптардың көп екенін айтып ауданның басшыларына барған. Олар «Баға тұрақсыздығына жауап бере алмаймыз, күтіңіздер» деген жауаптан ары аса алмапты. Жалпы Ақсу ауданы бойынша 4819 гектар жерге жүгері себілген, бүгінгі таңда 4389 гектары орылып, 26334 тонна өнім алынған. Орташа шаруалардың өнімділігі гектарына 60-61 центнер, ал қалған 430 гектар алқап орылған жоқ, ал күтер болсақ ауа райының кесірінен өнімдерімізден айырыламыз деген диқандар ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаровтан бұл мәселеге тікелей араласып, қолдау көрсетілуіне ықпал етуін сұрайды.

Ақсулық шаруалардың сөзінше, былтырғы жылы жүгерінің 1 тоннасын 120 теңгеге өткізген болса, биылғы баға 30-40 теңгенің маңайы деп ашынып отыр. Шаруалардың шаш-етектен кірген қарыздарына пысқырып отырған ешкім жоқ.

Мәселен, Ақсу ауданына қарасты Тарас ауылының диқаншысы Аязбаев Нұрланның айтуынша, Тарас ауылының басынан аяғына дейін жүгеріден аяқ алып жүре алмайсың. «Онсыз да жүгерісін кептіре алмай отырғанда облыс орталығына өткізуге жіберген тонна-тонна жүгеріміз пайдаға аспай, қайтып келіп жатыр. Алған өнімді лайықты бағада өткізе алмайтын болсақ, лизингке алған техниканың барлығын мемлекет қайтарып ала ма деп қорқамыз», – деді Аязбаев.

Жан ұшыра жалынып келген диқандардың бұл жағдайын түсінуге болады. Аталған мәселені арқалап, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына барып жолықтық, ауданда бұл мәселенің өзекті екенін және Ресей мемлекетінен Қытай мемлекетіне қарай толассыз кетіп жатқан жүгерінің кесірі деп дүрсе қоя берді. Ал тарастық диқанның Талдықорған қаласында орналасқан кептіру алаңына жіберген бес жүк көлігі толы жүгерісін қабылдамай қайта кері жібергенін айтып өкпелі. Себебі әрбір жүк көлігіне төленген ақша мен құйылған сұйық отында есеп жоқ. Бұлайша шаруалардың қиналғанын көзбен көру ауыр-ақ.

Жансүгір кентінің диқаншысы Нұржақып Дарханбайдың ауласы тұрмақ көшенің қақ ортасына тау теңіз қылып үйіп қойған сары алтындай жүгері дәндерін темір күрекпенен ары да, бері де аударып, сөз арасында күйінішпен банктерден алған несиелерді былай қойғанда, жыртуы, себуі, шабуын қосқанда 5 миллионға жуық шығынға баттым деп мұңын шақты.

«Ауданда жер алу мәселесі өте қиын, таныс-тамырлары барлардың жолдары болғыш. Аудан басшыларына сан мәрте барғанымен бір қарыс жер ала алмадық, алып жатқан адамдар сол шенділердің өздері және туыс-туғандары. Ал қазіргі жалға алып отырған жерінің әр гектарына 50 мың теңге төлеймін. Осылай шығынданып еңбек еткенде, алған өніміміздің ешқайда өтпей тұрғаны жығылғанға жұдырық болып отыр», – дейді Дарханбай Нұржақып.

Бұл сұрақты да тиісті басшыларға қойғанымызда, ауданда жердің берілу тәртібі заңды жүргізіліп жатқанын айтып отыр, ақ-қарасын анықтауды құзырлы мекемелерге қалдырамыз.

Диқандардың сөзіне сенсек, Ақсу ауданындағы бұл жер мәселесі талай жылдан бері қарай жалғасып келе жатқан, шешілуі күрделі сұрақтардың бірі көрінеді. Қаншама депутаттар келіп, Астанадан көмектесеміз деді, бірақ Ақсуға заң жүрмей ме, әйтеуір шаруамыз шешілмей-ақ қойды деп отыр. Сайлау кезінде аспаннан алтын жаудыртып, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай сайлау өткенше бетін беріп, сайлаудан өткен соң қарамай кететін халықтың қалаулы азаматтарына өкпелі. Ендігі барар жер, басар тау, базына айтар шенді қалмады деп ашынған шаруалардың алдағы тағдырларына біз де алаңдап отырмыз.

Ауылдағы ағайынның айтуы «Біз өкіметтен ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ, өз адал еңбегімізбен нан тауып, бала-шағамызды асырап отырмыз. Бірақ сол адал есіл еңбегіміздің өзін өткізе алмаған соң өмір сүріп неміз бар» деп күйініп отыр.

Осы мақаланы жазу барысында жасалаштықтардың облыста жүргенін естіген шенділер аяқ астында дихандардың жағдайына алаңдай бастап, аудан әкімдігі аудандағы жүгері еккен азаматтарды жинап, артынша бізге қоңырау шалып, «Астық экспо» мекемесі алдағы аптадан бастап, диқандардың өнімдерін қабылдайтынын және Қытай мемлекетімен 30 мың тонна жүгерінің біздің елден экспорталатынын, оған коса Сарқан ауданы және Ақсу ауданынан жүгеріні кептіру орталықтарының аяқ асты іске қосылғанын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс пен ауыл шаруашылық басшылары осы уәдесінде тұрып, дихандардың маңдай терін ақтай ма, жоқ па? Жыл соңына дейін ол да белгілі болып қалады.

Ербол Ақшолақов

Тегтер: