Жігіттер әскерге барғысы келмейді
Ресейде «ішінара мобилизация» жарияланғанда, жастардың көрші елге қашқанын көріп, отандастарымыздың біраз әжуалағаны мәлім.
Тіпті әлі күнге тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің бас сауғалағанын келеке етіп жүргендер баршылық. Мұндай жағдайдың өз басымызда да бар екенін естен шығармайық. Айдың-күннің аманында Қызылжарда 510 жігіт әскерге барғысы келмей, тығылып жүр. Әскери комиссариатқа берген мекенжайда тұрмайды, не өтірік адрес көрсеткен. Ал 180-і ел аумағынан шығып кеткен.
Петропавл қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Бауыржан Есенеев аппарат кеңесінде күзгі әскерге шақыру науқанының барысы жайында баяндады. Оның айтуынша, әскерге шақырылушыларды әскери комиссариатқа келуге мәжбүрлейтін заңды тетіктер қарастырылмаған. Сондықтан нормативті-құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылды. Петропавлда әскери есепте 8 711 адам тұр. Олардың тек 518-і ғана биыл әскер қатарына алынбақ. Қалғандары отбасылық жағдайына, оқуына, мұғалім болуына байланысты және бірнешеуі денсаулығына қатысты уақытша босатылған. Ал әскерге шақырылуы тиіс 510 жігітті мамандар таба алмай жүр.
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Ол бойынша әскери қызметтен өтуге бас тартқандарға, шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерді 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ әскерге бармау үшін өзіне-өзі жарақат салатындарға, өтірік ауыратындарға, жалған құжат жасайтындарға және шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерге 3 жылдан 6 жылға дейін жаза кесуді ұсынамыз, – дейді Бауыржан Есенеев.
Петропавлда әскер жасындағы 8711 адамның 8193-і шақыртылмайды. Атап айтар болсақ, олардың 4469-ы білім алуда, 1422-сінің жасы 27-ден асып кеткен, 1488-і 17-дегі жастағылар болса, 262-сіне отбасылық жағдайына байланысты 3 ай мұрсат берілген, 33-і денсаулығына байланысты кейін шақыртылады, ал 9-ы мұғалім болғасын шақыртуға жатпайды. Биыл жоспар бойынша 188 жас Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі мен Ұлттық ұлан, Қазақстан қарулы күштері және Төтенше жағдайлар қызметіне шақырулы тиіс болатын. Қазіргі күні шекара күзетіне 26 адам керек десе, 28-і комиссиядан өтіп, әскерге алынатын болды. Ал Ұлттық ұланға – 73-тің 8 ғана, Қарулы күштерге 80-нің 40-ы ғана шақыртылған. Мемлекеттік күзет қызметіне 1 адам сұраған екен, оның өзін таба алмай жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінің әскеріне де ешкім құлық таныта қоймаған сыңайлы, 8 адамға тапсырыс бергенімен, әлі ешкімді таңдап ала алмады.
Мемлекеттік күзет қызметіне барамын деушілерге талап қатаң. Бойы 182 сантиметрден тапал емес, азия нәсілді, білімі ортадан төмен емес сымбатты жігітті алғысы келеді. Әзірге бұл параметрге сай келетін қызылжарлық шықпай тұр.
Әскери комиссариат басшысының мына сөзіне ден қоймасақ болмас. Оның айтуынша, бір күнде медициналық тексерістен өтуге келген 212 адамның тек 12-сі ғана жарамды деп танылған. Басым бөлігінің денсаулығы нашар, асқазан, тері аурулары бар. Біразының омыртқасы қисайған, көру қабілеті төмен. Ең сорақысы – осы жастардың дені психологиялық-моральдық тұрғын әлжуаз, өзіне-өзі қол салуға бейім, – дейді Бауыржан Есенеев.
Шекарадағы бір қаланың жағдайы осындай. Заман өзгерді де, адам өзгерді ме?! Әскерге бару – қасиетті борышым деп білетін буын жоғалып, парыз бен міндет деген сезімнен ада ұрпақ өсті ме? Аласапыран заманда қолына қару ұстай алатын азаматтардың азайып бара жатқаны алаңдатады.