Жыныма тимеші, тоғызқұмалақ
Өткен аптада мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынды.
«...Тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екендігін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдерінің ойындар атауынан кездестіруге болады. Осы деректерді ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз», депті Гүлдара Нұрымова.
Тарихшы Қанат Забайұлының зерттеуінше, төртмыңжылдық тарихы бар ойынның атауын, аяқ асты өзгерткісі келе қалған депутат ханымның сөзі көпшіліктің наразылығын тудырды. Филология ғылымының докторы, лексиколог Гүлдархан Смағұлова да тарихи атауды өзгертудің еш қажеттілігі жоғын айтты. Ғалымдар, тіл мәйегін түсінетін журналист қауым, ақын-жазушылар да депутаттың ұсынысын қолдай қояды деп ойламаймыз. Тіпті бізде Тоғызқұмалақ федерациясы бар. Ол ұйым да Нұрымованың жер астынан жік шыққандай пікіріне күле қараса керек. Дегенмен біздің айтпағымыз мүлде басқа еді.
Біздің қоғамда, мемлекеттік қызметкерлердің – халық қалаулыларының, министрлердің, әрқандай жоғары лауазымды тұлғалардың, тіпті президенттің де айтып қалатын оғаш сөздері, піспеген пікірлері болады. Ол сөзді біреумен ақылдасып айта ма, жоқ әлде ойына келгенін көп екшеп жатпай, бұрқ еткізе ме, ол жағын білмедік. Әйтеуір оқтын-оқтын қоғамды қозғап жіберетін, шу да, ду да тудырып жататын уәждер аз емес. Оны көпшілік те байқайды. Менің ойым – осы әдейі жасала ма? Әлдеқандай бір методиканың, я болмаса саяси технологияның бір тәсілі ме? Жоқ әлде белгілі бір билікке, лауазымға жеткен адамдардың психологиясы ма? Не айтсам да болады, қалай айтсам да жарасады деген пиғыл ма? Немесе атын шығарудың, қоғамды талқыда, жұрттың көз алдында жүрейін деген ішкі есептен туатын әпенде сөздер ме?
2018 жылы Атбасарды су алды. Естеріңізде болса, Жабай өзені тасыды. Сол кезде сенат депутаты болған Дариға Назарбаева «Жабай өзенінің атауын өзгерту керек. Атын өзгертсек, өзеннің де мінезі өзгеретін шығар» деген сыңайда пікір айтқан болатын. Ел ішіндегі жағдайды ескермей сөйлеген Назарбаеваның сөзі үйлерін су алып жатқан атбасарлықтарға қалай әсер еткенін айтпасақ та түсінікті. Қандай логикаға сүйеніп айтып отырғанын білмей дал болғанымыз бар.
Сол жылдары елімізді басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың да ел есінде қалған сөздері аз емес. Олардың әйгілісі – «екі сиыр бақ та, өзіңді асыра». Немесе «Фуа-гра жемей-ақ, ландкрузер мінбей-ақ өмір сүруге болады. Елімізде өмір сүруге барлық жағдай бар» деген мағынадағы сөзі. Екі сөзі де әлеуметтік желіде қатты талқыланып, неше түрлі сайттар жазып, мазақ қылып жатты. Аягөзде төрт бүлдіршіннің тірідей өртеніп кеткенін әлі ұмыта қойған жоқпыз. Әкелері сантехник еді. Ал анасы екі сиырдың сүтін сатып, нәпақа табатын. Ал ландкрузер деген биік көлікті жағдайы барлардың астынан көріп жүргені болмаса, қарапайым халқыңыз фуа-гра дегеннің жейтін тамақ екенін де білмейтін. Өзіміз де бұл сонша не болды екен, күнде жейтін деп, интернет ақтарып кеткеніміз бар. Сенсеңіз, 2015 жылы айтылған осы тағамның не тамақ екенін қазағыңыз әлі білмейді.
Алматы қаласының әкімі болған, Нұрсұлтан Назарбаевтың досының ұлы Бауыржан Байбек: «Алматы мейрамханаларынан 500 теңгеге тойып тамақ жеуге болады» деп соқты. Бұл кезде де әртүрлі мем тарады. Екі нан әзер келетін шақта 500 теңгеге мейрамханалар есігін сығалатпайтынын Байбек білді ме, жоқ па? Ол арасы маңызды емес, бір анығы – сол тұстағы қала әкімінің шынайы халық тұрмысымен, шынайы жағдайымен мүлде таныс еместігі байқалған.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, қызықтың көкесі коронавирус өрті қаулап тұрған кезде болды. Сол кезде Қазақстанның бас санитар дәрігері қызметіндегі Жандарбек Бекшин: «Наконец-то, коронавирус елімізге келетін болды» деп, пресс-конференцияда қойып қалды. Бұл сөз карантин дәуірінде ең көп талқыланып, айтылған сөз еді. Бекшиннің қуанышы ма, әлде қайғысы ма, ешкім айыра алмай қалған. Әйтеуір күте-күте шаршағаны белгілі болды.
Сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжанов «жаңа туған сәбилерге бетперде барлық дәріханаларда сатылады» десе, еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Серік Шәпкенов «42500 теңгеге өмір сүруге бола ма?» дегенде, «Мықты маман болса, неге 42500 алады» деп қайыра сауалмен жауап беріп, өзін қат маман ретінде бағалағаны есімізде қалыпты.
Ұлттық экономика вице-министрі қызметінде жүргенде «Жынымды келтірмеңізші» деп журналиске дүрсе қоя берген Серік Жұманғаринді де, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болған Серік Әбденовтің «Потому что, потому что» деген қанатты сөзі жұрт жадында.
Енді осы секілді арты мазаққа айналып жататын сөздерді шенеуніктер қалай айтып қалады? Дұрыс сөйлей алмай ма, әлде олардың санасында жауапкершілік, қызметтік этика, тым қарапайым айтқанда, сөйлеу мәдениеті деген болмай ма?
Бұл адамдар қызметке сайлау арқылы, я тағайындау арқылы келеді. Егер сайлау әділ жолмен, анық бәсекемен өтетін болса, депутаттар әр сөзін аңдап айтар еді. Әйтпесе, кез келген дұрыс айтылмаған сөзі өзіне қарсы болуы мүмкін. Бірақ біздің депутаттар оған еш алаңдамайды. Өйткені олар сайланбайды...
Министр қызметіңіз де солай. Қызмет жоғарлаған сайын адам бетті, екпінді келеді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен қауымға: «Өкпелесең, көшіп кет» деген.
Қазақстанға өкпелеп, көшіп кеткендер аз ба еді. Руслан Жақсылықов айтпаса да, шетелге кетіп, келмей қап жатқан отандастарымыз қаншама. «Біреу елден көшіп кетіпті дегенді естісем, уайымдаймын» деген Назарбаевтың сөзі «барлық жағдайды жасадым, жақсы елден қалайша көшіп кетуге болады» деген таңырқаныстай әсер еткен.
Өзге елге көшкендерге уайымдаудың қажеті жоқ. Сағынғанда – келеді. Ал ойына келген сөзді еш ойланбастан, халық алдындағы жауапкершілікті сезбестен, не болса, соны айтатын шенеуніктеріміздің әдетін уайымдау керек.
Қасым Арықбай