Жиренше

– Жиренше, сен құрылыста істеуші ме едің?
– Иә...
– Қанша уақыт болды?
Ол молақ саусақтарын бір-бірлеп бүгіп алды да қалың еріндерін
күбірлетті.
Содан кейін барып қана:
– Май айында бес жыл болады, – деді. Ерекше мақтанышпен айтты. Ауызбен ғана емес, сүйел қаптаған, тырнағы көптен алынбаған, әр жері жарылып, жара қаптаған бес саусағын қалың биялайының ішінен бірге шығарды… Мен сол қысқа, жуан, жұмыскер саусақтарға қызыға қарап қалыппын...
Жұмысшы қолдары… Дәл осындай болуы керек. Артық-кемі жоқ...
Сызат түспеген, сүйел сыздатпаған, күнге күймеген, желге тотықпаған, аязға ісінбеген қолдар жұмысшынікі емес.
Жұмысшы қолдары… Менің шешемнің қолдары да осындай...
Жылдар салған жарақаттардан әр жер-әр жері жарылған сүйкімді саусақтар… Тамырлары білеу-білеу болып шығып тұрады...
27 жасында әскерге шақырылып, 29-ында елге қайтқан Жиренше...
Көзінен оты, көңілінен күлкі кетпеген Жиренше… Өмірді алға апаратын да осындай адамдар. Алып қозғалыстың титімдей тегершіктері… Мәңгі жас боп қала бер, Жиренше… 20 ғасырдың Жиреншесі...
Темірдің құдығы
– Ол құдық қайда? – дейтіндерге жауап:
– Баскөл ауылының шығыс кіреберісінде, трассамен дәл екі ортада.
Біз 12 жылдай сол маңда тұрдық та алшақтау болса да осы
құдықтан су алып жүрдік. Қаладан арнайы резеңке доңғалақ қол арба сатып алдық та күніне 1 фляг ішуге деп тасыдық. Қыста – шанамен. Үйдегі 9 метр тереңдіктен тоқпен алынатын сумен мал, бақша суардық, моншаға пайдаландық.
Өйткені Темір құдығының суы ерекше дәмді, біздікіне қарағанда
жұмсақтау, тау бұлағының суын татқандай рахаттанып шай ішетінбіз. Сонау жерден (біздің үйден 300 шақырымдай болар) зор бейнетпен әкелген еңбегің алдыңдағы 1 кесе дәмді де әрлі шайыңмен-ақ ақталғандай болатын.
Алдында ол құдықтың «бастығы» – Райкен аға болды. Қыстыгүні
кейбір суға келгендер тұрба ішіндегі поршеньді со бойы қалдырып кетіп, суы қатып қалып, темір трубаны жылытқышпен жылытып, әуре-сарсаңға түскен күндер болған екен. Сондықтан поршеньді үйінде ұстайды. Ол кісіге еркін кіремін. Өйткені Көктөбедегі жаңа ауруханада бір палатада жатқан тағдырластармыз. Мен қатты суық тигеннен бронхитім асқынып, ол кісі жүректен емделді.
Күнде: – Ауылдан біреу келді ме? – деп бір-бірімізден сұраймыз.
Жай келмейді, бірдеңе ала келеді ғой. Сол келген тамақты бөлісіп жейміз. Палаталастар бірге шай ішеміз.
– Поршеньді алуды ұмытпа! – дейді Райкен аға.
– Ұмытпаймын ғой, аға!
– Қазір мен де мал суаруға шығамын...
Шағын денелі, көк көз сары кісі болды. Кейінгі жылдары аяғын
сылтып басатын. Шанамды сүйретіп бара жатып, артыма қараймын. Шолақ қара тонын желбегей жамылып, ескі құлақшынын милықтата басып, Райкен аға да үйінен шығып келе жатады. Қазір Райкен аға жоқ. «Келместің кемесіне» мініп кеткен. Ақыры
сол жүректің ауруы алып тынды.
Райкен ағадан кейін ол құдыққа Елеш – Елубай аға қарауыл
болыпты. Елубай аға да осыдан 3-4 жылдай бұрын мәңгілік мекеніне кетіп тынды.
Қазір ол құдықтың «командирі» кім екенін білмеймін. Бірақ құдық
әлі де ауылға су құбыры тартылса да, істеп тұрса керек. Өйткені жазда әдейі жанынан өттім. Поршені, бәрі орнында. Кел де суыңды ала бер!
Бұрындары трассадан өтіп бара жатқан ауыр машиналар да арнайы
бұрылып, су алып жатқанын көзіміз көрді.
Сонымен, Темір деген кім? Ол кісі сол көше бойында бір орыс әлде
еврей әйелімен тұрды. Ұрпақ көрмеді. Совхозда МТМ, автогараж айналасында істесе керек. Орта бойлы, қараторы кісі болатын.
Соңында ұрпақ қалмаса да «Темірдің құдығы» қалды. Аллаға
шүкір!
– Мына суды қалай тапқан? – деп сұраймын ғой Райкен ағадан.
– Білмеймін. Әйтеуір, мен осы жаққа көшіп келгенде істеп тұр екен.
Қанша алсаң да суы бір таусылмайды және ащыланбайды. Төменгі
жақтан да келіп алатындар бар. Ат арбамен, машинамен тасиды. Тегі Темір аға судың мол көзіне дәл түссе керек.
Әнуар тоғайы
Әнуар Мусин. Ұлты – татар. Осындай адам 70 жылдар дересінде
«Қызыл құрама» совхозында бас агроном болып істепті. Директор Нәжімиден Доғалов тұсында.
Жалпы сол ауыл қазіргі Баскөл өткен-кеткендерге жайқалған
жасыл желегімен көзге түсетін. Мектептің жаны, балабақша маңы, Мәдениет үйі, әкімшілік үйі айналасы, тіпті әрбір үйлер де, бәрі-бәрі жап-жасыл тоғайға, терек, қарағаш, үйеңкі, тал, қайыңға толы болатын. Әсіресе басты көшенің, қазіргі Балкенов көшесінің бойы екі жағынан да зәулім ағаштарға сыңсып тұратын. Сол ағаш ұзыннан-ұзақ созылған қалпы сонау каналға барып бір-ақ тірелетін. Тіпті бұрынғы совхоз кеңсесі алдында демалыс паркі де ашылды. Онда да сол сыңсыған тоғай.
– Мұның бәрін кім салып, күткен? – деймін ғой мен.
– Совхоз кезінде салынды ғой. Әнуар аға агроном болды. Ол кісі жас талдар суарылуын қатты қадағалайтын. Тіпті мына қарағайлар мен шыршалар да сол уақытта егілді ғой, – дейді жергілікті жұрт Мәдениет үйі мен әкімшілік маңындағы ағаштарды көрсетіп.
– Әнуар аға қазір қайда екен?
– Омбы облысының бізге жақын бір ауданында тұратын болса керек. Ана жылы құдалыққа барғанда біреулер көріпті. Барлығымызға сәлем айтыпты, – деген жауап алдым.
Ауылдарда 90-жылдар ортасындағы дүрбелең басталғанда «Әнуар
тоғайы» да сиреп қалды. Тұтастай үйлер, ғимараттар құлап жатқанда, ағаштар аман қала ма? Күтімсіздіктен, өзегіне құрт кіріп, «өз ажалымен» өлгендер бар, отынға деп құлатылғандар бар, трактор қаққан, мал сүйкеніп, қабығын аршығандар бар, әйтеуір қазір бұрынғыдай сыңсып тұрған тоғай жоқ. Әр жерде бір шоқ ағаш «мен бармын» дегендей қарауытады. Иә, соған да тәуба, шүкір дейік! Таздың басындай тақыр боп қалса не істер едік?!
Темірдің құдығы, Әнуар тоғайы, Павленко бағы. Құрамада осындай
да атаулар бар. Ауылдан өздері кеткенімен есімдері қалды.