Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 14 Мамыр 2024

Жоғалтқан жылдар. Өркендеуге арналмаған реформалар

Завод
Фото: из открытых источников

Қазақстан өндірісіндегі өнімділік деңгейі өсім көрсету түгілі нөлден түсіп кеткен. 

Бұл туралы Дүниежүзілік банк жасаған «Shaping tomorrow: Reforms for lasting prosperit» зерттеуінде айтылған. Ақпанда жарияланған зерттеуде 2012-2022 жылдар аралығында өндіріс факторларының жиынтық өнімділігі тек кері кетіп, 0,9 пайызға дейін құлдырағаны көрсетілген.  

Зерттеудің атын қазақшалағанда – «Ертеңгі күнді қалыптастыру: Ұзақ мерзімді өркендеуге арналған реформалар». Онда Қазақстанның 2023-2024 жылғы экономикасы сарапталып, өзгерістер талданып, болжамдар жасалған. Соның ішінде 2000-2007 жылдары 4,5 пайыз өсім көрсеткен өндірістегі еңбек өнімділігінің соңғы онжылдықта көңіл көншітпес деңгейге түскені де баяндалған. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пайымдауынша, өнімділіктің айтарлықтай артпауы әлемдік экономикаға тән тенденция болса да, оның нөлден төмен көрсеткіші мен соңғы онжылдықтағы деградация Қазақстан үшін салмақты мәселе болып отыр. Олар бұл есебін: «Бұл Қазақстан үшін «жоғалған он жыл» болды» деп қорытады...

Жалпы, еңбек өнімділігі ұғымы эффективті жұмыс істеу дегенді білдіреді. Ал экономикадағы еңбек өнімділігінің мағынасы мен маңызы біз ойлағаннан тереңірек. Бұл туралы экономист маман Құралай Сакибаева айтып берді:

«Еңбек өнімділігі естіген құлаққа салмақсыздау ұғым секілденетін шығар. Бірақ шын мәнінде экономикадағы аса маңызды факторлардың бірі. Бұл дегеніміз – алынған өнім көлемінің оны дайындауға жұмсалған еңбекке қатынасы, яғни өндірістегі еңбек тиімділігі. Дефиниция түрінде айтсақ, белгілі бір уақыт ішінде өндірілген өнімнің мөлшерімен немесе өнім өлшеміне жұмсалған уақыт шығынымен есептеледі. Негізінен, экономикалық теорияда өнімнің кез келген түріне адами ресурс және зат түріндегі ресурс жұмсалады деп тұжырымдалады. Сәйкесінше, біз айтып отырған өнімділік белгілі бір уақыт шеңберінде өндірілген өнімнің сол өнімдерге жұмсалған ресурсқа пропорциясы. Бұл ұғымды да есептеп, сандық статистикамен өлшеп, динамикасын анықтап отырамыз. Бұл орайда өнімділіктің статистикалық коэффициенттері мен өнімділіктің динамикалық индексі айқындалады. Өз кезегінде аталған өлшемдердің өзгерісі адами факторға, өндірістің техникалық деңгейіне, процестің ұйымдастырылу ерекшеліктеріне тікелей тәуелді. Демек, кадрлардың біліктілігі мен шеберлігі, квалификациясын мерзімді арттырып отыруы немесе керісінше жаңа жағдайларға сай келмеуі, төмен болуы, тура сол секілді автоматтандыру мен механикаландырудың деңгейі, прогрессивтік технологияны енгізу қарқыны, олардың байланысын, конструкциясын және мамандармен басқарылуын жетілдіру ісі өндірістегі өнімділікке әсер етеді».

Маманның айтуынша, өнімділіктің төмен болуы түптеп келгенде мамандар мен технологиялық базаның жағдайы мәз емес екенін аңғартады. Қарапайым тілмен айтқанда, шөпті қолмен жұлуға қарағанда арнайы электрлі құрылғымен орып шығу тез әрі тиімді. Немесе қолмен бір көйлек тігу бір күн уақыт алса, тігін мәшинесімен тігу бір сағат қана. Осы секілді адам күші мен техника ұсынатын жылдамдық үйлесуі керек, күрделі технологияларды білетін білікті мамандар болуы қажет. Әрі осының бәрі тиімді ұйымдастырылып, компания немесе тұтас сектор деңгейінде нәтиже әкелуі тиіс. Дүниежүзілік банк болса өнімділік деңгейі мен жеке сектордың тұралап қалуы сабақтасып жатқан мәселелер дейді. Жекеленген компаниялардың деректері пайдаланылған зерттеуде үш компонент басшылыққа алынған. Олар: компанияның модернизациясы; компаниялардың бөліну тиімділігі; кәсіпкерлік қызметтің белсенділігі. Қазақстан осы критерийлердің бірінен де жақсы нәтиже көрсетпеген. Оның үстіне, тек өнеркәсіп орындарында ғана емес, қызмет көрсету саласында да жағдай осындай көрінеді. Нәтижесінде, өнімділік деңгейі нөлге тең екені, әрі бұл көрсеткіш макроэкономикалық статистикаларды айғақтай түсетіні де айтылады.

Қазір бұл көрсеткішті жақсарту, өнімділік көрсеткішін оңалту үшін үкіметке «жаңа экономикалық өсімді» қалыптастыру тапсырылған. Бірақ тапсырма алмай жүрген үкімет пе? «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша еңбек өнімділігін 2012 жылғы 24,5 мыңнан 2050 жылға қарай 126 мың долларға дейін арттыру міндеті қойылғаны есімізде. Бірақ 2022 жылғы тұтас экономика бойынша еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 10 млн 83,2 мың теңге немесе сол кездегі бағаммен небәрі 21 317 доллар ғана. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы жалпы экономикадағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 11 миллион 461,4 мың теңге немесе 25,5 мың доллар. 2012 жылдан бері өсім болған ба, болмаған ба, есептей беріңіз... Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақ былай дейді:

«Еңбек өнімділігі бір адамның ғана емес, тұтас ұжым еңбегінің жемісін көрсететін экономикалық көрсеткіш, еңбектің тиімділігі мен нәтижелілігін айқындап беретін маңызды фактор. Ал мемлекеттің еңбек өнімділігі оның экономикасымен тығыз байланыста. Бүгінде өндірістегі өнімділік автоматтандыру көрсеткішімен ажырамайтын ұғым. Барлық зауыт пен фабрика аппараттандырылған, стандартталған, жаңа технологиялармен жабдықталған кезеңде автоматтандыру деңгейі қандай болса, өнімділік деңгейі де солай болады деуге негіз бар. Сәйкесінше, еңбек өнімділігі ЖОО-лардың маман дайындау ісіндегі сапасының да көрсеткіші. Одан бөлек, кәсіпорындардың ашылу жиілігі мен олардың бәсекеге қабілеттілігі де маңызды. Мысалы, Кореяда 100 мыңнан астам зауыт пен фабрика бар. Ал бізде еңбек өнімділігі жоғары дейтін саусақпен санарлық қана компания жұмыс істейді. Жер ауқымы мен еңбек ресурсының көлеміне қарасақ, бұл жақсы көрсеткіш емес. Ауыз толтырып айтатын кәсіпорындардағы жұмыстың өзі автоматтандырылмаған. Мысалы, таразымен емес, көз мөлшермен есептеу – шикізаттың тиімсіз жұмсалуы мен кадрдың уақытын алу. Осы сынды мыңдаған мысалдар келтіре беруге болады. Германияда көлік жасау толық автоматтандырылған, мамандар тек аппараттарды басқарады. Өндірістің көптеген секторлары осы тенденцияның соңынан еріп келеді. Өйткені бұл сапалы өнім алуға, тиісті өнім көлемін уақытылы дайындауға жол ашады.

Ал оның нөлден төмен өсім көрсетуі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көз алдымызға әкеліп отыр. Бір жағынан импорттың көптігі де елдегі өнеркәсіптің дамуына кедергі. Үкіметтің ішкі сұраныстарды қанағаттандыруда сыртқы өнімдерді пайдалануға қарай бағытталып кеткенінің өзі – қателік. Керісінше, ішкі бизнеске жағдай жасалуы керек. Жасап жатырмыз дегенімен де, айта берсе бұл жақта да том-том мәселе жеткілікті. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда шынайы, нақтылы қадамдар жасалып, импорт алмастыру ісі қарқын алуы тиіс. Елдегі өндіріс орындары артып, ондағы шикізат та отандық болса, кадр мен тұтынушы өзіміздікі болса, кәсіпкерлікке жағдай жасалса өнімділік те артар еді».

Осы сынды ұсыныстарды Дүниежүзілік банк те берді. Өздері жасаған талдаулар мен зерттеулерден кейін ондағы сарапшылар Қазақстан адам капиталын дамытып, өндіріс пен оның динамикасын арттыруы керек деп тұжырымдаған. «Адам капиталын дамыту үшін білім сапасын арттырып, білімге қолжетімділікті күшейту қажет. Ол еңбек ресурсының сапасы мен инновацияларға серпін береді. Ал өндіріс пен оның динамикасын арттыру бәсекеге жол ашып, экономиканы бизнес-климат пен инвестицияларға қолайлы етеді», – делінген ұйым ұсынысында.

Ал қағаздағы көрсеткіштер мен жасанды есептерге ылғи арқа сүйейтін Қазақстан билігі «жоғалған он жылдың» есесін қалай толтырады. Әлде жылдарымыз тағы жоғала бере ме?

Баян Мұратбекқызы

 

 

 

Тегтер: