Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 21 Қаңтар 2025

Жоғарыда депутат, төменде белсенді қудаланса... «Әділетті Қазақстанды» көктен ізде

Ертісбаев, Танашева, Дайрабаев
Ертісбаев, Танашева, Дайрабаев. Фото: Жас Алаш коллаж

Кіл тәртіпті оқушы жиналған үлгілі сыныптай үнсіз мүлгіп тұратын парламент мәжілісінде өткен аптада күтпеген жағдай болды.

14 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы депутат Гауһар Танашева мандатынан айырылғанын хабарлады. Көпшілік бұл шешімге наразы болып, билік Танашеваны үкіметке ауыр сын айтқаны үшін жазалады деп болжап жатыр.

Бұл болжамға Танашеваның мәжіліс мінберінен айтқан «біз – әлеуметтік мемлекет емеспіз. Жетімін жылатып далада қалдырған, халқын ойламайтын, аямайтын үкіметтен тұратын мемлекетпіз!» деген сөзі себеп болғаны айтылуда. Былайғы жұрт дәл осы сөз үкіметтің шымбайына батып, шындықты айтқан депутатты қатардан ығыстырып шығарды деп санайды.

Гауһар Танашева – «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаты. 2023 жылғы 28 наурыздан бастап партиялық тізім бойынша мандат алған. 11 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана мәжілісте көбіне демографиялық мәселелерге мән беріп, ана мен баланы қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында сауал жолдап жүрген. Ол үкіметтің көпбалалы аналар мен қарапайым халықты масыл ретінде көретін ұстанымымен келіспейді. Экс-депутат бір сұхбатында ұзақ уақыт еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары болуға лайық емес екенін айтқан.

Жигули Дайрабаева
Жигули Дайрабаева. Фото: ашық дереккөз

Танашеваның сыны мен Дайрабаевтың мақтауы

Экс-депутаттың былтыр 25 желтоқсанда айтқан сөзі көпшілік арасында кең тарап жатыр. «Үй кезегінде тұрған 500 мыңға жуық адамның кейінгі 5 жылда 40 мыңы ғана үйлі болды. Сонда кезекте тұрған өзге адамдар 50-100 жыл күте ме?» деді Танашева. Сондай-ақ ол елімізде бір жылда 20 бала өртеніп кеткенін айтып, бұл трагедияға тұрғындарды тиімді ипотекалық бағдарламамен қамти алмаған үкіметті айыптады.

«Халықтың көп бөлігі балаларды қалай тамақтандырамын, қарыздарды қалай жабамын деген қорқынышпен күн көріп жатыр. Халықтың 80%-дан астамы несиемен өмір сүреді. Бай адамдар бірнеше пәтер алып, оларды жалға беріп байып жатыр, ал қалғандары «өлместің күні» үшін арпаласып жүр. Неге үкімет құрылыс компанияларына тиісті жер телімдерін беріп, ал мұқтаж жандарға әрбір өңірде, ауылда үй салуға мүмкіндік бермейді», – деген еді ол.

Негізі экс-депутаттың бұрынғы сауалдары да, соңғы сөзі де бас жарып, көз шығаратын ұшқары әңгіме емес. Өзін халық қалаулысы санайтын әрбір депутат айтуға тиіс, халық үшін қызмет етуге бекінген әрбір шенді білуге тиіс проблемалар. Елде өлместің күнін көріп, өмір сүріп жатқан адам көп екені екінің біріне аян. 2024 жылдың басындағы ресми дерек бойынша Қазақстанда 1,1 миллион азамат кедейлік шегінде өмір сүреді. Бірақ шетелдік сарапшылар елде кедейлер саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Баспана алудың қиындығы мен сәбилердің өртенгені де өтірік емес. Тіпті үкіметтің халықты аямайтыны да шындық.

Ендеше, Танашеваның сөзіне жұрт неге таңғалып жатыр? Өйткені мәжілісте өзгеше ойлап, өз пікірін айта алатын депутат аз. Жұрт үкіметті жағадан алып, әділдік сұраған депутатты сирек көреді. Біздің мәжілісмендер ұсақ-түйекті сөз етіп, ақылға қонбайтын ұсыныстар айтып, жұртты шаршатқан.

Жақында «Ауыл партиясының» атынан сайланған Жигули Дайрабаев мәжіліс спикері Ерлан Қошановты жөнсіз мақтаймын деп, күлкіге қалды. Мәжілісте сөз алған Дайрабаев не үшін екені белгісіз, аяқ астынан «президенттің депутаттар жұмысына жоғары баға бергені, құрметті Ерлан Жақанұлы, сіздің мүлтіксіз беделіңіздің арқасы» деп, өзін де, өзгені де ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Мұндай қолайсыз мақтаудан Қошановтың өзі қорқып кеткен сияқты, «жұртты мақтамай, сауалыңызды жолдасаңызшы» деп жекіп тастады.

Бұған дейін жұдырығымен жілік шағып, жас жігіттермен күш сынасуға дайын екенін айтып жүрген Жигули мырза жағымпаздықтан да кенде емес екенін көрсетіп берді. Көбі белгіленген 5 жылды аман-есен өткізсем болды деп, үнсіз отыратын, ал сөйлегені сөзден сүрініп, күлкіге қалатын парламентте Танашева сияқты депутаттың қаһарманға айналатын жөні бар.

 Танашева
Гаухар Танашева. Фото: ашық дереккөз

Танашева мандатынан неге айырылды?

Орталық сайлау комиссиясы Танашева «Қазақстан халық партиясы» бюросының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №27 қаулысы бойынша өкілеттігінен айырылғанын хабарлады. Ал ҚХП ресми сайтында Танашеваның мәжілістен кетуі белгілі бір себепке байланысты емес, әдеттегі ротация екенін жазды. Депутаттарды ротациялауды партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың өзі тапсырған көрінеді.

Партия да, ОСК де Танашева мандатынан айырылғанын 14 қаңтарда жариялады. Бірақ қаулы былтыр 23 желтоқсанда шыққанын айтады. Дәл осы тұс – күмәнді. Бұл қазақ билігінің көне тәсілдерінің бірі – басы дауға қалған қызметкерді бұрынғы датамен жұмыстан шығару тактикасына ұқсайды.

Біріншіден, егер партия бюросының Танашеваны мәжілістен кетіру жөніндегі қаулысы 23 желтоқсанда шықса, оны неге 20 күннен кейін ғана жариялады? Екіншіден, Танашева мандатын 23-і тапсырған болса, 25 желтоқсанда өткен денсаулық сақтау мәселелері туралы жиналысқа неге фракция мүшесі ретінде қатысты? Оның жиналысқа қатысқанын ҚХП-ның ресми сайты хабарлаған.

Мәжіліс депутаттарын ротациялау дегенді Ертісбаевтан естіп отырмыз. Әдетте төменгі палата өкілдері әр шақырылымның соңына дейін креслосында отырады. Ал ротация тәртібі сенатта ғана бар. Бірақ оның өзі Ертісбаев айтқандай, қызмет істеп отырған Танашеваны жұлып алып, орнына Асылбек Нұралинді қоя салу емес. Сенат депутаттары 6 жылға сайланады, оның тең жарымы 3 жыл сайын ротациядан өтіп отырады.

«Қазақстан халық партиясы» 2020 жылы 11 қарашаға дейін «Қазақстан коммунистік халық партиясы» болған. 2012 жылдан бері мәжіліс мандатынан қағылып көрген жоқ. Парламентте партия атынан 84 жасқа келгенше Владислав Косарев, «Русский мирден» ажырағысы келмейтін Ирина Смирнова сияқты кісілер депутат болды. ҚХП оларды ротациялағанын көрген жоқпыз.

Ертісбаев жақында Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің мүшесі Чэнь Чжоумен кездесіп, «социализмге балама жоқ, Қазақстанға да социализм қажет» деп тамсаныпты. Соған қарағанда бұрынғы нұротандық Ертісбаев бастаған ҚХП атауын өзгерткенімен, коммунистік көзқарастан да, социалистік дара биліктен де күдер үзбеген сияқты. Әйтпесе, жап-жақсы жұмыс істеп, жұрт көңілінен шығып жүрген Танашеваны мәжілістен қумас еді.

Бұрынғы сенат депутаты, Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова ротация жүйесі әлемдік стандартқа қайшы екенін айтады.

«Халықаралық стандарт бойынша депутаттарға ротация жасау дұрыс емес. Депутат партиялық тізіммен мәжіліске өтті, демек мерзім соңына дейін қызмет етуі керек. Әлемде сайлау кезінде жеке адамға дауыс береді, халықтың сенімінен шығып, көп дауыс жинаған адам депутат болады. Ал ондай депутатты ешкім парламенттен шығара алмайды. Ал бізде ондай жоқ, халық адамға емес, партияға дауыс береді. Содан кейін кім депутат болатынын, кімді кіргізіп, кімді шығаратынын партия өзі шешеді. Сондықтан сайлау жүйесін өзгерту керек», – дейді ол.

Ал Танашеваның әріптестері оның мандатынан айырылуын парламенттің емес, партияның қателігі деп, билік басындағыларды ақтауға кірісіп кетті.

Мысалы, Ермұрат Бапи «Танашева елдегі көпбалалы аналар қауымдастығының мәжілістегі жалғыз өкілі еді. «Халық» деген атауы бар партия халықтық мүддені қорғап жүрген Гауһардың мандатына ротация жасағаны мен үшін мүлде түсініксіз шешім болды. Мәселе экс-депутаттың үкіметке жолдаған сауалына байланысты болмаса керек. Бұдан да жойқын сауалдар айтылып, оны үкімет жиі естіп жүр. Шамасы Танашеваны парламенттен аластатудың астарында мүдделер қақтығысынан туған партияішілік дағдарыстың салдары жатқан болуы керек» деп жазды.

Оның сөзін тағы бір депутат Қазыбек Иса сөзбе-сөз қайталап, мәселенің соңын өзінің «көзіріне» айналған тақырып – тіл мәселесіне апарып тіреді. «Мәселе үкіметке жасаған әлеуметтік мәселеге байланысты депутаттық сауалында емес. Парламентте одан да жойқын сауалдар жасалып жүр. Мәселе – депутат пен партия төрағасы екеуінің екі елдің тілінде сөйлеуінде» деп тұжырды.

Бірақ көпшілік Танашева «халқын ойламайтын, аямайтын үкіметті» сынағаны үшін жазықты болды деп санайды. Экс-депутат 25 желтоқсандағы сөзін әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады. Сол жазба астына «baxa0fficial» есімді оқырман «Бұл менің Анам. Анам халқым деп әрдайым шырылдап жүреді, жоғарыда айтылған сөздері үшін, оны орнынан алып тастайын деп жатыр. Менің анашымды осы қиын сәтте қолдап жіберсеңіздер, алғысым шексіз болар еді» деп жазды. Біз Танашеваның өзіне де, ұлымын деген адамға да хабарласуға тырыстық. Бірақ олар жауап берген жоқ.

темірлан еңсебек
Фото: ашық дереккөз

Сатира қылмыс па?

Депутаттың мандатынан айырылуына байланысты сарапшылар «парламентте де сөз бостандығы жоқ па», «мәжілісмендер сызып берген шеңберден шықпауы керек пе» деп, талқылап жатқанда, 17 қаңтарда азаматтық белсенді, Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ұсталды. Полиция оның үйін тінтіп, өзін уақытша қамау изоляторына қамаған.

Алматы полициясы белсендіге қатысты «әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру» фактісі бойынша қылмыстық іс жүріп жатқанын хабарлады. Көпшілік Еңсебектің ұсталуына Qaznews24 сатиралық паблигіндегі жазбалар себеп болғанын айтады. Аталған пабликте қоғамдағы кей жағдайларға қатысты сатиралық жазбалар жарияланады. Профильде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқ екені жазылған.

Осылайша, Қазақстан билігі саяси сатираны да көтере алмайтынын, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне тұсау салуға тырысып жатқанын көрсетіп бергені жайлы пікір көп. Әлеуметтік желіде ел арасында үкіметтің жөнсіз шешімдеріне көңілі толмайтын, кей шендінің біліксіздігіне ашынатын тұрғындар көп. Оның кейбірі ойын ашық айтып, билік пен шенеуніктерді ащы сынға алады. Тағы біреулері сатира, әжуа арқылы, өнер арқылы наразылығы мен сынын жеткізеді. Өз ойын айтқан әр адамды ұстап, жазалай берсе, қазіргі биліктің ескі диктатурадан айырмасы қайсы деген кептегі пікірлер жазылып жатыр.

20 қаңтарда Әсем Жәпішева Темірлан Еңсебекті қолдау мақсатында «сатира – қылмыс емес» деген плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет өткізді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шыққан белсендіні 3 минутқа жеткізбей полиция ұстап әкетті. Ал оған дейін, 19 қаңтарда Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шыққан журналист Руслан Бикетовті «бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 15 тәулікке қамаған.

Іркес-тіркес болып жатқан осы оқиғалар елдегі азаматтардың сөз бостандығы, өз ойын айту, митинг өткізу сияқты құқықтары қатты шектеліп отырғанын аңғартады. Сарапшылар бұл жағдай адамдардың мемлекеттің болашағына деген сенімін жоғалтып, үмітін өшіретінін айтады. «Еститін мемлекет» пен «халық үніне құлақ түретін биліктің» тек жазалайтын үкіметке айналып бара жатқанын барша қоғам көріп отыр...

Қуаныш Қаппас