Жол апаты жалмап барады
Еліміздегі жол апаттарының саны жыл өткен сайын артып барады. Статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері 5626 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1493 адам қайтыс болған.
Ал 12917 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Бұл – тоғыз айдың ішіндегі статистика. Ал тәуелсіздік алған жылдардан бері мыңдаған адам жол апатынан қайтыс болды. Жол апаты салдарынан мүгедек болып қалғандар қаншама?!
Сондықтан жолмен санасып, жол апаттарының алдын алмасақ, қара жолдың қателікті кешірмейтініне көзіміз жетіп келеді. Қазір ірі жол апаттарының жиі орын алатынына етіміз үйренгені соншалық жол-көлік оқиғасынан бес-алты адам қатарынан қайтыс болыпты десе де селт етпеуге айналдық. Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың көбі – өрімдей жастар. Еңбекке қабілетті, тепсе темір үзетін жаста ажал құшатын жастарға араша тұрмасақ, соғыссызақ азаятын түріміз бар. Өйткені айдың күні аманда жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың саны соғыс құрбандарынан да асып бара жатқанын сарапшылар айтып отыр. Яғни Қазақстан жолдарында көптеген адамдардың өліміне алып келіп жатқан күнделікті тоқтаусыз майдан жүріп жатыр деп айтуға болады. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бір күнде 68 жол апаты тіркелуіне байланысты көлік жүргізушілеріне ескерту жасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан, тіркелетін адам өлімі бойынша әлемдегі 175 елдің ішінде 74-орында тұр екен. Яғни 100 мың тұрғынға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 18 адамды құраған. ТМД елдері ішінде Ресейде – 18, Өзбекстанда – 11, Беларусь елінде 8 адамға тең болған. Жалпы елімізде бірнеше адамның өліміне алып келетін ірі жол апаттарының жиілеп кеткені байқалады. Сондықтан қандай да бір алдын алу жұмыстарын жүргізбесек, жол апаты халқымызды жалмап барады. Әсіресе соңғы кездері елімізде жолға шығып кеткен малды басып кету дерегі бойынша орын алатын жол-көлік оқиғалары да күрт көбейген.
Соңғы төрт жылда жол үстінде жүрген малдың салдарынан 643 оқиға тіркелген. Тек өткен жылдың өзінде республикалық күре жолдарда дәл осындай 104 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 адам қайтыс болған. Талай ел көлік жүргізушісіз, жанармайсыз жүретін көлік ойлап тауып жатқанда, біздің әлі күнге мал мен көлікті қатар пайдалануға шамамыз жетпей жүргені де күлкілі. Жалпы Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Дамыған елдер қатарына ұмтылған ел ретінде біздің де жол апаттарының алдын алу мәселесін ойланатын кезіміз жеткендей. Осы орайда, мамандар жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемитінін айтады. Ендеше жылдамдыққа қатысты шектеуді енгізсек қайтеді?! Өйткені кәмелетке толар-толмастан қолына көлік жүргізушісі куәлігін алатын жастар жылдамдықты барынша күшейтіп, ажалы көліктен болған жағдай жиі кездесуде. Сондай-ақ елімізде қоғамдық көліктердің қатысуымен де орын алатын жол апаттары жиілеген. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің рульде келе жатып ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік жүргізетінін көріп жүрміз. Жауапкершілігі төмен, не жасына, не тәжірибесіне қатысты қоғамдық көлікті шектеусіз тізгіндейтіндер жол-көлік оқиғасын көбейтуге ықпал етіп тұр.
Осы орайда мысал келтіре кетсек, жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие екен. Ал біздің елімізде жол сапасы талапқа сай деп айта аламыз ба? Жасыратыны жоқ, халық жемқорлық салдарынан жолдардың бір жылға жетпей тозтозы шығатынына, кейбір жолдардың жыл сайын жөндеуден өтіп, енді бір жолдардың батпаққа батып жатса да, жылдап асфальт төселмейтініне, мердігерлер жауапкершілігінің төмендігінен жолдың жүрдім-бардым қар мен жауын-шашын аралас жасалып, тіпті республикалық маңызы бар жолдардың қауіпсіздік шараларын ескерместен, талапқа сай жасалмай, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне ықпал етіп отырғанына наразылық танытуда. Әйтсе де наразылықтан нәтиже шығып, жол мәселесі азаяр емес. Құрылысын алдын ала елге сүйіншілеп жеткізген Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің пайдалануға берілгеніне бірер жылдың ғана жүзі болды. Бірақ бүгінгі күні аталмыш жолдың ой-шұңқыры он жыл қолданыста жүрген жолдармен тең. Әсіресе Алматы облысының аумағында оның бұрылысы көп болуы көлік апаттарына жиі себеп болуда. Тау-тассыз, өзенсіз, көлсіз, жазық аймақта не үшін мердігерлер ирек-ирек жол салғандары белгісіз. Сол бұралаңы көп жолдан күз бен қыстың тайғанақ күндері жол жиегіндегі темір қоршауларға соғылу оқиғасы жиі болатынын жергілікті халық ашына айтып жүр. Алғашында алақайлағанымызбен, бүгінгі күні халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған ақылы жолдың сұрауы кімнен?! Дамыған елдерде ақылы жол ең алдымен халықтың қауіпсіздігіне жауап берсе, біздің елімізде жол-көлік оқиғаларының көбеюіне ықпал етуде.
Осылайша жолдардың геометриялық параметрлері, оның ішінде қисықтардың радиусы, сонымен қатар жол белгілерін жасау мен орнату кезінде талап етілетін стандарттарға сәйкес келмеуі де елімізде жол апатының көбеюіне себеп болып отыр. Тіпті шұрық-тесік жолдан қашамын деп, жол апатына ұшырап жату оқиғалары да кездесіп қалуда. Ендеше жол саласындағы жауапсыздықтың да жол апатын көбейтуге ықпал етіп отырғанын мойындауымыз керек. Осы орайда айта кетер жайт, көптеген елдер жол апаттарының алдын алуға қатысты түрлі қадамдарға барып, ол мәселе оң нәтиже беруде.
Ал біз «көлік көбейген соң, жол-көлік оқиғасы да көбейді» деп, жауырды жаба тоқып, айдың күні аманда жол апатынан қырылып жатырмыз. Орталық Азия университеті машина жасау және көлік институтының директоры, техника ғылымының докторы Жұмажан Жаңбыров: «Елімізде жол апатының көбеюіне жол белгілерінің дұрыс қойылмауы, көлік жүргізушісінің жылдамдықты арттыруы, жолдарда ұсақ және ірі қара малдың шығып қалуы, жаяу жүргіншілердің тиісті жолақтармен өтпеу мәселелері жиі себеп болып жатады. Егер осы мәселелерді шешу жолдарын іздесек, жол апаттарының да алдын алар едік. Қазір біз жол апатын азайтудан гөрі «Сергек» арқылы көп айыппұл жинауға машықтанып алдық. Негізі «Сергектің» санын көбейтіп жатқанда «жол қауіпсіздігі артады, қылмыстар тез ашылады» деген болатын. Бірақ жол қауіпсіздігі азайып, жол-көлік оқиғасының азайғаны байқалмайды. Тіпті көлік ұрланса да, «Сергектің» көмегімен тез табылғанын естімейміз. Сондықтан жол апаттарын азайтудың нақты басқа жолдарын қарастырған жөн», – дейді. Расында да, көлік жүргізушілерінің адымын аштырмай, қит етсе айыппұл салып, «Сергекке» аңдытып, ақылы жолмен қалтасына салмақ салуды білсек те, қауіпсіздігіне жауап бере алмай отырғанымыз өкінішті...