Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:35, 17 Қараша 2021

Жол апатын жемқорлық арттырып тұр

None
None

       Елімізде жол-көлік оқиғалары азаяр емес. Тіпті ірі жол апаттары жиі тіркеліп, бірнеше адамның қатар қайтыс болу оқиғалары көбейіп кетті.

Айдың күні аманда соғыстағыдан бетер қырылып жатқан халқымызға қалай араша түсеміз? Апатты азайту мақсатында үкімет айыппұл көлемін көбейтті. Көше бойында бейнебақылау қондырғылары  қаптады. Бірақ содан шығып жатқан қорытынды және жоқ.

Жуырда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де осы уақытқа дейін ХҚКО-да жүргізуші куәлігінің сатылып келгенін мойындаған болатын. «Тексеріс басталғалы бері жүргізуші куәлігіне практикалық және теориялық емтиханды сәтті тапсырғандардың саны бірден азайғанын байқауға болады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында соңғы екі аптада жүргізуші куәлігін алу бойынша 2160 өтініш түскен, соның ішінде тек 30 адам ғана сынақтан сүрінбей өткен», – деді министр. Демек, осы уақытқа дейін қаншама адамға жүргізуші куәлігі бей-берекет беріліп келгенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

ХҚКО қызметкерлері жол ережелерінің теориялық емтиханын тапсырмаған азаматтарға сынақтан сәтті өткені туралы бланкілерді сатып келген. Олардың орнына емтиханды арнайы дайындалған жалған тұлғалар тапсырып отырған. Мәселен, Ақмола облысында емтихан қашықтан ұйымдастырылса, Қостанай облысында бетперде мен кепка киген жалған тұлғалар тестіні емтихан сыныбында отырып тапсырған. Яғни еліміздің барлық өңірінде жалған медициналық анықтамалар мен автомектептерді бітіргені туралы куәліктерді пайдалана отырып, жүргізушілерді оқытпай, теориялық және практикалық емтихандарын тапсыртқызбай, 80-120 мың теңгеге дейін сыйақы алып, жүргізуші куәліктерін заңсыз беріп келген. Осылайша жүргізуші куәлігін беру жемқорлыққа айналған.

Айыппұл көлемін көбейтіп, жүргізушілерді қыса бергенше, көлік басқаруды үйренушілерді жүргізушілікке баулып, куәлік беретін мекемелердің жұмысына бақылауды күшейтсек, жол апаттарының саны азаяр ма еді?! Әрине, жүргізуші куәлігін сатып алған адам жол ережесін, көлік айдау мәдениетін қайдан ұқсын. Осыдан кейін жантүршігерлік жол апаттары көбеюінің сыры айтпаса да түсінікті секілді. Жүргізуші куәлігінің сатылғаны аздай, көліктің жай-күйінен хабар беретін диагностика картасы да 2000 теңгеден сатылып келгені белгілі болып отыр. Осы уақыт ішінде 260 мың көліктің жалған диагностикалық картасы сатылған. Яғни тежегіші істемейтін немесе көшеде жанып кету қаупі бар, айналасына қауіпті  көліктер жете тексерілмей-ақ жалған құжаттармен  көшеде емін-еркін жүре берген. Ел аумағында карта жасайтын, тек қағаз жүзінде тіркелген 28 фирма бар болып шықты. Тіркелген мекенжайлар бойынша техникалық тексеру орталықтары болмаған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, қажетті техникалық жабдықтары, мамандары, жұмыс істейтін орындары да жоқ.

Осындай жалған құжат беретін қылмыстық топты көлік комитетінің көліктік бақылау жүргізу және мұндай фактілерге жол бермеу міндеттері жүктелген лауазымды тұлғалар басқарған. Демек, «балық басынан шіріген». 2017 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері іс жүзінде техникалық тексерусіз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған екен. Осындай қызмет көрсету бір автокөлік үшін 5 минут уақыт пен 2000 теңгені қажет еткен. Көшедегі көлік те, жүргізушісі де жалған құжатпен жүргенін ескерсек, сәт сайын тіркелетін жантүршігерлік апаттардың сыры да түсінікті секілді. Демек, саланы жемқорлықтан тазартпай, жол апатын азайта алмаймыз.

Тегтер: