Жол саласындағы жауапсыздық ушығып барады
Еліміздегі жол салу қарқынымен талай жерді тақтайдай тегіс асфальтты жолға айналдыруға болар еді.
Бірақ бір жолды жылдар бойына қырып қайта салып, қаланың теп-тегіс жолдарын қолдан бүлдіріп, қайта жөндеп жүргенде еліміздің жолдарының шырайы бір кірмей-ақ қойды. Әрине, бір істеген ісіңді бірнеше жыл бойына қайталай беру қай нәрсені болсын тұралатары анық. Тіпті осындай берекесіздік салдарынан тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде бірде-бір рет асфальт көрмеген облыс пен аудан көшелері әлі күнге шаңы шығып борпылдап жатыр. Облыс пен облыс арасын жалғайтын маңызды жолдар салынбауы салдарынан жергілікті халық жаңбыры мол көктемгі мезгілде айдалада балшыққа батып, көлігі жолда қалса да, тістеніп шыдап келеді. Алайда тендерді «жеңдер» деп ұғатындарға дауа жоқ-ау. Құрылғалы асфальт көрмеген ауылдарға мойын бұрылатын түрі жоқ. Есесіне осы саланың жауаптылары бір көшені бес жыл қатарынан қырып, қайта асфальт төсеуден жалығар емес.
Әсіресе жаттанды көшелерді жылда жөндеу Алматы қаласына тән. Әп-әдемі, теп-тегіс қаланың ішіндегі орталық көшелерді күз келсе қырып тастап қайта салу қала әкімдеріне ермек немесе сәнге айналғандай. Жаздай тым-тырыс жатады да, қалада халық та, қозғалыс та көбейген күзде орталықтағы негізгі көшелердің жабындылары алынып, көшелер қазыла бастайды. Тіпті қала тұрғындарына ыңғайсыздық тудырып, көшелердегі көлік тығындарының артуына ықпал етсе де қымсынбайды. Халық жазғы демалыстан оралып, барлық салада жұмыс өз күшіне мініп, оқушылар мен студенттер оқуларына оралып, қала тұрғындары қарбалас өмірлеріне оралған тұста құбыр ауыстыру, көшелерді қазу, жолдарды қырып, қайта төсеу жұмыстары да қыза түседі. Күзде басталған жұмыс алғашқы қармен жағаласып әзер бітеді. Күзгі жаңбыр, ұшқындаған қар ыстық асфальтпен қабыспай, салып бітпей жатып ажырап та жатады. Бірақ «келер жылы қайта саламыз ғой» дей ме, оған онша қинала қоймайды. Өйткені келер жылы да күз басталғанда сол жолды қайта жөндеп бастайды. Нағыз ісі өнбестің тірлігі...
Дәл қазір де Алматының Абай, Момышұлы, Төле би, Райымбек көшелерінің жабындыларын қырып алып тастап, қайта жөндеуде. Төле би, Райымбек көшелерінің былтыр да дәл осылай жөндеуден өткенін ескерсек, жыл сайын бір көшені қазып, қайта жөндеуде не мән бар екенін түсіне алмадық. Әсіресе дәл қазір індет күшейіп тұрған кезеңде халықты сағаттап қоғамдық көлікте қамап, жол жөндеуге орай көшелерді жауып тастап, көлік тығынын қолдан жасау халыққа жасалған қастандық емес пе? Ал осы жұмыстарды көктемде немесе жаздың басында бастап, күзге дейін аяқтауға болмай ма? Жол салу ісіндегі осы бір жүйесіздік көңілге күдік кіргізбей қоймайды. Бір жасаған жұмысын жыл сайын қайталап жүрген шенділер жол салу ісін қазынадан білдіртпе й қаржы жеудің амалы жасап алмады ма деген көңілге күдік ұялайды.
Жалпы, еліміздегі жол саласының мәселесі жыл өткен сайын қордаланып барады. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің пайдалануға берілгеніне бірер жылдың ғана жүзі болды. Бірақ бүгінгі күні аталмыш жолдың ой-шұңқыры он жыл қолданыста жүрген жолдармен теңдей. Әсіресе Алматы облысының аумағында оның бұрылысы көп болуы көлік апаттарына жиі себеп болуда. Тау-тассыз, өзенсіз, көлсіз жазық аймақта не үшін мердігерлер ирек-ирек жол салғандары белгісіз. Күз бен қыстың тайғанақ күндері жол жиегіндегі темір қоршауларға соғылу оқиғасы өте жиі болатынын жергілікті халық ашынып айтып жүр. «Жол арқылы халыққа әдейі жасалған қастандық» деушілер де аз емес. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған ақылы жолдардың сұрауы кімнен? Техника ғылымының докторы, профессор Әбді Қиялбаев «Еуропада ақылы жолдың салдарынан орын алған жол апаты болса арнайы өтемақы қарастырылатынын, ақылы жол болғандықтан, онда көлік жүргізушілерінің де жол қауіпсіздігіне кепіл берілетінін» айтады. Ал бізде өтемақы тұрмақ, қауіпсіздігіңді қамтамасыз етпейтін жолға кім жауапты екені түсініксіз. Ал сол жолда «мүлт кетсең», айыппұлың үйіңе ере келеді.
Жаздай жатып, күз келгенде басталатын жол салу ісінің жол сапасына қаншалықты әсер ететінін мамандардан сұрастырдық. Техника ғылымының докторы, профессор Омар Әбжәлелов: «Салада қадағалаудың төмендігінен жол салу технологиясы елімізде көп бұзылатын болып жүр. Қытайда кепілдік мерзімі 50 жылға жететін жолдар бар. Ал бізде жолдар бес жылға да жетпей, шұрық-тесік болып жатады. Сондықтан салада қадағалауды күшейту керек. Мәселен, қарлы, жаңбырлы ауа райында асфальт төсеуге болмайды. Күзгі мезгілде +10 градустан төмен қарай асфальт салуға болмайды. Әсіресе ыстық асфальт жамылғысын салмау керек. Бізде тендер арқылы мойнына ілінген соң, жол салушылар құтылсам болды деп, ауа райына, жылдың мезгіліне қарамастан, асфальт төсей салуы әдетке айналып барады», – дейді. Ендеше неше жылдан бері күзде ғана жол құрылысын бастайтындардың әрекеті көрер көзге қазына қаржысын далаға шашу емес пе?!
Осы орайда атап өтсек, соңғы үш жыл ішінде жол саласында 2,7 млрд теңге сомасында мемлекетке залал келтірген 100-ден астам сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген екен. Ал биыл жыл басындаЖамбыл облысында жолдардың нашар болғаны үшін 195 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеген болатын. «Жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің кінәсінен болғанымен, апат деңгейін төмендету үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың 12 айында облыстың автомобиль жолдарына 1711 тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыстағы жолдардың нашар болғаны үшін 195 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды», – дейді ведомство басшысы. Кінәлілер жазаланып, желге ұшқан қыруар қаржы әшкере болып жатса да, салада мәселе азаяр емес.
Жол қыруар қаржыны жұтып жатыр. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен жол құрылысына 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді екен. Алайда қыруар қаржы жол саласындағы мәселені шешу орнына күрделендіре түскен сыңайлы. Жемқорлар жолға бөлінген ақшаны жырымдап, «жырып» емес, қопарып, «қырып» жеп, сапасын жоқ қылатынын байқап отырмыз. Осы орайда, техника ғылымының докторы, профессор Әбді Қиялбаев: «Жол құрылысы саласында мәселе ушығып тұр. Салада жүйе жоқ. Мәселен, жол салуға бөлінетін қаржыны көктемде бөліп, жаздай жасап, халыққа қолайлы уақытта бітіріп алуға болады ғой. Бірақ саладағы жауаптылардың жаныашымастық тірлігінен күзге дейін созады. Сосын, жолдың бетін ғана жасауды бұлар әдет қылып алды. Жол жақсы сақталуы үшін астыңғы қабаттары талапқа сай болуы керек. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жыл сайын бетін әдемілеп отыра береді. Әп-әдемі тұрған жолды немесе бордюрды қиратып қайтадан салып, қазына қаржысын шашып отырғандардың жауапкершілігін көтеру керек. Саланы жемқорлықтан тазалап алмайынша, жол салу ісін қоя тұру керек. Өйткені жемқорлар тыйылмай, жол сапасы жақсармайды», – дейді.
P.S: Расында да, соңғы жылдары стратегиялық маңызды құрылыстар қолға алына сала, артынша жемқорлық деректері әшкере болуы әдетке айналды. Алматы метросы, Солтүстік Қазақстан облысында салынған Биохим, ЛРТ, Өскемендегі автокөлік құрастыру зауыты, ЭКСПО, Қарағанды ұшақ құрастыру зауыты, Қызылорда шыны зауыты, Алматыдағы жұқпалы аурухана құрылысы секілді нысандардың қай-қайсысы болсын жемқорлық деректерімен аты шықты. Одан соң құрылыс нысандарының сапасына да күдік көбейетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан жемқорлық фактілерінің көбеюіне ғана ықпал етіп отырған жол салу ісін, бәлкім, тоқтата тұрармыз?! Әйтпесе еліміздегі жол салу ісі жемқорлардың жемсауын толтыру, бюджет қаржысын бөлдіріп алуды ғана көздейтін іске айналғандай.