Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:42

Жол үстіндегі үшеу. Қарабаевтың қоржынын Жұмағали мен Сәденов тексереді

Қарабаев, Жұмағали мен Сәденов
Қарабаев, Жұмағали мен Сәденов . Фото: Жас Алаш коллаж

Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Америка ашқандай болып, сапасыз жолдардың салынуына жемқорлар кінәлі деді.

Қазақстан жолдарының сапасы сын көтермейтіні баяғыдан белгілі. Әсіресе алыс облыстарда қара жол қармен бірге еріп, асфальтты жел ұшырып жатыр. Мұны қарапайым халық қана емес, президент Тоқаев та айтқан. Президент айтқан тақырыпты іліп әкететін әдетпен, мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев көлік министрі Марат Қарабаевқа сауал жолдап, елдегі тасжолдардың жағдайы тым нашар деп, шындықты жайып салды (!). Оның айтуынша, сапасыз жол белсенді азаматтар бастаған қоғамдық резонанстан кейін ғана жөнделеді. Ал жол сапасын бақылайтын «жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылған 5 жылдан бері жағдай еш оңалмаған.

Ақпарат үшін айта кетейік, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен – 96 мың шақырым. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 32-орында тұрмыз. Бірақ сол жолдың сапасы бойынша рейтингте көш соңында жүрміз. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек, Қазақстан бұл тізімде 118 мемлекеттің ішінде 93-сатыға жайғасқан.

Жұмағалидың есебі: Формалды, үстірт жұмыстар

Қазан айының аяғында антикор төрағасы Жұмағалидің басшылығымен жол саласындағы жемқорлықты жою жөнінде кеңес өткен. Сол кезде: «Кейінгі 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден аса қаражат жұмсалды, бірақ күре жолдың жай-күйіне көпшіліктің көңілі толмайды. 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автожол сапасына қатысты 20 мыңнан аса шағым түсті. Халық мұны жемқорлықпен байланыстырып отыр», – деген мәлімет берді. Және биыл жыл басынан бері осы саладағы 24 қылмыстық істі ашқанын хабарлады. Олардың есебінше, жол салу, оны күтіп ұстау сияқты жол құрылысы кезеңдерінің бәрінде жүйелі жемқорлық белгісі бар.

Нақтырақ тоқталсақ, Жұмағали бастаған мекеме мынадай заңсыздықтарды анықтапты:

Біріншіден, нақты жөндеуді қажет ететін жол бөлігі емес, жақында ғана салынған жолдарға жөндеу жұмысын жүргізіп, мемлекет қаржысын босқа шашады. Екіншіден, жобалау кезінде сметаны қолдан қымбаттатып, оған қажетті жұмыс көлемі мен материал мөлшерін артық етіп көрсетеді. Ал артылып қалған құрылыс материалдары қайда кететіні белгісіз. Үшіншіден, жол құрылысына қатысты келісімшарт көбіне тәжірибесі мен ресурсы жоқ мердігерлерге бір көзден немесе картельдік жолмен беріледі. Ал олар қосалқы мердігер ретінде кімді алып жатқанын ешкім бақыламайды. Төртіншіден, «жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жолдан ақау тауып, қорытынды ұсынғанымен, мердігерлерге оны орындау міндетті емес. Ал техникалық қадағалау өз функциясын формалды, үстірт орындайды. Бесіншіден, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» салаға ғылыми-зерттеу және инновация енгізумен емес, құр қағаздар, нормативтік құжаттар әзірлеумен айналысады.

Сондай-ақ бұл салада цифрландыру деңгейі өте төмен. Кейінгі 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Бірақ жолдардың цифрлық картасы әлі жоқ.

Сәденовтің есебі: Небәрі 3% жол талапқа сай келеді

Антикордың есебіндегі жайттар бұған дейін де қанша мәрте жазылған, айтылған мәселе. Бірақ осыны басқа емес, антикордың айта бастауы үмітіңді оятады. Мамандар бұған салада ашық бақылаудың жоқтығы себеп болғанын айтады. Жол салу немесе жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау және оны тексеріп, қабылдап алу барысы ашық емес. Жауапты шенді мен мердігер қалай келісімшарт жасап, қалай жұмыс істеймін десе де өздері біледі. Мысалы, жолға битум төселеді. Оның бағасы тығыздығы мен тұтқырлығына қарай әртүрлі болады. Жобада қымбат битум жазылып, іс-жүзінде басқасы төселуі мүмкін. Оны білу үшін жұмыс жүріп жатқанда техникалық қадағалау жасалуы қажет. Ал жол дайын болған соң онда қандай битум төселгенін дәлелдеу мүмкін емес.

«Осыдан 10 жыл бұрын Алматы қаласында жанармай құю бекетін салдық. Мен жай қара жұмысшымын, бастықтардың айтқанын істеп жүрдім. Құрылыстың іргетасын құярда жерді қазып, жақсылап арматура тоқыдық. Бастығымыз оны суретке түсіріп алды да, сүйретіп шығарып тастап, шұңқырға бетон құйғызды. Сол сәтте тексеруші ме, әлде үлкен бастық па, біреу қоршаудан кіріп келе жатты. Жаңағы арматура біздің жанымызда жатқан, келген адам оны көрген болуы керек. Біздің бастық жүгіріп барып, оны қолтықтап сыртқа ертіп шығып кетті. Ал біз арматураны қалқа жерге апарып, жасырдық. Ештеңе болған жоқ, тексеруші техникалық талап бұзылғанын көрсе де, көрмеген болды», – дейді алматылық құрылысшы Қали.

Жол салу барысында да осындай «қулықтар» қолданылатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Биыл 30-шілдеде үкімет үйінде жолдағы қауіпсіздік жөнінде жиналыс өткен. Ең қызығы, сол жиында сөз алған шенділердің бәрі ел аумағындағы жолдардың сапасыз екенін ашық мойындады. Ішкі істер министрі, көлік министрі және премьер-министр жол апатына сапасыз жол себеп болатынын айтысты. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елімізде жол апатынан жыл сайын екі мыңнан аса адам қаза тауып, 19 мыңнан аса тұрғын жарақат алатынын айтты. Министр де аяқ асты Америка ашып, халықаралық тәжірибе сапасыз жолдың апатқа тікелей әсері бар екенін дәлелдегенін айтып, таңғалдырды. Сәденов сонымен тоқтап қалмай, Қазақстандағы жолдардың 3%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сай келеді деп салды. Яғни кең-байтақ қазақ даласындағы 96 мың шақырым жолдың нәбәрі 2 880 шақырымы ғана қауіпсіз деген сөз. Министрдің дәл мұндай қорқынышты антистатистика айтқанын кім көрген!

ІІМ есебінше, елімізде қала сыртындағы жолдардың көбі ені 7 метр болатын 2 жолақты трассалар. Мұндай жолда бетпе-бет соқтығысу және аударылу оқиғасы жиі болады. Жол апатының 85 пайызы осындай жолдарда болады екен. Сәденов бұл проблеманы шешу үшін төрт және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан аса жол салып, қауіпсіз инфрақұрылым құру керек деп санайды.

Қарабаевтың есебі: жол сапасын біз бақылай алмаймыз

Көлік министрі Марат Қарабаев биыл 12 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланғанын, жазға дейін оның 7 мың шақырымы аяқталғанын айтты. Ал олардың сапасы қандай екені белгісіз. Өйткені Қарабаевтың өзі республикалық жолдарды ғана бақылауда ұстай алады, ал облыстар мен ауыл-аймақтағы жолдарға араласпайды.

Қазір Қазақстанда «жол сапасын 5 сатылы тексеру» деген жүйе бар. Ол бойынша жол сапасын тексеруге тапсырыс беруші, мердігер, авторлық қадағалаушы, техникалық қадағалаушы және «жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» атсалысады. Ең қызығы, ұлттық орталық ішінара ғана тексеруге қатысады екен. Жол құрылысын толық тексеру инженерлік ұйымдарға жүктелген. Оның үстіне ұлттық орталықтың мердігер мен техникалық қадағалау ұйымынан өзі анықтаған ақауды жоюды талап етуге өкілеттігі жоқ. Мұны Марат Қарабаевтың өзі айтып отыр. Яғни жол сапасын бақылайтын мемлекеттік мекеме кемшілікті түзеу жөнінде мердігерге тапсырма бере алмайды. Ұлттық орталық салынып жатқан жолдардан кейінгі 5 жылда 30 мыңнан аса ақау тауыпты. Егер оны жөндеуді талап ете алмаса, ақауды анықтағаннан не пайда? «5 сатылы тексеруден» не пайда? Міне, осындай жаңылтпаш жүйе.

Ал техникалық қадағалаушының жұмыс тәсілі тіптен ақылға қонымсыз. Біріншіден, техникалық қадағалау жұмысының ақысын мердігер төлейді. Басқаша айтқанда, жол жөндеп жатқан адам өзін бақылайтын адамға жалақы төлейді. Ендеше, қадағалаушы өзіне жұмыс беріп отырған адамға жолдың сапасыз екенін қалай айтады? Екіншіден, техникалық бақылаушылар көбіне қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп, іс-жүзінде құрылыс жүріп жатқан нысанға бармайды. Кейінгі 2 жылда мұндай 470 факті анықталыпты. Сондай-ақ бір инженер бір мезгілде 5 нысанға бақылаушы болған жағдай 130 мәрте кездескен. Тіпті бір бақылаушы бірнеше аймақта тіркелген жағдайлар да бар.

Бәрі үкіметке барып тіреледі

Осының бәрі салынған жолдың сапасын бақылау өте қиын, тіпті мүмкін емес екенін білдіреді. Біз қоғам белсендісі, заңгер Жарқын Күреңтаевқа хабарласып, көлік министрлігі шынымен құрылыс сапасын бақылай алмай ма деп сұрадық.

«Жол салғандарды бақылайтын авторлық қадағалаушы, техникалық қадағалаушы деген болады. Құрылысты қадағалау қызметін үкіметтен алып, осыларға берген. Бірақ техникалық қадағалаушыға лицензияны үкімет береді. Демек, үкімет жол сапасын қадағаламайды деген өтірік әңгіме. Иә, олар тікелей бақыламайды, бірақ жолды тексеретіндерді бақылайды. Техникалық қадағалаушы белгілі мерзімде үкіметке есеп беріп отырады. Қысқасы, құрылыс бойынша барлық жұмыс биліктің бақылауында болады», – дейді сарапшы.

Антикор «жол сапасын 5 сатылы бақылау жүйесі» сәтсіз болғанын айтады. Бұл жүйе мердігердің өзі би, өзі қожа болуына жол ашады екен. Бірақ көлік министрлігі бұл жүйеден бас тартқысы келмейді. Қарабаевтың айтуынша, министрлік техникалық қадағалаушының жұмысын жақсартатын заң жобасын дайындап жатыр. Ол бойынша «жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» анықтаған ақау жойылмаса, тапсырыс беруші салынған жолды қабылдап алмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол салғыштарды бақылауда ұстаймын деп уәде беріп отыр. Салада жемқорлық барын жақында ғана білген Асхат Жұмағали сөзінде тұрса, 3 пайызы ғана талапқа сай келетін жолдарымыз тезірек жөнделетін шығар. Ал Қарабаев қолға алған жаңа заңын дайындап болғанша әлі талай су ағады, әлі талай жол салынады. Оған дейін жолда абай болыңыз!

Қуаныш Қаппас