Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:19, 15 Қыркүйек 2022

Жолаушыдаймын жұртына қайта алмай жүрген..

None
None

БӘРІНЕ-БӘРІНЕ ӘЙЕЛДІ КІНӘЛАУ

НЕМЕСЕ АҚЫН ЖАРЫН АҚТАУ

 

Жүрер ме едік жұпарлы Жұмақта таза, –

Азғырмаса алма жеп Адамды

Хауа?

Толстой қашпас па еді үйінен түнде құпия, –

Ақыл-ой, сезім жан қылын түсінсе 

Софья?

Пушкин ұшырамас па еді ажал-оқтың қаһарына, –

Ұят-арына тимесе 

Наталья?

Мағжан атылмас па еді (тағдыр сұм ит, ә!), –

Теріс батаға себепкер болмаса

Зылиха?

Есенин асылмас па еді, қайтер еді, а? –

Бермесе, бәлкім, шарфын  

Айседора?

Тәкен болмаса ерекше есіл дүр, –

Жындыханаға жатқызар ма еді

Есімгүл?

Төлеген тұрар ма еді ширығып жыр буса, –

Түсірмесе отқа отызында 

Үрниса?

Мұқағали жазар ма еді қанша жыр асыл, – 

Мас боп келгенде есігін ашса

Лашын?

Жұмекен келер ме еді елуге есігін ашып, –

Жақсы жар болған қай жерден жаңылды 

Нәсіп?

Асқар сақтап қалпын һас, –

Алпысқа келер ме еді қызмет қумаса

Алтыншаш?

Жұматай-мәжнүн дер ме еді: «О, Ләйлә, – 

Ләйләдай асқақ болса егер 

Заида?..

О, ақын жарлары –

Алыс жұлдызға жақын жандары.

Тауып алдыңдар қайдағы бәлені,

Ақынға тиіп нелерің бар еді?

Біз білмейтін бұл – сыр-жұмбағың ба еді,

Бақ дегенің – сор, ал сорың шын бағың ба еді?

Қарғыс атқыр қу өсек қыр соңдарыңнан

Қалмайды неге, жабысып мың сан зор күмән?

Жазықтысыңдар – шеккен жапаға, жапқан жалаға,

«Бәріне әйел кінәлі!» – ұшы оның Адам Атада!

Кінәлі – не десе де Әйел, оның ішінде, – 

Ғажайып бұл өмірге келтіргені үшін де.

Кінәлі – күнәға тартқан Хауаны

Жылан.

Кінәлі – күнәсін артқан Хауаға

Адам.

Адам әу баста өз күнәсін өзі көтергенде сөз қумай

(Хауаны жазғырмай),

Еркек болар ма еді жақсы жан?

Әйел болмас па еді шапшыған?..           

                                                                     

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖЫРЫ

 (Байғыздың мұңы)

Жоқ сияғы құс дейтін, бар сияғы,

Жаман тамның басында жарбияды.

Әуелде адам болған дейді бұл құс,

Кім білген, болды ма екен бір биязы.

Жаздың шолақ атқанша құла таңы,

Уһілейді үрей сап Мұраталы.

«Жамандықтың жаршысы» десе біреу, 

«Әулие құс» деп бірі ұнатады.

Мұраталы дегенің байғыз еді,

Болса деген атына сай тілеуі.

«Үһ-уһ»  деген үнінен үзілмейтін,

Түршігеді түнде адам сай-сүйегі.

Ескертуі елге ессіз мүмкін мына,

Жусаң жиған кетпестей мың жыл күнә.

Жербетілік сұмдыққа куә небір

Жер астынан шыққандай сұңқыл сірә.

Қай тал еді қонғаны, қайсы үй еді?

Тыншыр еді табылса, шіркін, емі.

Жылай ма екен, жоқ, әлде күле ме деп,

Қорым жақта құлағын Ай түреді.

Тымық түнді тағы үні тілгіледі,

Құса қылған жалғыздық мүмкін оны.

Кім біледі, қайдағы сыр бүгеді,

Сұм жүрегі сайдағы жын біледі.

Жалғыз тал шөп көлденең тістегені,

Жалғаннан жоқ дәметкен ештеңені,

Құлдығынан дүниенің қалас болған,

Жер бетінен бұйырмай құс қорегі.

Кәріп құсқа сонда не күш береді,

Жар алдында несімен үстем еді?

Тақ Сүлеймен шақырса келмей қойып, 

Хақ назары дейтін бе түскен еді...

Құлаққа үні бір кірмей, бір кіреді,

Кірпігіме зіп-зілдей мұң іледі.

Бейуақта қос басып отырғанда,

Жүрегіме енген дерт сұм жыр еді...

«АҚЫН  ӨЛТІРУ ОЙЫНЫ»

Өздері  еркін ойнап-күлуде,

Жалмауыздар – жоқ тойымы.

Үйімнің сыртынан үнсіз жүруде

«Ақын өлтіру ойыны!».

Топтанған қарға – кілең күшіген,

Текті дер біреу – ептілер.

Жусап жатқан жыланның тісінен,

Жымын білдірмей қақшып етті жер.

Жүрегің қараяр жолап бір кетсең,

Қарасындай жаны күйенің.

Майлап жататын бір төбені ертең

Жарты етіндей тәні түйенің.

Нақ сойы боқтан сасық болатынның

Орасаң да он қабат батсайы.

Сұмдық толған қара тырнағы,

Қулық сауған қара қасқа башпайы.

Өздері еркін ойнап-күлуде,

Жалмауыздар – жоқ тойымы.

Үйімнің сыртынан үнсіз жүруде,

«Ақын өлтіру ойыны!».

          «АДАМЖЕГЕН»

Ашаршылық… қасірет, қараң кезең,

Арам жеген болса жұрт, шараң неден?

Ол заманнан бұл заман айырмасы,

Басқаша тек… «адамды адам жеген».

Айтпа дейсің, сұмдықты жаман көрем,

Болса ақиқат, айтпаймын қалайша мен? 

Ол аштықты ұмытты ел баяғыда, –

Жазылған жоқ бірақ та жараң шемен.

Нелер сұмдық боп жатыр даламда ерен,

Барар бағыт белгісіз, заман желең. 

Ол заманнан бұл күнде молаң терең.

Басқашалау… «адамды адам жеген».

Мынау да ерен. Бұл күнде, анау да ерен,

Ереніңді қайтейін, санаң төмен. 

Ақылыңнан кетті озып арам денең,

Қарау кезең, бұл – нағыз талау кезең.

Тойынғаннан заман бұл мысық жеген,

Ит мөңіреп, шошқа шақ күшіктеген.

Билеп отыр кіл соқыр, пұшық, керең. 

Шыға алар ма осыдан  бұзып кемең?..

                           ***

 

Қобыз шалып қос шекті тас бағандар,

Қол бұлғайтын қапталдан қасқа жолдар.

Қара талдың сорғалап қабығынан

Көз жасындай  үзіліп  жас тарамдар.

Бала шағым… күн ұзақ шалқасынан

Жатып алып тойымсыз аспан аулар.

Жазылмастан жүрген ол сезім-дастан:

Ұйықтап жатқан нәресте езу тартқан,

Жұлдыздарға жолдайды жымиысын,

Жоғарыдан жаңылмай өзін тапқан.

Күлімсірер аспанның кезін бағып,

Талмай қарап көкке ұзақ көзім сатқам.

Түгел дүние білінбей түк салмағы,

Кіндігіммен байланып жатсамдағы! –

Келіп әлі көрмеген кең дүниеге

Күлімдеген сәбидей құрсақтағы,

Жапырақтың жердегі тамырынан

Жұлдыз иісін иіскеп… аспандағы.

                

АЙТТЫМ ҚҰЛДЫҚ, ҚАЛАМҚАС 

Жынды болмайынша, әулие бола алмайсың (Халық сөзі)

Бір жас жігіт ұмытты да басқаны.

Бастан-аяқ аят-хадис жаттады.

Қақса-дағы қаншама жыл қақпасын,

Қырсыққанда құдай есік ашпады.

Таяқ ұстап тау-тас қоймай ақтады,

Хаққа жетер уақыт болды нақ зары.

Зиярат қып Меккені де аттады,

Тиянақ түк аспан-жерден таппады.

Қайда, кімге, қашан, нені жазады,

Бір Алланың өз еркі ғой ғажабы.

Сол арада жүрегіне бір қыздың

Түскен еді Жаббар Хақтың назары.

Көріп қойды жас жігіт бар болғаны,

Сол сұлудың жүрегінен Алланы!

Көрген сәттен ессіз құлай асық боп,

Қыр соңынан қарға адым қалмады.

Абай айтқан «саған құрбан мал мен бас»

Ол арудың аты еді Қаламқас.

Айырылмастай ынтық болған жігітке

Қойды бірде бір шарт әлгі қолаң шаш.

Шын ғашықтың саф ниетін байқар күн,

Сынағы аса ауыр еді сайқалдың.

 «Ата-анаңнан безін,

тәрк ет,

олардан

Артық сүйсең мені!», – деді тарпаң қыз.

Ақылың не,

Ес бола ма ғашықта,

Кәмілдікте титтей күмән болып па.

Дәл сол күні қыз алдында домалап,

Жатты екі бас...

Айтуға үкім асықпа.

Ата-анасын тәрк еткеннің 

Тозақ дер –

Барар жері.

Бірақ мынау, ғажап, көр!

Ессіз ғашық жігіт барды жұмаққа,

Қыз білмеді ал болғанын не себепкер.

Жетсе ілімің,

Хикметін ұғып көр,

Жатпас деме тау астында бұғып көл.

Құрбан еткен жар үшін ең жақынын,

Аталарың жынды болған, жігіттер!

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ОТЫЗ БІРІ.

 АУЫЛДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА

Жаңа жылды күтпей тауысып тағатын,

Біздің ауыл ұйқыға ерте бататын.

Кремльдің тосқан курант-сағатын,

Тек коммунист қарттың шамы жанатын.

Бәрі ішінде – қуанышы, қайғысы,

Шатағы жоқ билікте отыр қай кісі?

Аталары айыра алмай атылған,

Қызыл жалау, ақ жалауы қайсысы?

Үйренген ел азапқа да, азатқа,

Барған басшы жалғыз Колбин қазақта.

Бұйрық-заңы болдыратын Мәскеудің

Созалаңдап жеткенінше Созаққа.

Биліктен көп көрген соң ба жалған жүз,

Күллі қазақ кеудесінде қалған сыз.

91-де Тәуелсіздік күнінде

Түк сезінбей ұйықтап қарсы алғанбыз...

Сәлден кейін кіріп келер, міне, елге,

Жаңа жылдан жұрт жақсылық тілеуде.

Қалған-құтқан отыз жылдық медальдай,

Кештеу тиер, тимес ол да біреуге.

Бір қызықты жауардай зор жүр күтіп,

Бір секундта ол өте шығар зырғытып;

Капитализмнен социализмге секірген

Кәрі әжеңдей «отырғанда-ақ жүн түтіп».

Бұның бәрі бастан өткен жайт қалған,

Өкіметтен көрген жоқпыз қайтқан мал.

Дүние өзгеріп кетеді ғой деймісің,

Нән орнына Тоқаев тост айтқаннан!

Сыртта отшашу атылуда жан-жақтан,

Сасып тұрар ертеңіне жылда аспан.

Именетін ысқырғанның өзіне,

Ауыл шіркін, тап-таза еді-ау… қар басқан!..

                                                   

ҚАҒБАДА  ҚАЗА БОЛҒАН ҚАРАЛЫ АҚҚУ

                         (БАЛЛАДА)

         

              

Болған екен бойында Қап тауының.

Кезеніп шыққан кезі от-қарудың.

Оқ тиіп сыңарынан айырылған

Қаралы аққу

шағыпты

Хаққа мұңын. 

Құдайға жетті ме,

жоқ, жетпеді ме,

Зары аққудың –

шер-кегі көк темірге.

Қағбаға қанат қағып аттаныпты,

Меккенің шағымбаққа қақ төрінде.

«Ажалың, ей, адамзат, от-қарудан,

Түбі бір турап тынар түп-тамырдан...».

Адамша жұбын жоқтап, өзіне-өзі

Сыймайды екен, сыңарын сәт сағынған.

«Адамның зәбір көрген баласынан,

Жылаған құс қой мынау, жарасын жаз!».

Меккеде құжынаған қажылардың

Жүрегі қарс айрылған – жаны ашыған.

Қағбаны құшқан,

ұшқан сан айналып,

«Өтті екен қалай ғаріп,

неге-ай,

налып?!»,  –

Қағбаға заулап келіп соғылған да,

Жан берген қара тасты жанай барып...

Заманның қабағы қан,

жаралы жан,

От-қару әлемде әлі салады лаң.

Аққу құс өлімімен айтып кетті,

Алсын деп адам сабақ ажалынан.

Боларын от-қарудан жазаң қатты,

Адамнан аққу бұрын бағамдапты.

Қағбаның ақ түсті еді жамылғысы –

Хисуа қара түсті содан қапты.

Домбыра – сұңғақ мойын самғап ұшқан,

Қос шектің бірін үзіп атты-ай дұшпан.

Зар қағыс, шерлі шертіс ащы күйді,

Алыпты құс төресі аққу құстан.

Аққудың айықпады ел наласынан,

Ауыртады мәңгілік жарасы жан.

Сөйлейді күй тілімен «Сүгір. «Аққу»

Солайша,

домбыраның сағасынан.

                                                  

АЛТАЙДЫ  АҢСАУ

                           

Ата-бабамызды деп жүр ғой

                                                Алтайдан өрген,

Аңсаумен Тәңір тауларын

                                              қартайған кеудем.

Қаратауда қап қойған

                                    қадым заманда

Жолаушыдаймын жұртына

                                             қайта алмай жүрген.

Алтайды көрсем...

                                Жадымда жаңғырар ма еді

Санамда солған сол бір ән

                                             айта алмай жүрген.

Ай, қара Ертісті қиғаштай 

                                              кесіп өткенім...

Қара шабағын қылғытып 

                                             нәсіп еткенім...

Адасқандарым  – ақ боран,

                                             қара орманында...

Кер маралдың мүйізін

                                      кәсіп еткенім...

Ақбауыр бұлттар

                            айтатын күн сайын дерлік

Күн отаны өзіне ғашық еткенін.

Бүгілген тарих қайтадан

                                          жазылар ма екен,

Жер менен Көктей

                                ақ-қара ажырар ма екен...

Көк ұлдары сапарлап 

                                    сахар уақытында

Құс жолымен бал шарап

                                          ағызар ма екен.

Үзілердей үздігіп 

                             жеткенде бәлкім,

Кепкен аңқам мың жылға

                                         тағы ұзар ма екен.

Ай, қоламта-шоққа сөнбеген

                                                 үңілер ме еді,

Бабамның еске түсер ме 

                                          бұғыны емгені.

Көк сирақты тырнаның –

                                          Көтенше бақсының

Құлағыма келе ме

                              күңіренгені.

Алтын асығым

                          иірген Айдың бетіне,

Бүгіннен бе еді, білмеймін,

                                          шігінен бе еді.

Ай, есіме түссе кешегі

                                    Шыңғыстай ханым,

Буырқанам бақсыдай

                                        жын қысқан жанын.

Ұмытқам жоқ  – Мұзтаудың

                                               бауырында ойнар –

Алтынға малған сан бояу – мың түсті сағым.

… Айтсаңшы, мықты не деген,

                                             бізден де бұрын

Алтайдан ауған АҚШ-қа

                                         үндістің жадын.

Бабамның бүтін болған-ды 

                                            далада есебі.

Бәрі енді бақи жалған боп 

                                           санада еседі.

Хиуа жақтан қиқулап

                                   дүркін де дүркін

Алтайға неге ақ бұлттар

                                           ауа көшеді?..

Үлбіге неге мен осы 

                                үздіге берем,

… Аңсатты-ау Ата бесігі – Баба төсегі!

 

ТҮРКСІБ ТОЛҒАУЫ

Беу, Түрксіб! –

Ұлы дала тірегі,

Кең тыныс, нық –

жыры жаңа, тілегі,

Қарт Қаратау –

Түркістанның өрімі,

Асқақ Алтай –

Алып Сібір өр үні,

Балғаменен –

болат жолдар қашалған,

Қайламенен –

тауды бұзып, тас алған.

Білемденген –

бұлшық етті білектер,

Түрен түрген –

кетпен, сүймен, күректер,

Бір үзілмей –

жортақтаған ат арба,

Киіз үйдей –

будақтаған отарба,

Қос қанаттай –

қосақ рельс жарасқан,

Атқан оқтай –

ат оздырған Алаштан.

… Тарихи сәт –

қос рельс түйіскен,

Шаттанған ел –

тәубе дескен мың іштен.

Алақандай

Айнабұлақ бекеті,

Атып шыққан

алғаш пойыз, тым үстем.

Қайысқан ел –

жер қалмаған ат байлар,

Қуанғаннан –

тулап, қайнап жатты ойлар.

Қыр қазағы

қонған ат пен түйеге –

Ұлттық маман

пойызды да жақсы айдар.

Қарт Түрксіб

түспеді оңай аспаннан,

Болды алғашқы

бесжылдықта басты арман.

Бар қаншама 

шежіресі қаралы,

Қайғы-құса,

қан менен тер, жас тамған.

Беу, Түрксіб –

Жалаң қолмен тұрғызған,

Далам берген

қаншама ерді, туғызған.

«Ұлы Жібек

жолы» қайта тірілді –

Сауда-саттық:

келе жатқан мың жылдан. 

Жаңа дәуір –

тарих солай басталған,

Қарт Түрксіб –

әлемге  өмір ашты алдан.

Аңқып тұрған

иіс, дәмі нанының,

Талайлардың

таңдайында сақталған.

Берлинге де

алғаш жеткен паровоз –

Қан майданға,

Түрксібтен аттанған.

Беу, Түрксіб –

береке мен бақ қонған,

Ел тыныштық –

орындалған тәтті арман.

Әр бекеті –

әуезді өлке, сәнді өңір,

Әр белесі –

мағыналы, мәнді өмір,

Өсті елімен –

алға басқан қария,

Көш-керуен –

тынбай аққан дария,

Қарт Түрксіб –

90 жаста, ер дана,

Халқы өсіп:

жасарған жұрт, ел жаңа.

Беу, Түрксіб –

қан тамыры қазақтың,

Келді ырыс-құт –

Тәуелсіздік, Азат күн.

Ендей аққан –

елдіктің өр тұғыры,

Көлбей жатқан –

Түгесілмес ғұмыры,

Қарт Түрксіб –

қайнап жатқан бұл өмір,

Мәрт Түрксіб –

мәңгі жасар, біле біл!

Тегтер: