01:51, 18 Қазан 2018
Жолдамадан үміт жоқ
Ұлттар лигасы. D1 тобы
4 тур. 16 қазанҚазақстан – Андорра – 4:0 (Сейдахмет, 21, Тұрысбек, 39, Гомес, 61-автогол, Муртазаев, 74)Қазақстан: Ерич, Постников, Мұжықов, Исламхан (к), Жуков, Тұрысбек, Сүйімбаев (Вороговский, 82), Сейдахмет (Федин, 77), Зайнутдинов (Муртазаев, 70), Бейсебеков, ЛогвиненкоАндорра: Ж.
Гомес, Валес (Морено, 79), Ребес, И.Лима (к), Пуйоль (Ферре, 89), Алаес, Сан-Николас, Сервос, Рубио (М.Гарсия, 84), Лиовера, РодригесЕскерту: Тұрысбек, 90+1 – Алаес, 63, Ребес, 73Алаес 64-минутта алаңнан қуылды.Төреші С.Бойко (Украина)16.10.2018 ж. Астана, «Астана-Арена» стадионыҰлттар лигасындағы алғашқы жеңіске жақсы ойын өрнегімен қол жеткізсек те, оның қуанышынан өкініші басым болғандай. Өйткені Ригада ойнаған Грузия құрамасы алаң иелерін 3:0 есебімен ойсырата жеңді де, Ұлттар лигасындағы соңғы екі тур нәтижесіне қарамастан, С лигасына жолдама жеңіп алды. Қазір Қазақстан мен Грузия арасын 7 ұпай бөліп тұр. Қарашадағы екі кездесуде Латвия мен Грузияны жеңген күннің өзінде біздің қоржында 11 ұпай ғана болады. Ал ол В.Вайсс шәкірттерін қуып жетуге жеткіліксіз.Мұнда Ұлттар лигасының алғашқы турында өз алаңымызда Грузиядан жеңілгенімізден де (0:2), сырт алаңдағы қос кездесуде ұпай жоғалтқанымыз жанға көбірек батады. Тым құрыса Андоррадан жеңіспен оралғанда, грузиндерді осынша шығандатып алмас па едік, кім біледі… Бірақ әділін айтуымыз керек, дәл осы сәтте Грузия құрамасы біздің командаға қарағанда шебер және тәжірибелі.Ал Астанадағы Андорраға қарсы матчты С.Стойлов шәкірттері өте жақсы өткізді. Бапкердің өз қателігінен сабақ алғанын ойынның алғашқы минуттарынан-ақ байқадық. Ол ойынды ұйымдастырушы Бауыржан Исламханды күтпеген жерден сол қапталға қойыпты. Естеріңізде болса, Андорра-ла-Велья қаласындағы ойында біздің құрама негізінен орта тұстан шабуылдап, қарсыластың қорғанысын сөге алмап еді. Бұл жолы Исламхан қайта-қайта сол қанаттан ойынды шиеленістіріп, орталық алаңдағы футболшылардың кеңірек ойнауына мүмкіндік жасады. Андорра қақпасына енген төрт доптың үшеуі Бауыржанның қапталынан көтерілгенін баса айтуымыз керек: алғашқы доптың пасын Исламхан Сейдахметке сол қанаттан әдемі көтеріп берді, үшінші допты Жозеп Гомес дәл сол Исламханның сол жақтан жерлете көтерген пасын қайтарамын деп өз қақпасына соғып алды, төртінші допты Муртазаев сол қанаттан Сүйімбаев көтерген пас арқылы енгізді.Бапкер сөзінде тұрды, біздің құрама ойын соңына дейін шабуылды доғарған жоқ. Ұлттар лигасын құрбандыққа шалсақ та, бұл цикл жаңа құраманың бет-бейнесі қалыптасуына алғышарттар жасай алатын сияқты. Ең бастысы, орталық алаңдағы ойыншылардың кез келген позицияда бірін-бірі алмастыра алатыны қуантады. Мысалы, Жуков екі ойынды оң қанатта өткеріп еді, осы жолы Қуат алаңда жоқ болған кезде, орталық қорғаушы міндетіне бел шеше кірісті. Мұжықов та солай, оған қос қапталды да сеніп тапсыруға болады. Зайнутдинов тіпті шабуылда да өзін еркін сезінетін жағдайға жетіп қалды.Әрине, Андорра Еуропаның үздік командасы емес, тіпті ортақолдар қатарына да жатпайды. Дегенмен осындай «ергежейлі» құрамалармен кездесу алдағы ірі ойындарға жол ашатынын түсінсек керек. Сондықтан айып алаңында жақсы қимылдайтын шабуылшы табу керек-ақ. Осы ойында Тұрысбек жақсы көрінді, доп соқты, дегенмен бапкер оны негізгі құрамға бір ойында ғана қосты.Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы енді екі ойын өткізеді. Екеуі де өте маңызды. Онда жақсы ұпай жинасақ, Еуро-2020 іріктеу кезеңінде соңғы қоржында қалмауға мүмкіндік болады. Демек, Ұлттар лигасында жолымыз болмады деп, салымызды алдын ала суға лақтырып жіберуге болмайды. Оның үстіне, грузиндермен сырт алаңдағы текетірестің мәні де жоғары.Есей ЖЕҢІСҰЛЫФото: sputniknews.kz