Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 04 Қазан 2024

Жолдаудан бергі алты өлім: Жақсылықов кері кетіп барады

Руслан Жақсылықов
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстан армиясындағы былық пен бүлік жақын арада тоқтамайтын сияқты. Елдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан «сарбаз жұмбақ жағдайда көз жұмды», «әскери қызметкер суицид жасады», «жауынгер соққыға жығылды» деген сияқты ақпараттар осындай ойға жетелейді.

 Бұл жағдай қоғамда талқыланып, жұрттың наразылығын туғызып отыр. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударуға мәжбүр болды.

Халық баяғыдан айтып, сынап келе жатыр ғой, бұған бір айдың ішінде президенттің өзі екі рет қайыра тоқталса да, ештеңе өзгере қоймайтын сияқты – армиядан келетін қаралы хабар толастамай тұр. Биылғы 2 қыркүйектегі жолдаудан кейін болған қайғылы оқиғаларды шолып шыққанның өзінде жағаңды ұстайсың.

7 қыркүйек. Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында оқу-жаттығу жиыны кезінде 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловқа кезекші лейтенанттың оғы тиіп, қайтыс болды. Іс алғашқыда жазатайым оқиға ретінде тергеле бастаған, марқұмның әкесі мәлімдеме жасап, қоғамда резонанс туған соң, қасақана кісі өлтіру бабына ауысты.

12 қыркүйек. Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскери институтында 44 жастағы сержант өлі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол суицид жасаған. Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша тергеу бастаған.

13 қыркүйек. Жезқазғандағы ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінің базасындағы жаттығу алаңында рота командирінің аяғына оқ тиіп, жараланды. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мұны қауіпсіздік талабын сақтамағаннан деп түсіндірді.

16 қыркүйек. Түркістан облысы Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген Д.Т. есімді сарбаз басынан жараланып, ауруханаға түскен. Гарнизон 24 жастағы жігіт «отбасындағы жанжалға байланысты травматикалық тапаншамен өзін атпақшы болған» деп хабарлады.

19 қыркүйек. Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген офицер Нұрсұлтан Алдамұратов өлі табылды. Ресми орындар 26 жастағы жігіт асылып қалғанын хабарлады. Бірақ марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр.

28 қыркүйек. Ақтаудағы №51809 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған 1985 жылғы әскери қызметкер өзі тұрып жатқан үйден өлі табылды. Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі әскери өз-өзіне қол салған деген болжамын жариялап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бұл – бас-аяғы бір айға толмайтын уақытта әскерде болған оқыс оқиғалар. Бұлар БАҚ-та жарияланып, көпшілікке жеткені ғана, тасада бұдан өзге де жағдайлар болып жатуы да әбден мүмкін. Өйткені біздің елде шенділер кез келген проблеманы жылы жабуға тырысады.

Оның үстіне бұл оқиғалардың бәрі жолдаудан кейін болып отыр. Президенттің «сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылары мен құқық қорғау мекемелері жауапты» деген талабы неге орындалмады? Руслан Жақсылықов бастаған қорғаныс министрлігі Тоқаевты тыңдамай отыр ма, әлде Қазақстан армиясы мемлекет басшысы араласса да түзелмейтіндей былыққа батып қалған ба деген заңды сұрақ туындайды.

Президент тапсырма бермесе, бұзақы да ұсталмайды

Әскердегі кісі өлімі мен суицидке себеп болатын басты проблеманың бірі – әлімжеттік. Жас сарбазды офицер немесе саптасы ұрып-соғады, қорлайды және ақша талап етеді. Осыған шыдай алмаған кей жігіт морт сынып, өзіне қол жұмсайды. Тіпті кейбірі соққыдан көз жұмады. Жақында қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыс саны 28 пайыз азайғанын айтты. Оның есебінше, 2021 жылы – 32 жағдай, 2023 жылы – 23 оқиға, ал биыл – 13 факт тіркелген. Бұл – министрліктің өздеріне ыңғайлап жасаған статистикасы. Демек әскердегі әлімжеттік қылмысы бұдан әлдеқайда көп. Тіпті осы цифрлардың өзі армияда заңсыздық бар екенін анық көрсетіп тұр. Ал министр Жақсылықов әскерде әлімжеттік бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарып келген. Бірақ жақында болған бір жағдай оның өтірігін шығарды.

Әлеуметтік желіде әлдекімдердің пойызда сарбазды ұрып-соғып жатқан видеосы тараған. Осы бейнежазба президенттің көзіне түсіп, ол ішкі істер министрі Ержан Сәденовке шұғыл түрде бұзақыларды тауып, жауапқа тартуды тапсырды. Көп өтпей полицейлер екі күдіктіні ұстап, қамауға алды. Ең қызығы, бұл видео былтыр күзде түсірілген болып шықты. Яғни Жақсылықов пен Сәденов бір жыл бойы бұл қылмысқа назар аудармаған. Президентке жеткен соң шешіле кетті деген өз алдына, бұл видео жұрт арасына тарамаса, ешкім білмей қалатын жайт. Мұндай қаншама жағдай болып жатқанын ойлай беріңіз.

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов сарбаздар неге бір-біріне күш көрсететінін айтып берді.

«Қазір күштік құрылымдарда болып жатқан оқиғаларды бұрынғы «дедовщинамен» салыстыруға келмейді. Бұрын әрбір алты ай сайын мерзімді әскери қызметке жастар шақырылатын. Жаңа келген сарбазға олардан көп уақыт әскери қызметте болған жауынгерлер зорлық-зомбылық көрсету әдеті «дедовщина» деп аталатын. Ал қазір бәрі бір уақытта әскери қызметке шақырылады. Бұрын шақырылғандар оларға араласпайды. Қызмет жасаған мерзімінде айырмашылық болмайды. Бірақ жаңа келген сарбаздардың арасында бұзақы жігіттер болады. Оларға әскери басшылар тыйым салып, тәртіпке келтіре алмайды. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, жас әскерді қарсы алып алған келісімшартпен қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің арасында да дәл сондай бұзақы азаматтар болуы әбден мүмкін. Солар жас сарбазға тізесін батырады. Сондай-ақ офицерлер де мұндай заңсыздыққа тосқауыл қоюдың орнына, өздері соған атсалысуы мүмкін.

Әскери қызметтегі осы үш категория арасында күрделі байланыс бар. Қызметі үлкені ақша жинап, қаржылай мәселесін шешкісі келеді, кем дегенде кіші әскерді өзіне бағындырып алып, күнделікті қажеті үшін жұмыс істетіп қояды. Осы мақсатқа жету үшін жас сарбазды мүйіздеп, зорлық-зомбылық көрсету әдет болып кеткен. Бұл әдет мұнымен тоқтамай, сатылап көтеріле береді. Ал құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуге ынталы емес. Осы тізбекті үзіп, осы проблеманы жоймай, әскердегі әлімжеттік тоқтамайды».

Армия – балабақша емес

Қазақ армиясында қанша әскер көз жұмып, қаншасы жараланғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Журналистер сауалына Руслан Жақсылықов пайыздармен ғана жауап беріп, нақты дерек ұсынбай жүр. Бірақ әскери прокуратураның есебінше, кейінгі бірнеше жылда 86 сарбаз суицид жасап, тағы 20-сы суицид жасауға әрекеттенген. Сондай-ақ 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қайтыс болғаны айтылады.

Цифрлар өте қорқынышты. Мұны көрген ата-ана да, жастардың өзі де армияның атын естісе, айнала қашады. Бұл қазақ армиясының беделін түсіріп, қуатын кемітуі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдай ушығып, әлемді үшінші дүниежүзілік соғыс елесі кезіп жүрген сәтте әскеріміздің әлсірегені қуанатын жағдай емес. Елімізбен ең ұзын ортақ шекарасы бар Ресей 2 жылдан бері Украинамен соғысып жатыр, ол аздай, жақында бізбен Каспий теңізі арқылы шектесетін Иранда соғыс оты тұтанды. Ал біз соғысқа дайын болуды былай қойып, қатардағы жауынгерлерді қорғай алмай отырмыз.

Мәжіліс депутаттары да министр Жақсылықовқа сауал жолдап, армияға реформа керек екенін айтып жүр. Президент айтқан күннен бастап ушыға түскен бұл мәселе депутаттар айтты екен деп шешіле салмайтыны анық. «Армиядағы өлімнің 99 пайызына әскери қызметтің қатысы жоқ» деп ыржыңдап жүрген Руслан Жақсылықов жақын арада армиядағы жағдайды түзей алмайтын сияқты. Өйткені ол мәселенің түп-тамырын түсініп тұрған жоқ, тіпті қоғам өзін неге сынап жатқанын түйсінбеуі де мүмкін. Демек, «Өкпелесең көшіп кет», «Өмір деген жизнь» деп, жаргонмен, «по-понятиям» сөйлеп жүрген Жақсылықов тұрғанда реформа туралы армандаудың өзі күлкілі.

Көпшілік армиядағы заңсыздықты сынап, сарбаздың амандығына алаңдап жатқанда, әскерде адам өлімі болуы заңды жағдай деген мәнде пікір айтатын «ақылдылар» пайда болды. Мысалы, мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, балалар көп жиналатын жерде әлімжеттік болып тұрады. Мектепте де және басқа орындарда да әлімжеттік бар. Оның үстіне армияда күнде бала қырылып жатқан жоқ.

Ал бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «армия – санаторий не балабақша емес» деп санайды. Оның ойынша, қазіргі балалар ерке, осындай ерке балалар әскерге барғанда қатаң тәртіпке шыдамай, стреске түседі. Сондай-ақ ол өзі әскерге бармаған адамның бұл сала жайлы пікір айтып, сынауына қарсы. Яғни армияға бармаған қарапайым халық әскерге сау кеткен баласы, сал болып келсе де сын айтпай, аузын буып отыруға тиіс. Бұл сөзді ол өзінің Ауған соғысына қатысқанына арқаланып айтып отырған болуы керек. Бірақ жалған «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін таққаны анықталған экс-депутат елге ақыл айтуға лайық па?

Офицерлер неге суицид жасайды?

Қыркүйекте қаза тапқан төрт әскеридің үшеуі – офицер. Алдын ала мәлімет бойынша, олар суицид жасаған. Яғни қатардағы жай сарбаз емес, әскери тәрбие көрген, шыныққан әскери қызметкерлер өз-өзіне қол салып жатыр. Оның үстіне олар – 26, 39 және 44 жасқа келген, ақыл тоқтатқан азаматтар. Оларды мұнша тығырыққа тіреген не жағдай? Мұның себебін әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтан сұрадық.

– Бұл дерт тереңінен тамыр тартып, күштік құрылымдар бойына әбден сіңіп алған. Суицид сарбаздар арасында ғана емес, жоғары лауазымды қызметкер арасында да бар. Жоғары лауазымды офицерлер кабинетінде тапаншамен атылып, белгісіз жағдайда көз жұмды дегенді де естідік. Ел арасында әскери қызметкерлер жаңа лауазымды, әскери атақты, пәтерді, заңды жеңілдіктерді параның күшімен алуға мәжбүр деген әңгіме бар.

Армияда қол астындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинау сияқты әрекеттер бар екені де белгілі. Сотқа тартылған, суицид жасаған офицер, генералдар бар екенін де білеміз. Зорлық-зомбылық, суицид сияқты күдікті істер бұрын түрме жүйесіне тән еді. Қазір күштік құрылымдардың сипаттамасына айналды. Егер жоғары басшылар әділетті болып, заң бұзғандарды қатаң жазалайтын болса, Отан алдындағы ұстанымына берік болса, бүгінгідей жағдайлар мүлде болмас еді.

Күштік құрылымдардағы мұндай келеңсіздікті тоқтату үшін терең реформа жүргізу керек. Біріншіден, күштік құрылымдардан өзіне тән міндетті талап ету қажет. Екіншіден, әр буын басшылық қызметке мамандығы сәйкес келетін және қызметте ірі жетістікке жеткен офицерлерді тағайындау керек. Әскерді қару-жарақ және арнайы техникамен қамтамасыз ету қажет. Қаражатты қажетті және Отанға пайдалы шараларға жұмсап, шығыны көп, пайдасы аз шараларға қаражат бөлуді тоқтатқан жөн. Реформаны жүйелі түрде жобалап, жолдан таймай жүзеге асырсақ қана, қорғаныс саласын оң бағытқа бұра аламыз. 

Қуаныш Қаппас