Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:44, 07 Қазан 2022

Жолы «Өркеннен» басталған

None
None

Арада 3 ай өтті. Самалы жоқ, ызғырығы бар, аптабы жоқ, аязы бар 3 ай. Күні қысқа, түні ұзақ, күлкісі аз, күрсінісі көп 3 ай.

Күні тұтылып, айы қорғалаған 3 ай...

Заманбек Нұрқаділов өлімін естіген сәтте Алтынбек: «Ендігі кезек менікі» депті. «Мен естідім» дегендердің айтуы. Мен естіген де,  Алтынбектен сұраған да емеспін, сұраудың қажеті жоқ та еді. Кездескен уақыттардағы әңгімеміз әдебиеттен басталып, саясатпен аяқталатын. Көбінде он-он бес минөттен ұзақ сөйлесе алмайтынбыз, мен уақытқа «бай» болсам да, Алтынбек «кедей» еді. Армансыз дейтіндей әңгімелесуіміз бірде ғана екі сағатқа созылды. 2000 жылғы қаңтардың 5-і күні. Алтынбек одан бір тәулік бұрын Астанадан үйге телефон шалып, сәлемдесіп: «Ғаб-аға, ертең Алматыда боламын, дәл осы мезгілде, сағат он бірде, министрліктің сондағы қабылдау кеңсесінде кездессек қайтеді?» деген. «Іздеп баруға жолым ұзақ, қолым қысқа болып жүргенімде өзіңнің шақырғаның жақсы болды-ау!» деп әзілдегенмін. Ол ақырын ғана күліп: «Келіңіз, күтем» деген.

– Аталарымыздың: «Алыстан алты жасар бала келсе...» дегеніндей көне мәтелді де орталап айтып, өзім де кабинетінің ортасында кідіре қалған едім, әлдекіммен телефон арқылы сөйлесуін: «Сен екі сағаттан соң хабарлас, жарай ма?» деп үзе салып, орнынан күлімсірей тұрып, қарсы жүріп келіп сәлем берді. Мәре-сәре болыстық. Жайлана жайғастық. Ол қабылдау бөлмесіндегі келіншекке ішкі байланыс жүйесімен: – Мені іздегендерге «екі сағаттан кейін келеді» дерсің, – деп ескертті. Екі мәрте «екі сағат» дегеніне іштей еріксіз таңдандым. Телефон шалған ілтипатына рақмет айттым да:

– Әуелі «пара» беріп, жұмсартып алайын. Мынау Парижден сыбаға, –  деп фотосуретті, одан соң: –  ал бар-жоқ пікір-тілегім мынада, – деп хатымды ұсындым. Ол фотосуретке үңіле жылы жымиып:

– Рақмет, Ғаб-аға, рақмет! – деді де, көзәйнегін түзеп, екі парақ хатымды шолып шығып: – Жақсы, Ғаб-аға, есімде болады, – деді.

Екеуміздің сондағы әңгімеміздің ұзынырғасы былайша: 

– Ғаб-аға, хаттың заты қағаз ғой, ойыңыздағыны ақтарып айтыңызшы, –  деді ол. Мен: – «Әуелі мені айт» деп жамырағалы тұрған ой көп, қайсысы аузыма бұрын түседі, соны алдыңа салайын, – дедім де, бастап кеттім: бізге оппозиция, тәуелсіз ақпарат құралдары қажет, өкімет, үкімет, министр өзің олармен байыпты жұмыс істеуге тиіссіңдер, ал әзірше олай болмай тұр, тәуелсіз «Дат» пен «ХХІ век» тұсалды, ендігі кезек «Солдат» па?

 Әкежан Қажыгелдиннің қуғын көрердей кінәсі болса, онысын ашып, әділін айту керек. Ол өзінен бұрынғы Терещенко үкіметі халықтың қанша қаржысын талапайға қалай салғанын «Егеменді Қазақстан», «Казахстанская правда» гәзеттері арқылы ресми баяндады, республиканың Бас прокурорына сол қаржыны тез қайтару шараларын қолдану жөнінде өтініш білдірді, бірақ аяқсыз қалды ғой?

«Ордалы жылан» деген кітап оқыдым. Оның бас кейіпкерлері жаза шегу орнына жоғарылап, ал автор қуғынға ұшыратылды; бізде сайлау атаулының заңды жолмен, әділеттілікпен өтетін кезі болар ма екен, болмас па екен? әдебиет пен өнер салаларындағы таңдаулы туындыларға сыйлық беруді ұйғаратын комиссия құрамын жаңартып отыру керек, оның мүшелері «өзі жақсы мен көзі жақсыны» қаламайтын, әрқашан тек адалдықты жақтайтын тура билер болсын; президент биылғы жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялады, Мәдениет министрлігіміз жоқ-ау демеді. Жалпы әр жылға «пәленнің жылы» деп ат қою шықты, ол неткен жаңалық? дәстүрлі ақындар айтысымыз берекесізденіп кетті, елдің, халықтың жағдайын айту былай қалды, ақындар бірін-бірі беталды кекеп-шалудан аса алмайды, айтыс автокөлік үлестіретін шараға айналды;

«Қазақстанның Халық жазушысы», «Қазақстанның Халық қаһарманы» деген атақтар оңды-солды берілетін болды. «Халық жазушысы» деген атақ бұрыннан бар ғой, ал сонда менің түсінбейтінім: ондай атағы жоқтар халық үшін, халық туралы жазбайтындар болғаны ма? Бұл, меніңше, қайсыбір жігітке «еркек жігіт» деп атақ бергендей бірдеңе емес пе? – Алтынбек ашыла күліп, басын изеді. – Ал ата-бабамыз басқыншы жаудан елін, жерін қорғап қан төккен батырларын «Қаһарман» деген. Бүгінгі бізде ше? Бізде мылтық ұстап көрмегендерге «Халық қаһарманы» атағын беру басталды. «Социалистік Еңбек Ері» дегенді жаңаша не деу керек болғанда «Қазақстанның Еңбек Ері» деу жөн деп пікір білдіргенбіз, бірақ оның орнын «Қазақстанның Халық қаһарманы» басты. Осы ақылға қона ма?                           

Сен үкімет құрамындағы ең бір алымды министр ғана емес, президентке сөзін өткізе алатын ең жақын адамысың, мұны 32 жасыңда министр етіп тағайындалғаныңа сайдыра айтып отырмын. «Күбірлегенді құдай естімей ме», бүгінде нендей мәселені болсын президенттің бір өзі шешетін болды, ол дұрыс емес, – деп кідірдім.

Екі қолымен иегін тіреп, байыпты тыңдап отырған Алтынбек салқын кейіпте езу тартты да, қоңыр үнмен сыр шертті. Сонда айтқанын қысқаша мазмұндайын: Ол өзіне тым жас демей, сенім артқан президентке белсене адал қызмет етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға үлес қосуым керек деп білді. Бірақ соңғы жылдары көңілі құлази бастады (алдын ала айтар болсам: Алтынбектің сол жолғы сөзі 2006 жылдың кірісінде жарияланған «Үштаған» немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?» атты мақаласында көрініс берді). Құлазитын себебі: кадр мәселесі жұмбақталып кетті, кімді қайда тағайындауды президент бір өзі шешеді, таңдағандарының қабілетін таразыламайды. Рас, кейде құзырындағы бізбен, парламентпен ақылдасқан болады, бірақ бәрібір, өзінің айтқанын істейді. Сөйтіп жиып алған жағымпаздары оның қатесін көре тұра ләм демейді, қайта: «Дұрыс! Бәрекелді!» деп бас шұлғиды.

Енді арғысын Алтынбектің өзі айтсын:

– Ал мен өзі іштартқан оны өзімсініп, оңашада қате әрекетін батырыңқырап айтқанымда ол: «Солай ма?.. Ойланайын, тағы ақылдасармыз» деп күліп шығарып салады. Жасанды күлкісі бар. Жалпы жасандылыққа бейім екен. Сөзінің расы қайсысы, жалғаны қайсысы екенін білу қиын… Ауыл шаруашылығын реформалауды жүйелі түрде, асықпай жүргізу жайында сол сала министрлігінің жобасы болды. Тапсырма алған соң байыптап жасаған, бірақ президент қабылдамай тастады. Оның ақыры не болғанын  көрдіңіздер. Өнеркәсіп те… бәрі де қиратылды, қаңырады. Сіз жаңа Мәдениет министрлігі туралы айттыңыз. Министрлікті сақтау қажеттігін дәлелдеп, қаншама түсіндірдік, ал ол, өзі де біле тұра, қисық  кетті… Әншейінде жымыңдап, жайдары жүрсе де, онысы да, әрине, көбінесе жасандылығы. Кейде оңашада да, көптің алдында да бұлқан-талқан ашуланып, ешкіммен есептеспей, білгенін істейді. Онысы – қауіпті мінез.  Үлкен де, кіші де басшы білімді, байсалды, тиянақты болмаса, ол – құзырындағылардың бейнеті, соры. Бәріміз де жұмырбасты пендеміз, бірақ  солай деп солақайлана беруге болмайды ғой. 

Алтынбек ел, халық тағдырына қатысты басқа да жайттарды қысқаша таратып айтып болып, маған тағы да жымия қарап:

– Ғаб-аға, осыным орынды-ау деген ойларыңызды ашық та анық айтып, жазып жүрсіз, өз басым құптаймын, қолдаймын. Енді өз ортаңыздан қол ұстасып шығар пікірлес іздей жүрсеңіз, тапқаныңызды көбейте алсаңыз жарар еді. Әсіресе жас ақын-жазушылардың әділеттілікті іздеген, жақтаған, тіпті  талап еткен батыл үні керек. Жастар оянбайынша жағдай оңалмайды. Ішкі де, сыртқы да жағдайымыз мәз емес. Жастардың оянуы қажет-ақ, –  деді де, екі қолын үстелге салып, еңкейіңкіреп отырды. Екеуміз де үнсіз қалдық.  Мен Алтынбектің: «...қажет-ақ» дегенді баса айтқанын «Келешек – жастардікі!» деген белгілі қағиданы қайталағаны деп ұқтым. Басқаша пайымдауға себеп боларлық ештеңе айтпады. Кейін, біржарым жылдан кейін түсіндім: Ғалымжан Жақиянов бастаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы»  қозғалысының  керегесін  керу қолға алынған екен. Бертіндегі бір әңгімесінде Ғалымжан атап айтқандай, Алтынбек сонда жас демократтар тобымен байланысты болып, пікір қосып жүрген.

Үнсіздікті Алтынбек бұзды:

– Менің қолымнан келмейтін шаруа көбейіп барады. Түрі жаман...  «Көп түкірсе көл» деп, көпті қозғалтпай, оятпай болмайды. «Оян, қазақ!» деген Міржақып ағамыздың дауысын жаңғыртсақ жарар еді. Зиялы қауым осыны ойласа, қолға алса… Оппозиция қажеттігін дұрыс айттыңыз. Оппозицияны сүйеп, сөзін сөйлейтін зиялылар қажет. Демократия керек. Демократия үшін күресетін зиялылар керек. Көпті оятатын үлкен күш – ең алдымен зиялылар, – деді.

– Бала-шағасынан бұрын бастықтарының тілеуін тілеп үйренген зиялы көп екенін өзің де білесің. Жұртты оятуға тиіс олардың өзін ояту Қожекеңше айды аспанға шығарудай оңай болмас.

Алтынбек салқындау жымиды. Тілегіне тура жауап бермегеніме іштей ренжігені ме? Солай долбарлап:

– Алайда сөзім өтеді-ау деген үлкен-кіші қаламдастарыммен әлі де сөйлесемін, салмақ саламын. Не шыққанын өзің көрерсің, – дедім.

Оппозиция, демократия, Жазушылар одағы, Журналшылар одағы, тәуелсіз баспасөз, т. б. жайында еркін пікірлестік. Әңгімеміз аяқталғандай болып, орнымыздан тұрғанымызда Алтынбек:

– Ғаб-аға, есіңізге түсіріңізші, сіз «Өркен-Горизонт» гәзеттерінің бас редакторы Алтынбек Сәрсенбаев жолдасқа хат жаздыңыз ба? – деп әзіл тастай жымыңдады.

– Сен батыл редактор болдың. Мықты мақалаларыңа риза болып, өзімше алқап хат жазғаным есімде, –дедім.

– Бізге жастардың өмірі жөнінде үш тақырып ұсынып, соларды тез жазуымызды, пікір алысуды ұйымдастыруды сұрағансыз. Сіздің қаламыңыз қандай із тастайтынына мен де сол кезден бастап назар аударғанмын.

– Бірақ хабарласпай қойдың ғой?

Екеуміз де күлдік. Тегіой-пікіріміздің тоқыла тоғысқанына куә сезіміміздің бір желпінісі де.   

Кабинетінен шыға бере қол сағатыма қарасам, біз екі сағат сөйлесіппіз. «Екі сағат»! Қызық, ә?..

Енді әлгі фотосурет жайын айта кетейін. 1995 жылдың жазында Парижде ЮНЕСКО-ның қуаттауымен Абайдың 150 жылдығы тойланды. Қазақстаннан үлкен делегация бардық. Тоғыз күн болдық. Көне де көркем Париждің екі кешін Баспасөз және мәдениет министріміз Алтынбек Сәрсенбаев екеуміз біраз шүйіркелесумен өткіздік. Әңгімеміз негізінен әдебиет хақында болды. ЮНЕСКО-ның қызметі туралы да пікірлестік. Алтынбек әдебиетіміздің қай жанрында болсын шығармалардан мол хабардар екен. Біздің сатира саламыздан Асқар Тоқмағамбетов пен Оспанхан Әубәкіровке ықыласы ерекше.

Қаратаяқ бес-алтауымыз күнде бірер сағат қыдырыстап, Париждің тарихи ғимараттары жанында суретке түсеміз. Сондайда Алтынбек оншама құлшынбай, кешеуілдеп жүреді. Версальды аралағанымызда суретке түскіш біздерден тағы кейіндей бергеніне еріксіз күліп: – Бері келші, корольдердің мына гүлзарына тұра қалшы! – деп  фотоаппаратыма «өзін жеке кіргізіп жібергенмін –. «Әуелі «пара» беріп, жұмсартып алайын» деп әзілдей ұсынғаным сол суреті еді.

                                          ***

Қайран Алтынбек! Алып тұлғалы, ақжарқын жүзді азаматымыз-ай! «Балақтағы бит басқа шыққан» заманның қарасын ағартыспақ, қисығын түзетіспек, обырын тиысмақ, арсызын ұялтыспақ едің, қарапиғылдылар қапыда мерт етті ғой! Қайғылы ел-жұртың: «Қанын жүктеген жауыздар табылсын, жазалансын!» деп талап етсе де, қантіс шортандар аудан сырт қалдырылып, шабақтар ұсталды. Ар-намыстан мүлде мақұрым тергеушілер мен соттар екі көзі екі шекесіне шығып кеткен шапыраш балықшының шірік шәркейін киіп жүр. Төресі маңдайына шертіп қалып: – Әй, бұл сенің маңдайың емес, табаның! – десе, маңдайын жерге дереу төсей қойып: – Иә, иә, дұрыс айтасыз! Бұл менің табаным! – дейді бишара! Құлдық мінез-құлықтан құтыла алмау  –  өлшеусіз өкініш!

Алтынбектің қазасы исі қазаққа ауыр болды. Жасы тоқсанға іліккен әкесі Сәрсенбай ақсақал, жасы сексенге іліккен шешесі Күлихан әжей боталарынан, ағысы Ырысбек тынысынан көз жазып,  боздап қалды. Сүйікті жары Салтанат, ұлы Бекжан, қызы Шолпан қайғы арқалап шырқырады.

Сәрсекең – еліне адалдығымен, әділдігімен қадірлі болған қайраткер, фашистермен шайқаста қан кешкен жеңімпаз жауынгер Сәрсенбай атамыз аяулы ұлын жоқтап, қыстыға сөйлеп: «Алтынбегімді өлтірткен, өлтірген жауыздардың кім-кім екенін біліп, жазаға тартылғандарын көрсем!» – деп қыстығып отырушы еді. Айтқанына жете алмай кетті.

Ат пен атаққа, даңқ пен дақпыртқа бауыр басып, бәтуәсіз биліктің  «тарысын» теріп жеуге дағдыланған «тауықтар» аз ба?! Қай қоғамның болсын қайызғағын көбейтетіндер – солар! Қайсыбірін айта бересің. Бірақ айту керек. Жазу да керек. Алтынбек пен Заманбек айтып-жазып үлгермеген ақиқатты шама-шарқымызша жария ету – олармен ниеттес, қанаттас болған біздің парызымыз!                   

… Міне, 6 жылымыз Алтынбексіз өтті. Асыл азаматымыздан ойда  жоқта, қапияда  айырылып қалғанымызға 6 жыл. Айырылмайтын едік,  айырды.  Кім? Не?  Бұл сұрақтардың  жауабы  бізге  белгілі болғалы да,  оны  жалпақ  жұртқа  жария етуге міндетті  Заңымыздың  ауызы  буылғанына  да  6 жыл.  Жаңа  да  ескі  сұрақ:  «Қандай күш, кім буды?». Мұның да жауабы жұмбақ емесі есіме түскен сайын Бабатайұлы Дулат жыраудың  «Кеңесбайға»  деген жырынан мына шумақтар ойыма оралады:

          «… Ер деп елді бұзғышты,

Сұқсыр  деп  сұмырай қызғышты,

Кезқұйрықты лашын деп,

Кенеусізді асыл деп,

Құладынды сұңқар деп,

Жабыны шабан… тұлпар деп,

Құтқармайтын құмай деп

Төбетке қарғы таққандай...»

Редакциядан: жазушының бұл естелігі «Көңіл көгінде» атты  жинағынан (2017 ж.) алынды. Үзінді.

Тегтер: