Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 02 Қазан 2024

Жөндеуі бітпейтін Қашағанның пайдасын қашан көреміз?

Кашаган
Фото: kbv.kz

3-қазаннан бастап Қашаған кен орны күрделі жөндеуге жабылатын болды. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, кен орнындағы мұнай және газ өндіру жұмыстары 38 күнге тоқтатылады. 

Ол аралықта елде көгілдір отын жетіспеушілігі туындаған жағдайда министрлік газды көрші елден импорттай тұрамыз дейді.

Қашаған кен орны бұған дейін де бірнеше мәрте жөндеуге жабылған. Осыдан екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл да энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «кен орнының 38 күнге жабылуы алдын ала жоспарланды, сондықтан ол жұмыстар кейінге шегерілмейді» деді. Министрліктің әбден күздің қара суығы тақағанда кен орнын жөндеуге жауып тастағалы жатқаны қаншалықты орынды? «Қызықпен жүріп жазды алған» шырылдауық шегіртке мысалы еске түседі.

Мамандар күздің кезінде кен орындарында жұмыс қайнап жатуы керек деп есептейді. Біріншіден, жылдың аяғы тақағаны ескерілуі керек. Жыл аяғына дейін Қазақстан мұнай өндіруге қатысты ОПЕК+келісімі бойынша өз міндеттерін орындауы тиіс. Ал Қашаған тәрізді күрделі кен орнын уақытша жауып қою осы міндеттемелердің орындалмай қалуына апарып соқтырады. Екіншіден, қазіргі күзгі науқанда шаруаларды, диқандарды, жалпы, ауыл шаруашылығында жүрген кәсіп иелерін жанар-жағармайдан, дизельді отыннан тарықтырмау да маңызды. Егіс науқаны кезінде кен орнын жабу мұнай өнімдерінің бағасын өсіріп, оның тапшылығын туындатуы да әбден мүмкін. Бұдан әдеттегідей елде «ажиотаж» басталатыны түсінікті. Үшіншіден, газ тапшылығы туындаса, автокөліктерге газ тұтынып жүргендерден бөлек, қарапайым халық та көгілдір отыннан тарығуы мүмкін. Бұған қатысты министрліктің өзі «тапшылық туындаған жағдайда көгілдір отынды шетелден әкелеміз» деп мәлімдегенін айттық. Алайда шетелдік отын Қазақстанға қымбат бағамен келетінін ескерсек, мұның артында газ бағасының қымбаттап кету қаупі де тұрған сияқты.

Сала мамандарының дені энергетика министрлігінің жылыту маусымы басталатын кезде және егіске шалғы түсетін маусымда Қашаған тәрізді ірі кен орнын қырық күнге жуық жауып тастауын «орашолақ іс» деп есептейді. Министрлік мұндай жағдайда «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» тәсілге басып, тым құрығанда Қашағанды жөндеу жұмыстарын жаз айында жүргізіп алуы керек еді дейтіндер де бар. Сарапшылар арасында «Қашағанға энергетика министрлігінің билігі жүрмейді, кен орнын игеруші алпауыт компаниялар әбден өз білгендерін істеп үйренген. Бұл – солардың жоспары» дегенді айтатындар да бар. Қалай десек те, Қашағанның 38 күнге жабылуы біраз келеңсіздіктер тудыратыны анық. Тәулігіне 400 мың баррельдей мұнай өндіретін кен орнының бір айдан аса күрделі жөндеуге жабылуы оңайға соқпасы анық.

Назарбаевтың «ғасыр жобасы»

Негізінде, Қашаған ұзақ уақыттан бері Қазақстанның мақтанышы мен үміті болып келді. Қашаған жобасы жүзеге асарда оны «супергигантты» жоба деп мақтауын асырғандар көп болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында экс-президент Назарбаев Қашағанды іске қосып, сол кезде оны «Ғасыр жобасы» деп дәріптегендер де табылды.

Бүгінде бұл жобаға қатысты айтылатын ойлар өзгерген. Қашағанды қазір «супертабысты», «супергигантты» өндіріс орны дегендердің қатары азайып, керісінше, «суперқымбат» кен орны дейтіндер де бар. Мәселен, 2020 жылы CNN Money құрған тізімде Қашаған әлемдегі ең қымбат «энергетикалық жоба» деп танылды. Америкалық БАҚ өндіріс орнының құнын 116 млрд долларға тең деп бағалапты.

Механика және мұнай газ саласын зерттеп жүрген маман Қорлан Әбсалықованың айтуынша, Қашаған енді жұмыс істесе де өзіне салынған қаржыны ақтамауы да мүмкін. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне қарап, осындай болжамдар айтуға болады.

«Алдағы екі жылдағы мұнай бағасына қатысты болжамдарға қарасақ, «Қашаған кен орнына салынып жатқан шетелдік инвесторлардың және Қазақстанның қаражаты ақтала ма» деген заңды сұрақ туындайды. Негізінде, Қашаған ең күрделі кен орны. Кен орнында өте үлкен шикізат жатқандығы анықталды. Бірақ оған қол жеткізу үшін де күрделі өндіріс жұмыстары жүргізілуі қажет. Қыста бұл аймақтағы температура -40 градус болса, жазда +40 градусқа дейін ысиды. Аймақтағы суық ауа райына байланысты жылына тек 6 ай ғана жұмыс істеу мүмкін болады. Климаттық жағдай да жобадан «супергигантты» табыс табу жолын бөгейді. Әрі бұл жобаны Каспий теңізінде орындау үшін аса жоғары экологиялық қауіпсіздік шараларын қарастыру қажет. Оған да қомақты қаражат кетіп жатыр. Әрине, Қашаған жобасында қазақстандық «Қазмұнайгаз», италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total, қытайлық China National Petroleum Corporations, жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea компанияларының үлестері бар. Бұл жобаға үлкен қаражат салынды. Қашағанды 2042 жылға дейін толық игеру жоспарланған. Бірақ бұған қатысты кедергілер бар. Мысалы, қысқы уақытта Каспийдің мұз құрсауында қалуы логистикалық операциялардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Бұған қоса қазір Қазақстанның Қашағанды игеріп жатқандарға деген талап-арызы да көбейіп жатыр. Қазір Қазақстандағы Қашаған операторларына қатысты тендер тәртібін орындамағаны үшін, сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін талап-арыз 160 млрд доллардан асып түсті. Біздегі заңның солқылдақтығы мен жемқорлықтың үдеп тұрғаны да бұл жобаның пайдасын кемітеді. Сондықтан өз басым, бұл жобаны «супергигантты жоба» дей алмаймын. Керісінше, Қашаған «суперқымбат» жобаға айналды дер едім», – дейді сарапшы.

Атқарушы билік Қашағанға талап қоя алмайды

Маманның ойынша, энергетика министрлігі Қашағандағы әр жобаны, әрбір күрделі жөндеу жұмыстарын бақылай алмай отыр. Келешекте министрлік осы олқылықты қолға алу керек.

«Қашағанды игеру жоспары 3 кезеңге бөлінеді. I кезең мұнай өндірісін тәулігіне 450 мың баррельге дейін арттыруды ұсынады. Қазіргі уақытта Қашағанда тәулігіне 400 мың баррельдей мұнай өндіріледі. II кезең – үш мұнайды тәулігіне 900 мың баррельге дейін көбейтуге мүмкіндік береді. III кезең өндірісті тәулігіне 1 миллион баррельге дейін арттыруды көздейді. Міне, бізге осы – ІІ, ІІІ кезеңдерге өту өте маңызды. Сол кезде пайда еселенеді. Өкінішке қарай, бұл кезеңдерге өтпей жатып мемлекеттік сатып алулар бойынша жемқорлық фактілері анықталды, экологиялық заңдылықтар бұзылды. Ал енді 2027 жылға қарай ІІ А кезеңнің объектілерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде жаңа 4 ұңғыманы пайдалану және көп фазалы құбырларды іске қосу жоспарланып отыр. ІІ В кезеңін жүзеге асыру 2030 жылға жоспарланған. Бұл жоба бойынша әлі де көп жұмыстар атқарылуы керектігін ескерсек, біздің Қазақстан билігі өте талапшыл болуы керек. Бірақ қазіргі атқарушы биліктен қатаң талап қоятын қабілетті көре алмаймын», – дейді Қ.Әбсалықова.

Ал әлемдік экономиканы бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханованың пайымдауынша, ең әуелі Қашаған мен Қазақстан билігі арасындағы дауға нүкте қойылуы тиіс. Мәселен, Қашаған акционерлері 2020 жылы Қазақстанға қарсы арыз жаза бастады. Олар «қаржы министрлігі өздерін тексермеуі керектігін, салыққа қатысты тексерулер болмауын талап етті. Сөйтіп, жоба мердігерлері мемлекеттің салық кодексіне сай тексеру құқығына қарсы шықты. Бұдан соң 2022 жылы акционерлер мемлекетке қарсы тағы да арыз берген фактілер кездесті. Онда бағдарламаларды талдай келе, 2022 жылға арналған бюджетке қатысты талас болды. Ал былтырдан бері Қазақстан да сотқа жүгініп, Қашағанның акционерлеріне қарсы арыз беруге көшті. Осылайша, қазір Қашаған даулы жобаға айналып тұр. Сарапшылар мұндай «даукестікпен» кен орнында игерілетін мұнай көлемін тәулігіне 1 млн баррельге жеткізудің ауылы алыс екенін айтады.

Олар еркелейді, біз көтереміз

Акционерлер мен мемлекет бір мәмілеге келіп, жобаны ынтымақтастықта, тыныштықта игеруді ойластыруы қажет. Маманның айтуынша, бізде осы уақытқа дейін Қашағанды игерушілердің кінәсі бола тұра, ол шығынды мемлекет төлей салған жайттар кездесті. Мысалы, 2013 жылы кен орнын іске қосамыз дегенде, құбырдан газ шықты. Бұл арада мемлекеттің еш кінәсі жоқ еді. Сол кезде Қашаған акционерлері бұған қосымша 3 млрд доллар жұмсағандарын айтып, құбырларды жөндеп, өндірісті үш жылға кейінге шегерді. 2016 жылдан бастап қана кен орны игеріле бастады. Ең қызығы, сол кезде кінә олардан болса да, біздің мемлекеттен компания шығындарын өтеп беруді талап етті. Сөйтсек, оның бір себебі – біз әу баста Қашағанды игерушілермен келісімге келгенде солқылдақтық танытыппыз.

«Қашағанды игерушілермен келісімге келгенде «Өнімді бөлу келісімі» жасалған. Бұл келісім экс-президент Назарбаевтың тұсында жасалды. Негізінде, дамыған елдерде «Өнімді бөлу келісімі» жасалмайды. Бұл келісімде 80/20 пайыздық формуласы қолданылады. Келісімге сәйкес, мұнайдан түскен ақшаның 80 пайызын бірден инвестор өтемақы ретінде алады. Бұл келісім қай кезде де инвесторлардың мүддесін қорғайды. Осы келісімге сүйеніп, кен орнын игеруші акционерлер бюджетті өздері бекітіп, күтпеген мәселелер үшін мемлекеттен ақша алады. Қазақстан олардың кез келген еркелігін көтеріп келді. Шығындарды жабуды өз мойнына ала берсе, үкімет Қашағаннан 2042 жылы лицензия мерзімі аяқталғанша мүлде табыс көрмейді. Былтырдан бері Қазақстан тарапы Қашаған мен Қарашығанақ игеруші компанияларды халықаралық сотқа берді. Әрине, заңбұзушылықтар болса, Қазақстанның өз мүддесін қорғағаны өте орынды. Ал халықаралық инвесторлар қоршаған ортаға, салыққа байланысты, мемлекеттік сатып алуларға қатысты біздің заңдар мен ережелерді сақтауы тиіс. Еркеліктің де шегі болады», – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.

Маманның ойынша, өнімді бөлісу келісіміне сәйкес, Қазақстан үкіметіне пайда тек инвесторлардың жобаға салған қаражаттары қайтқанда ғана түсе бастайды. Ол үшін инвесторлар қазіргі өндіру қуатына қосымша 2,5 есе мұнай алуы керек. Бұл дегеніміз – 3 млрд баррель. Оны ертерек алып қойса, келісім де ерте аяқтала­ды, бізге де пайда түсе бастайды. Алайда кен орнын игеруші компанияларға өндіріс қуатын арттырмаған тиімді. Осыны есепке алған олар өндіріс қуатын арттыруды 2042 жылға дейін созуды жөн көріп отыр.

Жалпы, соңғы рет Қашағанның 2022 жылы жазда ғана күрделі жөндеуден өткенін жоғарыда айттық. Ол кезде «Болашақ» кешенді қондырғысынан ақау шыққан. Одан бұрын да мұндай жайттар орын алған. Бұлай қашанғы жалғасатыны белгісіз. Белгілісі – кезінде «Ғасыр жобасы» деп шенеуніктер мақтаған Қашағанның әлі де экономикамыздың драйверіне айнала алмай жатқаны...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: