Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 26 Мамыр 2021

Жошы мен Керей хандарды Хантауынан бөліп-жаруға болмайды

None
None

  «Жас Алаштың» сайтынан Айтбала Сүлейменқызының Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба? атты мақаласын оқығаннан кейін қарап жатпай, қолыма қалам алуға тура келді.

Әлемде туризм саласын жан-жақты дамытып, негізгі күнкөрісті табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер аз емес. Басқаны былай қойғанда, соңғы жылдары «жоқтан бар жасап отырған» көршілес Қырғыз елінің Ыстықкөл жағалауы жасарып, түлеп келе жатқандай көрінеді. Ал Бішкектен Тоқмақ қаласы бағыты күре жолындағы он шақты шақырым қашықтықта бой көтерген  «Гавай аралдары» кереметтей демалыс орындарына айналып, өзіміздің Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан қыдырып келген жастар көптеп кездеседі. Осы жайттарға байланысты көптен бері толғандырып келе жатқан ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Әулиеата аймағын ауызға алмас бұрын, өзіміздің киелі Шу  өңірі табиғатының көркем, даласы дархан да шуақты шапағатымен ел-жұртына бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен екені ел-жұртқа белгілі. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала  үстіртті даласы алып жатыр.

Жыл санауымыздың бас кезінде сақтардың орнын Қаңлы мен Үйсін тайпалық одақтарының басқаны белгілі. Ал V ғасырдың орта тұсында Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Орта ғасырда өмір сүрген арабтардың ұлы ғалымының бірі әл-Максиди өзінің бір еңбегінде Шу өзенінің қапталына орналасқан  Баласағұн қаласы жайлы көп мағлұмат береді. Бүгінде ЮНЕСКО шеңберінде Баласағұн  орны, яғни Ақтөбе қалашығы жүйелі түрде зерттеліп, аспанасты мұражайының құрылыстары жүргізілуде. Әсіресе Шу өңірінің есімі әлемге әйгілі Зұлқарнайынның өзін айлакерлігімен бітімге келуге мәжбүр еткен атақты Шу батыр есімімен тығыз байланысты. Сондықтан бұрынғы Ходжент өзені қаған Шу есімімен аталады.        Жайсан даласындағы археологиялық ескерткіштер ғылымға жаңадан еніп және зерттеліп жатқандықтан, алдағы уақытта түркі тайпаларының көне тарихын оқып білуде маңызды орынға ие болады. 2001 жылы басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде  Жайсан ғибадатханасында 37 культтік-мемориалды кешен мен петроглифтер шоғыры анықталып, зерттелді. Көп жылғы археологиялық қазбалар барысында табылған құнды деректерді зерделеп талдағанда Жайсан даласындағы көне түркі ғұрыптық ескерткіштері қазақ және түркі тілдес халықтарының ортақ мұрасы болып табылады. Бұл ескерткіштердің хронологиялық шеңбері зерттеуші ғалым Айман Досымбаеваның болжамы бойынша VI-VIII ғасырларды қамтиды.

Уақыт өте келе, Шу өңірінің еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекеттігіміздің іргетасының  қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Осы туралы тарқатып айтайын. 1428 жылы Барақ хан өлген соң, Дешті Қыпшақтағы  саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді. Яғни 1457 жылы жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға қарай көшеді. Тарихи аңыз бойынша көшуге Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды (Б.Қойшыбаевтың дерегіне жүгінсек, бұл ұлы оқиға 1456 жылы жүзеге асқан).

Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Мойынқұм ауданының Хантауы екені шындық. Өйткені сол аймақта «Хан тақтары», «Хан қорасы», «Ханның жолы» сияқты жерлердің барлығымен қоса, таудың Хантауы аталуының өзі растап тұрған жоқ па?! «Жамбыл облысы топономикалық атауларының  анықтамалығы» кітабының 230-бетінде: «Хантау, мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы, шынында да, қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар: ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды». 

Расында да, Бішкек–Астана күре жолымен Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде Бәйдібек ауылынан өткеннен кейін ашық күндері оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік-шығыстағы Хантауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқысының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ Айдарлы ауылына дейінгі аралықта анық байқалады .                                                                                          2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында  Шу ауданынан бірқатар тарихшы ұстаздармен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкімдігінің қолдауымен автокеруен ұйымдастырғанбыз. Сапар барысында Хантау стансасынан  20-25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үлкен Хантағы», «Кіші Хантағы», «Бала Тағылармен» танысып, даңқты шопан (көп ұзамай қайтыс болды), Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал мен жол көрсетуші Ғалым Құрманғалиұлының айтуы бойынша Хан Тағылардың ұшар басында Хандар жан-жақтарын шолып, ақылгөй кеңесшілерімен ақылдасып, мінбер ретінде пайдаланып, көпшілікпен жиын өткізіп тұратын болуы керектігін білдік. Шу ауданының Далақайнар ауылынан 10 шақырымдай жерде 4-5 қарауыл төбелер орын тепкен және солтүстік бағыттағы 50 шақырымдай жерде Хантауының түстігіндегі Сұңқар маңында бес төбешік анық көрінеді. Жау әскерлері көріне бастағаннан-ақ алғашқы қарауыл төбелерден от жағып белгі берілгеннен, Сұңқардағы төбелерден жағылған оттармен  30 шақырымдай қашықтықтағы Хан тағындағылар қарулы жасақтарын дайындай бастағаны анық. Көнекөз қарттардың айтуынша, әрі  көпжылғы зерттеуге сүйеніп, ең биік шоқының бірі Шыңғыс ханның заманында Шу өңірін Арқамен қоса, Жошы хан ұлысының қарамағында болғандықтан, «Үлкен Хан тағын» Жошының пайдалануы мүмкін екенімен, тарихи деректерге қарағанда, іргелес орналасқан «Кіші Хан тағына» Керей ханның отырғанын ұстаздар қауымына хабардар еткенмін. Ал он шақты шақырым жердегі ішкері үш жағынан текпішекпен көтерілетіндей қашап жасалған «Хан қорасын» жаз жайлауында ел-жұртының басын қосып, қарасын көбейту үшін аса қолайлы орын болғандықтан, Жошы мен оның ұрпағы Керей ханның пайдаланғаны айтпаса да түсінікті.

  2007 жылы Тараз қаласында жарық көрген «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабының 451-бетінде «Ақсақ құлан күйінің шығу тарихын» қарасақ, «Мойынқұм өңіріндегі Хантауын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан мекендегенін тарих растайды. Бұл өңір ол кездері құландардың мекені болған деседі. Бірде Жошы ханның еріккен баласы қасында адамдары бар, аңға шығады. Аңшылар сай-саймен бөлініп кеткенде хан баласы бір топ құланның үстінен түседі. Топ ішіндегі құланның жасамысы баланың жасаған айбарына қарамай, (құландардың күйлеп жүрген кезі болса керек, қызғаныш туғызыпты) ат үстінен баланы шайнап, жұлып алып таптап, тепкілеп өлтіреді. Хан қаһарына мініп, «құлан біткенді қырамын» деп, ор қазып, құландарды қамаған жер «Хан қорасы», құланды қырған ор «Ханның оры» атанады. Олардың сілемдері әлі жатыр. Аңыз әңгімелерде осы оқиғаға байланысты  «Ақсақ құлан» күйін ХIII ғасырда өткен атақты күйші Ершедегей деген адам шығарған екен. Қырылған құландардың сүйегі тау-тау болып үйілген жерді кейін «Ақсүйек» деп атайды» деп анық жазылған.  Сүйікті баласының қазасынан кейін Жошы хан  көп тұрақтамай, терістікке бет алып, кейінірек Арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене тұрғызылғаны бесенеден белгілі (1995-96 жылдары құдандалы іссапармен барғанымда Жошы ханның кесенесін көріп қайтқанмын.) Он шақты айтулы ғалымның редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих ата Қазақ хандығы» кітабының 20-бетінде: «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келді  десе, оны растағандай марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал: «Бала күнімнен ата-анам мал баққандықтан, Хантауының баурайында ержеткенмін. Сондықтан да киелі таудың әр тасы, әр шатқалы мен түкпірі маған етене таныс. Жасөспірім шағымнан үлкендердің айтқандарына мән беріп саралап жүретінмін. Өзің (М.У.) сұрап жүрген Керей хан Теректі өзені мен Шаянтастың аралығындағы қазіргі теміржол маңына жерленген деп естігенмін. Егер яки ғалымдар тексергіш құралдарымен келсе тауып беруге көмектесер едім. Сондай-ақ қайбір жылдары баспасөз беттерінен жапон ғалымдары моңғол жұртының шартарабын зерттеп, Шыңғыс ханның жерленген жерін таба алмағанын оқығанмын. Содан бастап баяғы балалық шағымда Балқаш көлінен арбамен тұз таситын керуеннің басшы кәриясының  Хантауында қона жатқандағы айтқандары еміс-еміс есіме түсе бастады. Ол кісінің айтып көрсеткені: «Шыңғыс қағанның Қостұма өзенінің бойында жерленгені анық. Біраз уақыт бұрын мойынқұмдық белгілі азаматқа (атын атамауды жөн санамадым – М.У.) айтқанымда, ол жігіт сақалды ғалым-археологты құр қол зерттейтін құрал-саймансыз алып келіп, анықтай алмай кеткен болатын. Сексеннің сеңгіріне жақындадым, енді қанша ғұмыр кешерім белгісіз, арманым – Керей мен Шыңғыс хандардың жатқан жерлерін анықтатып, ертеңгі ұрпақтарыма сый жасап кетуге Жаратқан ие нәсіп етсе...» деген арманын айтқан еді. (2015 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Хантауы –  Қазақ хандығының бесігі» атты кітабымның 54-бетіндегі «Хантауында қай хандар қайтыс болған?» – мақаламнан) 1480 жылдары Жәнібек хан қайтыс болған соң, Керейұлы Бұрындық ханның өз әкесінің тағына жақындап, «Бала тағына» келіп таққа отыру рәсімін атап өтуі әбден мүмкін.                           

 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында облыс әкімі К.Көкірекбаевқа хат жазып, игі шараны киелі Шу өңірінде бастап, Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын қозғағанмын. Сондай-ақ «Хан тақтары» мен «Хан қорасы» жолдарын қалыпқа келтіру жайын айтқанмын. Өкініштісі, Кәрім Нәсбекұлы 400 шақырымдай қашықтықтағы Тараз қаласын таңдап, нағыз өзекті де деректі жайттарды елең санамады. Сөйтіп, ұлттық мемлекеттігіміздің қарашаңырағы атанған Хантауындағы қасиетті мекендер Қазақстанда белгіленген 100 киелі орындар тізімінен де сыртқары қалып қойды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де қолға алуға болатындай мүмкіндік бар екенін айтқым келеді. Өйткені өткен жылдан бері Мерке–Бурылбайтал халықаралық автожолының құрылысы басталып, осы жылдың соңында немесе келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

   Осы күре жол  «Хан тақтарынан» небәрі 5-6 шақырым, ал «Хан қорасынан» он шақты шақырымдай  қашықтықтан өтетінін ескерсек, табиғатымыздың өзі тарту ете бізге сыйлаған баға жетпес құнды дүниелерді қазақстандықтар тұрмақ, шет жұрттық қонақтардың тамашалауына да мүмкіндік туғызған болар едік. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа жыл қарсаңында өзінің халыққа арнаған жолдауында отандық туризмді жан-жақты дамыту жағын баса айтты емес пе?! Әрине, халқымыздың мәртебесін көтеретін осындай игі шараны облысымыздың әкімі Б.Сапарбаев та қолдап, Теректі өзенінің бойында қазақтың алғашқы ханы Керейге кесене орнатып, осы қасиетті мекендерге жол жасаттырып, еліміздегі киелі орындардың қатарына енгізуге атсалысатын  шығар деген үміттемін.

         

  

Тегтер: